Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың құттықтауы

Құрметті ақмолалықтар!

Сіздерді Халықаралық қарттар күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл айтулы күн – өмірлік жолы, қажырлы еңбегі мен мол тәжірибесі еліміз бен туған өлкеміздің тарихында терең із қалдырған аға буын өкілдеріне шынайы құрмет пен шексіз алғыс білдірудің тағы бір жарқын мүмкіндігі. Сіздер аймағымызды өркендетіп, ұрпақ тәрбиелеп, олардың бойына терең білім мен өнегелі салт-дәстүрді, асыл адами құндылықтарды сіңіріп келесіздер.

Бүгінгі таңда да сіздердің өмірлік бай тәжірибелеріңіз бен парасатты көрегендіктеріңізге сұраныс жоғары. Өскелең ұрпақ үшін сіздер – жауапкершілік пен еңбекқорлықтың, қайсарлық пен туған жерге деген шексіз сүйіспеншіліктің айнымас үлгісісіздер. Ақмолалық ардақты ақсақалдар мен асыл әжелеріміз қоғамдық өмірге қашанда белсене атсалысып, халықты толғандырған өзекті мәселелерді ортаға салып, оларды шешудің салиқалы жолдарын ұсынып келеді.

Еңбек ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне білдіретін ілтипатымыз ерекше. Біз сіздердің облыс дамуына қосқан өлшеусіз үлестеріңізді жоғары бағалаймыз және аға буын өкілдерінің әрдайым қамқорлық пен шынайы назарды сезінуіне барлық жағдайды жасаймыз. Мәселен, өңірімізде ардагерлердің бас қосып, пікір алмасуына, спортпен шұғылданып, шығармашылықпен айналысуына және денсаулығын нығайтуына мүмкіндік беретін 10 белсенді ұзақ өмір сүру орталығы есігін айқара ашты. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Баршаңызға мықты денсаулық, көңіл сергектігін, отбасылық береке және ұзақ ғұмыр тілеймін. Шаңырақтарыңыздан құт-береке арылмай, жақындарыңыздың ортасында әрбір күндеріңіз қуаныш пен құрметке, болашаққа деген нық сенімге толы болсын!

***

Құрметті ардагерлер! Сіздерді Қарттар күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл күн саналы ғұмырын елдің дамуына, ұрпақ тәрбиесіне, отбасы мен қоғамның игілігіне арнаған аға буынға құрмет көрсетіп, шынайы алғысымызды білдіретін ерекше күн. Әрқайсыңыздың өмір жолыңыз кейінгі ұрпаққа өнеге боларлық тағылымды тарих. Сіздер талай жыл маңдай термен еңбек етіп, отбасыларыңызды өсіріп, балалар мен немерелеріңізге тәлім-тәрбие бердіңіздер. Өмірден көргендеріңіз бен көңілге түйгендеріңіз — баға жетпес қазына. Сіздер ұрпақтар сабақтастығын жалғап, жас буынға ақыл-кеңестеріңізді, өмірлік тәжірибелеріңіз бен адамгершілік құндылықтарды аманат етіп келесіздер.

Ақмола облысының өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосқан еңбек ардагерлері мен аға буын өкілдеріне айрықша ризашылығымызды білдіреміз. Бүгінде араларыңызда қоғамдық өмірге белсене араласып, жастарға бағыт-бағдар беріп, мол тәжірибелерімен бөлісіп жүрген жандар аз емес. Сіздердің белсенділіктеріңіз бен елге деген жанашырлықтарыңыз кейінгі ұрпаққа әрдайым үлгі.

Аға буынға құрмет көрсету, қамқорлық жасау – баршамызға ортақ парыз. Үлкенге құрмет көрсету, ақылын тыңдау, көңілін сұрап, жанынан табылу – халқымыздың ежелден келе жатқан асыл дәстүрі. Сондықтан, әрбір ардагердің өзіне деген құрмет пен қамқорлықты сезінуі, қоғам өмірінде өз орны бар екенін білуі аса маңызды.

Ақмола облыстық мәслихатының депутаттық корпусы атынан және өз атымнан сіздерге ел игілігі жолындағы ерен еңбектеріңіз, өмірлік тәжірибелеріңіз бен өнегелеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін.

Сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, бақ-береке және жан тыныштығын тілеймін! Балаларыңыз бен немерелеріңіздің қызығын көріп, әрдайым жақындарыңыздың ықыласы мен қамқорлығына бөленіңіздер. Әр шаңырақта береке мен бірлік, жүректеріңізде жылу мен қуаныш орнасын!

Қарттықтарыңыз қадірлі, ғұмырларыңыз ғибратты болсын!

 Б. ЖҮСІПОВ,
Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар