Еңбекқор әулет
Жуырда Ақкөл қаласындағы «Львовтар омартасы» жеке кәсіпкерлігі «Қазақстанның үздік тауары – 2026» өңірлік байқауының жеңімпаздарының бірі болып танылды. Бұл отбасының мүшелері дәстүрлі омарташылықты, ара ұстап, одан аса бағалы табиғи өнім – бал алуды бүгінгі нарықтық қатынастармен табысты ұштастырып келеді.
Омарта негізін қалаушы Владимир Львов осы омарташылық саласына ұзақ жылдар бойы тер төкті. Бүгінде оның қажырлы еңбегімен құрылған омарта шаруашылығы өз өнімімен Ақмола облысынан тыс жерлерде де кеңінен танылып, талғамы мол ондаған тұтынушылардың сеніміне ие болды.
Омарта ұстаудағы басты ерекшелік, бал жинаған аралармен бірге анда-мұнда көшіп-қонып жүру. Жаз бойы ара ұялары өлкеміздің экологиялық таза өңірлерінде түрлі өсімдіктерден шырын жинайды. Соның нәтижесінде өзіндік дәмі, хош иісі және пайдалы қасиеттерімен ерекшеленетін табиғи балдың сан алуан түрі алынады.
– Бүгінде біз «Львовтар омартасы» брендімен табиғи бал ғана емес, дала жидегі қосылған крем-бал, прополис, перга, ара тозаңы, балауыздан жасалған өнімдер, тұнбалар, жақпамайлар және ара шаруашылығының өзге де өнімдерін өндіреміз. Оның барысында шикізаттың табиғи қасиеттерін сақтауға және өнім сапасына ерекше көңіл бөлінеді, – дейді Владимир Львовтың өзі.
Бүгінде «Львовтар омартасы» тек бал өндіретін орын ғана емес, мұнда апитерапия мен агротуризм бағыттары да жедел дамып келеді. Яғни, келушілер осында ұйымдастырылатын экскурсияларға қатысып, омарташының өзіндік ерекшелікке толы жұмысымен танысып, аралар әлемі туралы мол мағлұмат алады және жоғарыда аталған өнімдердің дәмін татып, туристер арасында кең сұранысқа ие ара ұяларының үстіне орнатылған арнайы апиүйлерде тыныға алады.
Мұнда экологиялық ағартушылық білімге де ерекше мән беріледі. Омартаға балаларымен келген отбасылар, туристік топтар мен білім беру жобаларының қатысушылары бал аралары туралы естіп-білгеннен кейін қалай осы омарташылықтың, табиғатқа ұқыпты қараудың насихатшылары болып кеткендерін өздері де байқамай қалады.
Ал, енді омартадағы өнім сапасына келсек, ол халықаралық деңгейде де мойындалған. 2022 жылы Владимир Львов Италияда өткен Terra Madre халықаралық көрмесінде Қазақстанның атынан өз омарташылық өнімдерін таныстыру мүмкіндігіне ие болды. Кейін оның кәсіпкерлік жолы еліміздің 45 таңдаулы кәсіпкерінің өмір жолы туралы деректерді біріктірген «TOLYQ ADAMNYŃ» кітабына енді.
Енді міне, «Қазақстанның үздік тауары – 2026» байқауындағы кезекті жеңісі «Львовтар омартасы» жеке кәсіпкерлігінің отандық өнім өндірудегі өз жолы, өз табандылығын тағы бір мәрте дәлелдеп отыр. Ара омартасын ұстау және одан өзің қалағандай жоғары сапалы бал алу әрі ара ұяларының мол өнім беруі үшін бал жинайтын алқаптарды дұрыс таңдау оңай іс емес екендігін ескерсек, Владимир Львовтың бұл табысы шынымен сүйсінерлік. Сондықтан, өзін жақсы жағынан танытып отырған отбасылық кәсіп алда да ойдағыдай дамып, толымды нәтижесімен қуантуына тілектеспіз.
Қ.КӘКЕНОВ.
Ақкөл ауданы.
![]()

