Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тұрғындардың да тілегіне құлақ ассақ... - АРҚА АЖАРЫ

Тұрғындардың да тілегіне құлақ ассақ…

2014 жылы облысымызда «Аула» бағдарламасы қабылданып, Көкшетау қаласындағы тұрғын үйлердің аулалары қайта жаңартыла бастағанын білеміз.

Біздің Васильковка шағын ауданындағы үйлердің де аулалары мен жолдары жүдеп тұрған соң, осы жақсы бастамадан біз де үлкен үміт күттік. Бірақ, оның бәрі бір күнде бола қоймайтыны тағы белгілі. Әуелі естіп, көзіміз көріп жүргендей, Абылай хан даңғылы, Горький көшесінің бойындағы, Көктем, Юбилейный шағын аудандарындағы біраз үйлердің аулалары жөнге келтірілді. Былтыр осы жұмыс сәтін салып, Васильковка шағын ауданында да басталып кетті.
Алайда, осы орайда, әділдігі керек, құрылысшылар атқарып жатқан жұмыстың бәрі көңілден шыға бермеуде. Рас, біздер, тұрғындар мұндайда тиісті орындармен алдын ала әрбір ауланың жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалып, барша шаруаның соған сәйкес жүргізілетіндігін жақсы білеміз. Дегенмен, тұрғындардың игілігі үшін істеліп жатқан соң, мұндай жұмыстарды күні бұрын әрбір үйдегі сол тұрғындардың өздерімен ақылдасып барып, жүзеге асырған да артық болмайтын сияқты. Ондайда халық өз ой-пікірлері мен ұсыныстарын айтар еді, жобалаушылар да бұған құлақ түріп, ортақ бір мәмілеге келер еді. Сөйтіп, соның нәтижесінде ортақ іс ұтар еді, яғни, тұрғындардың құрылысшыларға, басшы орындарға өздерінің аулаларын қолайлы етіп, жаңалап бергендері үшін  алғыстан басқа айтары болмас еді.  Ал, қазір қарасаңыз, тұрғындар тарапынан сол арада еңбек етіп жатқан құрылысшыларға келіп, «мынаны неге бұлай істеп жатырсыздар, балалар ойнайтын алаң бұрынғыдан кішірейіп қалды ғой, одан да соған көбірек орын бөліп, автокөліктерді сыртта тұратындай етіп неге ойластырмағансыздар?» деген қынжылыс жиі білдірілуде.
Мәселен, Сырымбет дүкенінің жанындағы үйлердің сыртында бос жатқан жерге асфальт немесе бедертас төсеп, солай істеуге болатын қаншама орын бар. Алайда, соған қарамастан, автокөліктерге үйдің алдында көп артықшылық беріліп, балалардың ойын алаңы тарылып қалған. Сөйтіп, қаншама үміт артып, асыға күткен іс көпшілік көңілінен шығып отыр деп айту қиын соғуда.
Бала біздің болашағымыз. Оны әркім де біледі. Айта берсек, ол жалғыз ата-ананың ғана емес, елдің де болашағы. Ендеше алдымен, осы жас ұрпақтың жағдайын ойлағанымыз дұрыс қой. Оның үстіне кейінгі кезде елімізде бала туу көрсеткіші жақсарып келеді. Демек, әрбір үйдің ауласында автокөліктерден гөрі, солардың алаңсыз ойнауына, ата-аналардың  жетегінде емін-еркін  жүре алуына көбірек көңіл бөлсек, қандай ғанибет. Ертең әлгі балалар тар аулада көлік біткеннің терезесіне тиеді деп дұрыс доп тебе алмайтыны да айдан анық. Тіпті,  осындай аулаларда егер қаржы жағы мүмкіндік беріп жатса, айналасын қоршап, кішігірім жасанды футбол алаңын істеп қойса да артық болмас еді. Қаншама бала содан шықпай, спортпен шұғылданып, бос уақыттарын пайдалы өткізеріне сөз жоқ.
Міне, аулаларды жаңарту дегенде әлі де болса,  осындай бір есте ұстайтын жағдайлар бар. Не нәрсенің де жан-жақты ойластырылып,  халыққа қолайлы болатындай етіліп жасалғаны дұрыс қой.
Нұржамал СЕРӘЛИНА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар