Президенттік жастар кадр резерві – ел болашағының жаңа буыны

Мемлекеттік қызмет

Қазіргі кезеңде мемлекеттің дамуы ең алдымен адами капиталдың сапасымен өлшенеді. Қай елдің жастары білімді, бастамашыл әрі жауапкершілігі жоғары болса, сол елдің келешегі де нық болмақ. Сондықтан да, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастар мәселесін мемлекеттік саясаттың басым бағыты ретінде айқындап келеді.

Президенттік жастар кадр резерві – осы биік сенімнің шынайы көрінісі. Бұл – жай ғана кезекті кадрлық жоба емес, ел тағдырына бейжай қарамайтын, жүрегі «Отан» деп соққан жас патриоттарға берілген тарихи мүмкіндік.

Қарқынды өзгерістер дәуірі мемлекеттік басқару жүйесіне жаңа буын өкілдерінің келуін талап етеді. Ескі тәсілдермен заманауи сын-қатерлерді еңсеру мүмкін емес. Цифрландыру, жаһандану, жасанды интеллект пен жаһандық экономикалық трансформация – мемлекеттік аппараттан соны көзқарас пен заманауи пайымды талап етеді. Президенттік жастар кадр резерві – дәл осы талаптарға сай келетін, ел болашағын айқындайтын жаңа форматтағы көшбасшыларды қалыптастырудың негізгі қозғаушы күші.

Жобаның негізгі мақсаты – мемлекеттік басқару жүйесіне білімді, жауапкершілігі жоғары әрі кәсіби білікті жастарды тарту. Бұл бастама жастарға мемлекеттік қызметке келудің ашық әрі әділ жолын ұсынды. Ең бастысы – өңірге, танысқа немесе қызметтік байланысқа емес, адамның білімі мен қабілетіне басымдық берілді.

Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу 2019, 2021, 2023 және 2025 жылдары өткізілді. Осы уақыт аралығында жобаға қатысуға 90 мыңнан астам қазақстандық қызығушылық танытты. Бұл – жастардың ел басқару ісіне араласуға деген ұмтылысының айқын дәлелі.

Іріктеу қорытындысы бойынша резервке 450 адам қабылданды. Бүгінде олардың 342-сі түрлі жауапты қызметтерге тағайындалып, экономиканың әр саласында ел дамуына үлес қосып келеді. Олардың қатарында министрліктерде, әкімдіктерде, ұлттық компанияларда, қоғамдық және жеке секторда еңбек етіп жүрген азаматтар бар. Кейбір резерв мүшелері саяси лауазымдарға тағайындалып, депутаттық мандат та иеленді.

Бұл көрсеткіштер Президенттік жастар кадр резервінің қағаз жүзіндегі тізім емес, нақты жұмыс істейтін тиімді «әлеуметтік саты» екенін дәлелдейді.

Әрине, бұл қатарға қосылу оңай емес. Сыннан сүрінбей өту үшін үміткерлердің жасы 35-тен аспауы, жоғары білімі мен кемінде 5 жылдық еңбек өтілі болуы, сондай-ақ, мемлекеттік тілді B1 деңгейінен төмен емес дәрежеде меңгеруі шарт. Және де міндетті түрде Қазақстан Республикасының азаматтары болулары тиіс.

Іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады. Үміткерлер тек білім бойынша ғана емес, олардың логикалық ойлау қабілеті, стреске төзімділігі, шешім қабылдау дағдысы, көшбасшылық қасиеті мен қоғам алдындағы жауапкершілігі де жан-жақты бағаланады.

Кейде жастар арасында мемлекеттік қызметті тек кабинеттік жұмыспен байланыстыратын жаңсақ түсінік бар. Шын мәнінде, бүгінгі мемлекеттік қызмет – бұл ең алдымен ел алдындағы зор жауапкершілік, халықтың аманаты мен күрделі сәттерде батыл шешім қабылдау қабілеті. Сондықтан, Президенттік жастар кадр резерві тек кәсіби білікті мамандарды емес, ең бастысы, елдік мүддені жеке мүддеден биік қоя білетін нағыз отаншыл азаматтарды іріктеуге бағытталған.

