Қуанышты күн
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша облысымызда қайта жаңартылып, іске қосылған 16 темір жол вокзалының соңғысы – Көкшетау вокзалының техникалық ашылуына қатысып, сөз сөйлеп, жиналғандар мен аға буын өкілдерін осы айтулы оқиғамен және Халықаралық қарттар күнімен құттықтады.
Көлік инфрақұрылымындағы маңызды нысандардың бірі саналатын Көкшетау теміржол вокзалының техникалық ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасының орынбасары Марат Төрегелдин және Көкшетау қаласының құрметті азаматтары мен тұрғындары, теміржолшылар мен теміржол саласының ардагерлері қатысты.
– Теміржол вокзалының техникалық ашылуының бүгінгі 1 қазан – Халықаралық қарттар күнімен тұспа-тұс келуінде терең де ерекше мән бар. Өйткені, аға буынның жүріп өткен өнегелі өмір жолы – кейінгі ұрпақ үшін қашан да өлшеусіз үлгі-өнеге. Олай болса, бүгінгі айтулы күн – ұрпақтар сабақтастығы мен уақыт жалғастығын айқындайтын ерекше сәт болып табылады. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Біз кейінгі ұрпаққа жоғары сапалы автокөлік және теміржолдарды қалдыруымыз керек. Сондай-ақ, тиімді жұмыс істейтін әуе хабтарын, теміржол бекеттері мен теңіз порттарын салуымыз қажет» деп көлік-логистикасы секторының стратегиялық маңыздылығын ерекше атап өтті, –дей келе, облыс әкімі Марат Ахметжанов өңірде Президент тапсырмасы аясында жаңғыртылған 16 теміржол вокзалының ақмолалықтар үшін маңызына тоқталды. Сонымен қатар, осы ауқымды міндетті жүзеге асыруға атсалысқан салалық министрліктен бастап, барша азаматтарға, еңбек адамдарына алғысын білдірді.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде 124 вокзал қайта жаңартылды. Мұның басты мақсаты – жолаушыларға жайлы әрі ыңғайлы, қауіпсіз орта қалыптастыру. Көкшетау теміржол вокзалы пайдалануға берілгеніне 45 жыл уақыт өтсе де, бір-ақ рет қана күрделі жөндеуден өткен. Енді міне, бір жарым жыл ішінде, осындай жаңа кейіпке еніп, жолаушыларға көрсетілетін қызметтің сапасы анағұрлым артып отыр, – деді өз кезегінде Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов. Сонымен бірге, ол көкшетаулықтарды жаңартылған вокзалдың ашылуымен құттықтап, облыстың атқарушы органдарына және жобаны қаржыландырған «Қазақстан темір жолы» ҰК» акционерлік қоғамының басшылығына алғысын жеткізді.
Салтанатты шарада сөз алған теміржол көлігі ардагерлері Кеңесінің төрағасы, құрметті теміржолшы Арғын Аузаров барша жиналған қауымды халықаралық қарттар күнімен құттықтап, вокзалды жаңарту жұмыстарына атсалысқан жергілікті атқарушы органдар мен компанияларға игі тілегін арнады.
Бұдан әрі жиналған қауым жаңарған вокзалдың ішін аралап көрді. Облыс орталығындағы вокзалдың бұл жаңа келбетін қала тұрғындары онлайн дауыс беру арқылы өздері таңдаған болатын.
Көкшетау теміржол вокзалының қазіргі модернизациядан өткізілген ғимараты 1981 жылы салынған. Жобалаушылар ғимараттың осы алғашқы архитектуралық келбетін сақтай білген. Іші заманауи үлгіде безендіріліп, қазіргі заманға сай техникалармен жабдықталған. Қасбеті, ішкі бөлмелері, инженерлік жүйелері және жолаушылар инфрақұрылымы жаңартылған. Жобаның негізгі шешімдерінің бірі саналатын конкорстык өткел қараша айында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сондай-ақ, мұнда лифттер, эскалаторлар және кедергісіз орта қарастырылған.
Көкшетау теміржол вокзалының басшысы Роза Арыстанқызының айтуынша, Қазақстанның туристік інжу-маржаны – Бурабай курорттық аймағына апаратын маңызды бағыттардың бірі ретінде күн сайын вокзалдан 1800-ден астам жолаушы өтеді.
Жалпы алғанда, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында іске асырылған бұл ауқымды жоба өңірдегі жолаушылар тасымалының сапасын жаңа деңгейге көтеріп, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған нақты қадам екендігі даусыз.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

