Көкшетауда «Тең мүмкіндіктер» инклюзивті спорт фестивалі басталды

Бүгін Көкшетау қаласында балалар арасындағы «Тең мүмкіндіктер» инклюзивті спорт фестивалінің өңірлік кезеңі басталды. Екі күнге жоспарланған шараға қала мен облыстың жалпы білім беретін мектептерінің оқушылары қатысып, спорттың әртүрлі бағыттары бойынша бақ сынауда. Фестиваль барысында балалар тек спорттық шеберліктерін ғана емес, командалық жұмыс, өзара қолдау және ортақ мақсатқа бірге жету қабілеттерін де көрсетеді.

Фестивальдің басты ерекшелігі — бір команда құрамында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар мен олардың құрдастарының бірге өнер көрсетуі. Мұнда балалардың мүмкіндіктеріне қарай бөліну жоқ. Әр қатысушы өз қабілетін танытып, команданың ортақ нәтижесіне үлес қосуға және өзін ұжымның толыққанды мүшесі ретінде сезінуге мүмкіндік алады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба бірнеше жылдан бері өткізіліп келеді және жыл сайын өзінің ауқымын кеңейтіп келеді.

«Фестивальді “Әділет” партиясы ұйымдастырып отыр. Мұндай жарыстар бірнеше жылдан бері өткізіліп келеді. Бүгінгі шараға ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қоса алғанда, жүзден астам оқушы қатысуда. Бұл жоба балаларды әлеуметтендіруге, олардың қоғамнан өз орнын табуына және болашаққа нық қадам басуына мүмкіндік береді. Жоба жан-жақты және спорттың бірнеше түрін қамтиды. Бүгін біз “Бочча” ойынын ойнаймыз, ал ертең жеңіл атлетика мен көңілді старттардан жарыстар өтеді», — деді жарыстың бас төрешісі Юлия Абдрашитова.

Спорттық алаңда салауатты бәсекелестік пен өзара қолдау қатар өрбіп жатыр. Қатысушылар бір-біріне жанкүйер болып, командаластарына қолдау көрсетіп, жеңісті бірге атап өтуде.

«Мұнда балалар тең дәрежеде жарысып, бір-біріне қолдау көрсетуді және бір команда болып жұмыс істеуді үйренеді. Біз үшін басты мақсат — тек жеңімпаздарды анықтау емес, әр балаға өз күшіне сенуге, жағымды эмоция алуға және жаңа достар табуға мүмкіндік жасау. Мұндай шаралар балалардың бір-бірін жақсырақ түсінуіне және әрқайсысының қатысуға, дамуға мүмкіндігі бар екенін сезінуіне ықпал етеді», — деді «Әділет» партиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы Берген Беспалинов.

«Тең мүмкіндіктер» фестивалі балалар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға, өзара құрмет пен ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ инклюзивті қоғам құндылықтарын қалыптастыруға бағытталған.

Іс-шараны «Әділет» партиясы Ақмола облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанаты, Ақмола облысының білім басқармасы, дене шынықтыру және спорт басқармасы, сондай-ақ Бастапқы әскери және технологиялық даярлық орталығы бірлесіп ұйымдастырып отыр.

Екі күнге созылатын спорт фестивалі қатысушылар үшін тек жарыс алаңы ғана емес, сонымен қатар жаңа тәжірибе жинақтап, бір-біріне қолдау көрсетуді үйреніп, ортақ мақсатқа бірге ұмтылуға мүмкіндік беретін маңызды алаң болмақ.

«Тең мүмкіндіктер» фестивалінің басты нәтижесі — спорттық жетістіктермен қатар, жаңа достық қарым-қатынастардың қалыптасуы, балалардың өзіне деген сенімінің артуы және қоғамда әрбір балаға тең мүмкіндік берілуі керектігін түсіну.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар