Абылай хан алаңындағы 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты шарада облыс әкімі Мәлік Мырзалин барша ақмолалықтарды Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 25 жыл толуымен құттықтады.
Мерекеге жиналғандар қарасы көп болды. Олардың арасында әскери киімдегілер де, өзге жұртшылық өкілдері де аз емес еді. Өткен ширек ғасырдың ішінде осы заманғы қару-жарақпен жарақтанып, жоғары әскери дайындықтан өткен әскеріміз қалыптасты. Сарбаздарымыз жер бетіне қатер төндірген фашизмді талқандаған аға ұрпақтың ерлік істерін лайықты жалғастырып отыр.
Алаңға жиналған үлкен-кіші монитордан зор өрлеумен еліміздің Қарулы Күштерінің құрылғанына 25 жыл толуына арналған Астанадағы әскери парадты тамашалады. Бұдан кейін облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Жанат Ережепов облыс басшысына жауынгерлердің мерекелік сапқа тұрғандығы жөнінде рапорт берді. Облыс әкімі саптағы жауынгерлер мен жиналған қауымды мерекелерімен құттықтап, сөз сөйледі.
Мемлекет басшысы, Жоғарғы Бас қолбасшы Н.Ә.Назарбаевтың күш-жігерімен 25 жыл ішінде тәуелсіз еліміздің қуатты әскері құрылып, өзіне жүктелген міндетті абыроймен орындап келе жатқанын айта келіп, облыс әкімі жұртшылықты Отан қорғаушылар күні және Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтады.
Салтанатты шара одан әрі өз міндеттерін адал атқарып жүрген бір топ әскери қызметшілерді марапаттаумен жалғасын тапты. Степногорск қалалық қорғаныс істері басқармасының бөлім бастығы Бауыржан Есімов І дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалімен марапатталса, Көкшетау қалалық қорғаныс істері басқармасының бөлім бастығы Қазыбек Көлпенов ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медаліне ие болды. Облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталғандардың қатарында еліміздің Қарулы Күштерінің запастағы полковнигі Виктор Гетман, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің офицерлері Қуаныш Сәрсембаев пен Санат Омаров сияқты әскерилер, сондай-ақ, төтенше жағдай кезінде ержүректік пен батылдықтың үлгісін көрсеткен Жарқайың ауданы Фурманов орта мектебінің 11 сынып оқушысы Әлішер Сұлтанбеков та бар.
Жиналғандар көптен күткен әскерилендірілген қойылым да басталды. Алдымен, алаңға 104 адамнан құралған өнерпаздар мен оқу орындарының оқушылары шығып, «Қазақстан – менің Отаным» музыкалық композициясын орындады. Бұдан кейін 5510-шы әскери бөлімнің жауынгерлері әскери сап пен автомат қаруын меңгерудегі шеберліктерін көрсетті. Әсерлі музыка әуенімен сап түзеген әскери шеруді облыстық департамент пен қалалық басқарманың қызметкерлері бастап келеді. Екінші топта Көкшетау техникалық институтының курсанттары мен әскери бөлім жауынгерлері сап түзеп өтті. А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті әскери кафедрасының студенттері мен Ж.Мусин атындағы Көкшетау педагогикалық колледжінің «Томирис» рухани-патриоттық қыздар клубының мүшелері де көрермендер қошеметіне бөленгенінің куәсі болдық. Тартымды мереке соңы жергілікті өнерпаздардың концертіне ұласты.
Қалкөз Жүсіп.