2024 жылғы іріктеу аталған жобаға деген сұраныс пен қызығушылықтың жыл сайын артып келе жатқанын тағы бір мәрте айқындады. Бағын сынауға 31 мыңнан астам үміткер өтінім беріп, олардың 7 436-сы іріктеу кезеңіне жолдама алды. Алты кезеңнен тұратын күрделі сынақтардың қорытындысы бойынша ең үздік 50 жас маман резервке қабылданды.

Бір қуантарлығы, үздіктердің қатарынан Ақмола облысының өкілі Ержан Мағжан Қайратұлы көрінді. Бұл – өңір жастарының бәсекеге қабілетті екенін айқын дәлелдейтін маңызды нәтиже.

Бір орынға 148 үміткерден келуі – бұл жобаның қаншалықты беделді әрі маңызды екенін айқын аңғартады. Өйткені, бүгінгі жастар мемлекеттік қызметке жай жұмыс орны емес, қоғамды оң бағытта өзгертетін негізгі алаң ретінде қарай бастады.

Жобаның тағы бір артықшылығы – оның нақты салалар бойынша мамандандырылуы. Биылғы іріктеу инфрақұрылым, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, сыртқы саясат, инвестиция, экономика, цифрландыру және әлеуметтік сала сияқты ел дамуының ең түйінді бағыттары бойынша жүргізілді. Осындай нақты тәсіл мемлекетке әр салаға қажетті білікті мамандарды мақсатты түрде даярлауға жол ашады.

Бүгінде Президенттік жастар кадр резервінің мүшелері Ақмола облысында да табысты еңбек етуде. Әр жылдары резерв мүшелері Шортанды және Бурабай аудандары әкімдерінің орынбасарлары, облыстық басқармалар басшыларының орынбасарлары секілді жауапты қызметтерге тағайындалды. Бұл жобаның өңірлік басқару жүйесіне де жаңа серпін бергенін көрсетеді.

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған тағы бір маңызды жоба – өңірлік кадр резерві. 2025 жылы Ақмола облысында алғаш рет осындай іріктеу өткізілді.

Бұл бастаманың ерекшелігі – өңірдің өз ішінде жаңа буын басқарушыларын қалыптастыруға бағытталуында. Себебі, әр өңірдің өз ерекшелігі, өзекті мәселелері мен даму басымдықтары бар. Сол себепті жергілікті жердің тынысын жақсы білетін, өңір тағдырына бейжай қарамайтын жастарды басқару жүйесіне тарту аса маңызды.

Өңірлік резервке іріктеу индустрия, экономика, әлеуметтік сала, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, агроөнеркәсіп және цифрландыру бағыттары бойынша жүргізілді. Конкурсқа жүздеген жас қатысып, олардың арасынан ең үздіктері таңдалды.

Бүгінде өңірлік резервке алынған жастардың бірқатары жергілікті атқарушы органдарда қызмет атқаруда. Бұл – жастарға деген сенімнің нақты нәтижесі.

Жалпы, Президенттік жастар кадр резерві де, өңірлік кадр резерві де – еліміздің болашағына салынған инвестиция. Себебі, мемлекеттің ертеңі – бүгінгі жас буынның қолында.

Қазақта «Жас келсе – іске» деген жақсы сөз бар. Бүгінгі жастар – тәуелсіз Қазақстанның жаңа дәуірдегі келбетін қалыптастыратын буын. Сондықтан, мемлекет оларға мүмкіндік беріп қана қоймай, үлкен сенім артып отыр. Ал, сенім болған жерде жауапкершілік те болуы тиіс. Ендеше, ел болашағын ойлайтын, мемлекет мүддесіне адал қызмет ететін жастардың қатары арта беретініне сенім мол.

Нұрқат БАТЫРҚҰЛОВ,
Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Ақмола облысы бойынша
департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар