Ақмола облысында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасын іске асыру одан әрі жалғасуда. Осы бағдарлама аясында Көкшетауда «Заң және тәртіп» тұжырымдамасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Бизнестің 100 игі ісі» акциясы өтті.
Сөйтіп, кезекті іс-шара аясында қаладағы екі мектептің аумағына ағаш отырғызылды. Атап айтқанда, «Авикс Груп» ЖШС Ақмола облысының Кәсіпкерлер палатасымен және Көкшетау қаласының прокуратурасымен бірлесіп, техникалық мектеп-лицейі мен №20 мектеп-гимназиясының аумағына 55 ағаш отырғызды.
Бұл көгалдандыру жұмыстары кәсіпкерлік қауымдастықтың қаланы абаттандыруға қосып отырған үлесінің тағы бір жарқын көрінісі болды. Осындай жобаларды қолдау бизнеске әлеуметтік мәселелерді шешуге ғана емес, тұрғындар үшін қолайлы қалалық орта қалыптастыруға да өз үлесін қосуға мүмкіндік береді.
Ағаш отырғызу «Таза Қазақстан» бағдарламасының елді мекендердің тазалығын сақтау және абаттандыруға бағытталған міндеттерімен тікелей үндесе түсуде. Ал, «Бизнестің 100 игі ісі» акциясы кәсіпкерлердің өздерінің нақты істері арқылы қоршаған ортаны абаттандыра отырып, қоғамдық маңызы бар бастамаларға қалай атсалыса алатынын көрсететіні айқын.
Ал, «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы белгіленген нормаларды сақтауды ғана емес, қоғам мен қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды да көздейді.
– Біз бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі нақты әлеуметтік мәселелерді қолдаумен ғана шектелмейді, ол тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруға қатысуды да қамтиды деп есептейміз. Бүгін біз бизнес өкілдерімен және қала прокуратурасымен бірге нәтижесі өмір бойы көрінетін игі істі атқарып отырмыз. Отырғызылған ағаштар егер оларды түзу күтіп, өсіре алсақ, осы мектептерде білім алып жүрген балалармен бірге өседі. Бизнес пен мемлекеттік органдардың осындай бастамалар төңірегіндегі күш-жігерін біріктіру өте құптарлық іс деп ойлаймын, – дейді бұл орайда, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрайымы Валентина Геращенко.
«Авикс Груп» ЖШС экологиялық және әлеуметтік маңызы бар бастамаларды тұрақты түрде қолдап, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясындағы іс-шараларға бұған дейін де белсене қатысып келеді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

