Біз қазақ еркіндік аңсаған
1990 жылы Кеңес Одағында ауқымды саяси өзгерістер пісіп-жетілді. Қайта құру кезеңі ұлттық қозғалыстардың күшеюіне, республикалардың кеңірек дербестік талап етуіне жол ашты. Сол жылдары өз егемендігін Балтық республикалары жариялады. 1990 жылдың жазында декларациялар толқыны қалған республикаларға да жетті. Ресей 12 маусымда, Украина 16 шілдеде, Беларусь 27 шілдеде, Өзбекстан мен тағы бірқатар республикалар да көп кешікпей өз актілерін қабылдады. Қазақстан бұл толқынға 25 қазанда қосылып, осындай құжат қабылдаған соңғы одақтас республикалардың бірі болды, одан кейін тек Қырғызстан ғана осы қадамды жасады.
Ол кезде елде ұлттық үрдістер күшейген еді. 1989 жылдың 22 қыркүйегінде қабылданған «Тіл туралы заң» қазақ тілін алғаш рет мемлекеттік тіл деп жариялады, «Азат», «Лад» секілді қоғамдық қозғалыстар пайда болды. Орталық болса, бұрынғы Одақты сақтап қалуға тырысып, жаңа одақтық шарт жобасын талқылап жатты. Осындай қарама-қайшылықтар кезінде Қазақстанның Егемендік туралы Декларацияны қабылдауы уақыт талабына берілген заңды жауап болды.
Декларация болашақ тәуелсіз республиканың іргетасын қалаған іргелі құжат. Онда Қазақ КСР егеменді мемлекет ретінде, басқа республикалармен шарттық негізде ерікті түрде бірігетіні жарияланды. Құжат КСРО-мен формалды байланысты (Егеменді Республикалар Одағы) сақтағанымен, заңды түрде республикаға Одақтан еркін шығу құқығын берді. Іс жүзінде бұл қазақстандық заңдардың басымдығын және Мәскеу мен республика арасындағы «заңдар соғысының» басталуын білдірді.
Егемендік туралы декларация қабылданған толқынысты сәт.
Фото: Миражан Махан El.kz
Декларацияда бірқатар негізгі қағидаттар бекітілді. Қазақ КСР аумағы қолданыстағы шекарада «бөлінбейтін және қол сұғылмайтын» деп жарияланды, ал, аумақтың тұтастығын бұзуға шақыру немесе конституциялық құрылысқа қарсы күш көрсету заңсыз деп танылды. «Қазақ ұлтының және басқа да ұлыстардың өзіндік мәдениетін, дәстүрін, тілін жаңғырту мен дамыту» мемлекеттіліктің маңызды міндеттерінің бірі ретінде бекітілді.
1990 жылғы тарихи құжаттың құрметіне 1995 жылы 25 қазан Республика күні ретінде мемлекеттік мерекелер қатарына енгізілді. Алайда, 2009 жылы бұл мереке тізімнен алынып, онсыз да ел үшін маңызды бірқатар датамен біріктірілді. Осылайша, тарихи күн он бес жылға жуық уақыт бойы ресми мереке мәртебесінен айырылды.
2022 жылы 16 маусымда Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. Сол жылдың 29 қыркүйегінде Президент 25 қазанды мемлекеттік мерекелер тізіміне қайтару туралы заңға қол қойды. Нәтижесінде Республика күні қайта жаңғырып, ерекше мәртебеге ие болды.
Сол 2022 жылдың 25 қазанында Ақорда резиденциясының алдында Мемлекеттік Ту көтеру рәсімі өтті. Осылайша мереке тек қағаз жүзінде ғана емес, елдің саяси өмірінде де айрықша орын алды. Республика күнінің «ұлттық мереке» мәртебесі оны басқа атаулы күндерден ерекшелей түседі. Бұл – елдің тәуелсіздікке апарар жолының бастауына берілген ең жоғары баға, көрсетілген құрмет. 2025 жылы Декларацияның 35 жылдығы кең көлемде атап өтілді, ал, 2026 жылы бұл ұмытылмас қадамның 36 жылдығы мерекеленеді.
Егемен болмай ел болмас
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан нарықтық экономикаға көшу, экономикалық құрылымды қайта қалыптастыру және халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында кезең-кезеңмен реформа жүргізіп, Орталық Азия аймағындағы жетекші мемлекеттердің біріне айналды. Бүгінде Қазақстан – аймақтағы ең ірі экономикаға ие дербес ел.
2026 жылғы деректерге сүйенсек, Қазақстан номиналды жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) көлемі бойынша әлем елдері арасында 49орында тұр, бұл көрсеткіш 300,5 миллиард долларға жетті. 2025 жылы еліміз әлемнің экономикасы ең қуатты 50 елінің қатарына енді, ал, экономикалық өсім 6 пайыздан асты. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында өсім 4,1 пайызға тең болды, ал, Азиялық даму банкі 2026 жылға 4,8 пайыздық өсімді болжап отыр.
