Үш жел электр станциясы салынып, бір астық қоймасы жаңартылады

Ақмола облысы: Халықаралық ынтымақтастық

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен биылғы (2026) жылдың 25 қыркүйегінде Алматыда өткен «Қазақстан-Қытай» инвестициялық форумында Ақмола облысы әкімдігі мен SUNGROW Renewable Development Co., Ltd компаниясы арасында Ақмола облысы аумағында жалпы қуаты 450 МВт жел электр станцияларын салу, жаңартылатын энергия көздері саласы бойынша инвестициялық жобаларды іске асыру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісім және қытайлық бизнес өкілдерімен екі келісімге қол қойылды. Бұл ынтымақтастық келісімдерге Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қол қойды. 

Қытайлық бизнес өкілдерімен келісілген жобаның бірі бойынша облыста үш жел электр станциясы салынса, екінші келісім Жақсы ауданындағы астық қоймасын жаңғырту жұмыстары бойынша жасалды.

Ақмола облысы елдегі ең ірі аграрлық өңірлердің бірі саналады, сонымен қатар, «жасыл» энергетика белсенді дамып келе жатқан алаңдардың бірі болып табылады. Облыста өндірілетін барлық электр энергиясының бестен бір бөлігіне жуығы қайта өңделмелі немесе жаңартылатын энергия көздеріне тиесілі.

Марат Ахметжанов келісімдердің біріне «SUNGROW Renewable Development Co., Ltd.» компаниясының директоры Сюй Минфэнмен қол қойды. Қытайлық компания өңірде қуаты 300, 100 және 50 МВт болатын үш жел электр станциясын салуды жоспарлап отыр. Нысандардың жалпы қуаты 450 МВт-ты, ал инвестиция көлемі 500 миллион долларға дейінгі соманы құрайды.

Қуаты 300 МВт болатын ең ірі станция Есіл ауданында орналасады. Жалпы қуаты 150 МВт болатын тағы екі станция Зеренді ауданында салынбақшы. Жоба бойынша құрылыс жұмыстары 2026–2028 жылдарды қамтиды. Станциялар іске қосылғаннан кейін мұнда 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтілуде.

– Бүгін қол қойылған келісім – Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастарды дамытудағы маңызды қадам. SUNGROW компаниясымен бұрыннан бері табысты ынтымақтастықта жұмыс істеп келеміз. 2023 жылы Аршалы ауданында жалпы қуаты 221 МВт болатын жаңартылатын энергетика саласындағы жобалар жүзеге асырылды. Инвестиция көлемі 100 миллиард теңгеден асты. Жаңа жоба жаңартылатын энергетика қуатын арттыруға, жеке инвестиция тартуға және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Әкімдік жобаларды барлық кезеңде сүйемелдейтін болады, – деді облыс әкімі.

Жел электр станцияларын салуға қажетті дайындық жұмыстары аяқталған. Жер учаскелері рәсімделіп, жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтті. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2026 жылғы қазан айында басталады деп жоспарланып отыр.

Инвестициялық форум аясында Марат Ахметжанов қытайлық «East Hope Group» компаниясының өкілдерімен астық өңдеуге байланысты мәселені талқылады. Жақсы ауданының Қазақ ауылындағы астық қоймасын қайта жаңарту жұмыстарын аяқтау мәселесі қаралды. Инвестор жұмыс істеп тұрған элеваторды сатып алып, қазіргі таңда оны жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жоба толық іске асқаннан кейін кәсіпорын бидайды қабылдап, сақтап және өңдеумен қатар, жылына 100 мың тоннаға дейін жемдік ұн өндіре алады.

Жобаға 6 миллион доллар инвестиция салынады. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының 80 пайызы аяқталған. Кәсіпорын толық жұмысқа кіріскеннен кейін мұнда 30 тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде.  Жаңғыртылған астық қоймасын биыл қазан айында іске қосу жоспарланып отыр.

Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар