Көрме
Облыс орталығы Көкшетау қаласында «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында ауқымды көрме өтіп, оған аудандар мен қалалардан 50-ден астам өндіруші қатысты.
Бір алаңда табысқан отбасылық кәсіп иелері, қолөнершілер осылайша көпшілікке өз еңбегінің нәтижесін паш етіп, әріптестерінің жетістіктері, іс-тәжірибелерімен танысты.
Көрмеге алғаш рет қатысқан кәсіпкерлердің бірі – көкшетаулық Райхангүл Байбосынова. Ол жұбайымен бірге екінші жыл жылқы, қой, сиыр және тауық етінен ысталған ет өнімдерін саудаға шығарумен айналысады. Отбасылық кәсіптің негізін мал өсіретін жеке шағын шаруа қожалығы құрайды. Бұл кәсіпкерлерге малды өсіруден бастап ет өнімдерін өндіруге дейінгі барлық шаруаны өздері жүргізіп, өздері бақылауға мүмкіндік береді. Бұл өнімдерді демалыс күндері жергілікті базарлардың бірінен сатып алуға, сондай-ақ, онлайн тапсырыс беруге болады.
Көрмеде өз өнімдерін алғаш ұсынғандардың қатарында Bryuliki.anasteushin брендінің негізін қалаушы Анастасия Гайдаренко да бар. Ол табиғи тастардан қолөнер бұйымдарын жасайды. Өз шығармашылығында көмір, пластик, шыны және басқа да заттарды пайдаланып, күнделікті тұрмыста қолданылатын небір әшекейлі бұйымдар жасап келеді.
Көрмеге бұл жолы нан-тоқаш өнімдерін өндірумен айналысатын ақкөлдік Ирина Андрющенко да қатысты. Бұл істе 20 жылдан астам тәжірибесі бар оның кондитерлік өнімдері де көрме барысында жоғары бағаланды. Соңғы жылдары кәсіпкер табиғи ингредиенттерден арнайы ашытқы қосып, дәстүрлі тәсілмен пісірілетін крафт нанына ерекше көңіл бөліп келеді. Мұндай тәсіл нан пісірудің дәстүрлі технологияларын сақтай отырып, тұтынушыларға табиғилығы мен сапасына басымдық берілген заманауи өнімді ұсынуға мүмкіндік береді.
Осы жолы көрмені тамашалаған тұтынушылар түрлі бағыттағы азық-түлік өнімдерімен танысып, олардың дәмін татуға мүмкіндік алды. Көрмеде нан-тоқаш, ет және сүт өнімдері, жартылай фабрикаттармен бірге, зергерлік және тоқыма бұйымдар, ұлттық киімдер, музыкалық аспаптар, интерьерлік ойыншықтар, жиһаз, кір және ыдыс жуғыш құралдар, тағы басқа да көптеген тауар түрлері ұсынылды.
–Көптеген кәсіпкерлер үшін «Бір ауыл – бір өнім» жобасы келушілерге өз өнімдерін таныстырып қана қоймай, жеке кәсіпкерлігін дамытуға, жаңа мүмкіндіктерді қарастырып, өнімдерін нарықта ілгерілетуге жол ашатын жоба. Бұл – өз ісін жаңадан бастаған және бұрыннан жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер үшін де екі жақты пайдалы шара. «Бір ауыл – бір өнім» жобасы микро және шағын бизнестің дамуына серпін беріп, кәсіпкерлерге өздері өндіретін жергілікті өнімдерді экспортқа шығаруға болатын танымал брендтерге айналдыруға көмектесуде. Көрме жеңімпаздары маркетингтік қолдауға және 5 миллион теңгеге дейін мемлекеттік грант алу мүмкіндігіне ие болады, – дейді бұл орайда, Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Мұсылманбек.
Көрме қорытындысы бойынша жұмыс тобы 20 жартылай финалисті анықтады. Келесі кезеңде олар өз жобаларын өңірлік бренд-комитет сарапшыларының алдында таныстырады. Тиісті мамандар ұсынылған өнімнің сапасын, бәсекеге қабілеттілігін және даму әлеуетін бағалай келе, 10 финалистің түпкілікті тізімі бекітіледі.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