Инвестиция өсімнің негізгі қозғаушы күші болып отыр. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында негізгі капиталға салынған инвестиция 9,5 триллион теңгені құрап, 9,6 пайызға өсті. Өңдеу өнеркәсібінің үлесі 46,7 пайызға жетті. Бұл экономиканың шикізаттық тәуелділіктен біртіндеп арылып, жоғары қосылған құн өндірісіне көшіп келе жатқанын көрсетеді.
Қазақстанның халықаралық позициясы да жыл сайын нығайып келеді. 2026 жылы IMD World Competitiveness Ranking, яғни, Әлемдік бәсекеге қабілеттілік рейтингі бойынша Қазақстан 70 елдің экономикасы арасында 38-орынды иеленіп, 65,4 балл жинады. Бұл Испания секілді бірқатар дамыған елдерден озып шыққанын білдіреді. Сонымен қатар, 2026 жылы Қазақстан «Safest Countries for Investors», яғни, инвесторлар үшін ең қауіпсіз елдер халықаралық рейтингінде 70-орыннан бірден 17 сатыға ілгерілеп, 53-орынға көтерілді. Бұл елдің инвестициялық ахуалы мен құқықтық тұрақтылығына деген сенімнің артқанын көрсетеді.
Қазақстан үшін ғарыш тек ғылыми жетістік символы емес, сонымен қатар, экономика мен қауіпсіздіктің қуатты секторына айналды. Өткен ғасырдың ортасында адамзат алғаш рет Байқоңырдан ғарышқа аттанғаны бүкіл әлемге белгілі. Бүгінде ел бұл мұраны жаңа деңгейге көтеруде. 2026 жылы Байқоңыр базасында «Бәйтерек» жобасы аясында жаңа «Сұңқар» (Союз 5) зымыранын ұшыруға арналған заманауи кешен іске қосылды. Бұл Қазақстанның әлемдік ғарыш нарығындағы позициясын нығайтатын маңызды қадам. Сонымен қатар, еліміз Жерді қашықтықтан зондтауға арналған алты жаңа спутник жасауды жоспарлап отыр, оның үшеуі бір бағытта, үшеуі екінші бағытта жұмыс істейді.
2029 жылға дейінгі кезеңді қамтитын «Цифрлық Қазақстан» ұлттық стратегиясы қабылданды. Онда деректер мен жасанды интеллект мемлекеттік басқару, экономикалық өндіріс және қызметтер көрсету салаларындағы негізгі құралдардың бірі ретінде айқындалды. Бұл цифрландырудың жекелеген секторлармен шектелмей, тұтас даму пайымына айналғанын көрсетеді.
Ақмола – Көкшетау да жаңарды
Елдегі жаңғыру үдерісі, әсіресе, өңірлерде айқын көрінеді. Ақмола облысы соңғы жылдары инвестиция тарту қарқыны бойынша ел көшбасшыларының қатарына шықты. 2025 жылы облыс Қазақстандағы инвестиция өсімінің қарқыны бойынша бірінші орынды иеленді. Сөйтіп, бұл көрсеткіш 53,1 пайызды құрады. Аймаққа шамамен 927 миллиард теңге, дәлірек айтсақ, 926,9 миллиард теңге инвестиция тартылды, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 1,5 есе артық.
2026 жылдың сегіз айында облысқа 521 миллиард теңге инвестиция тартылып, оның 90 пайызы жеке секторға тиесілі болды. Жыл соңына дейін 158 жаңа нысанды іске қосу жоспарланып отыр. Бұл көрсеткіштер өңір экономикасының тұрақты әрі қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді.
Көкшетаудағы көпбейінді жаңа аурухананың құрылысында.
Сурет dknews.kz сайтынан
Облыс орталығы Көкшетау да жаңарудың жарқын мысалына айналды. 2025 жылы қала экономикасына 63 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылып, бұл өткен жылғы деңгейден 2,5 есе артық болды. Қаланың 2050 жылға дейінгі жаңа Бас жоспары әзірленіп, онда Көкшетауды халқы 500 мыңға дейін жететін заманауи қалаға айналдыру көзделген. Жоспар қаланың құрылымын кешенді қайта қарауды, оның ішінде айналма жол салуды және орталықтың жүктемесін азайту үшін көше желісін оңтайландыруды қамтиды.
Энергия тапшылығын шешудің шешуші кезеңі ретінде қуаты 240 МВт-қа дейінгі жеке жылу-электр орталығын (ЖЭО) салу жоспарланып, оны 2029 жылға қарай аяқтау көзделіп отыр. Қатар жүргізілетін жұмыстар қосалқы станциялар мен жылу магистральдарын ауқымды жаңғырта түспекші. Бұл өнеркәсіп пен тұрғын үй құрылысының өсуіне қажетті ресурсты қамтамасыз етеді.
Бас жоспарда жаңа буындағы әлеуметтік және іскерлік инфрақұрылым құруға ерекше көңіл бөлінген. Сарыарқа шағын ауданында 10 мың орындық заманауи футбол стадионы мен 630 төсектік көпбейінді облыстық аурухана салынуда. Аурухана құрылысының құны 332 миллиард теңгені құрайды.
Облыс әкімі Марат Ахметжановтың айтуынша, облыс орталығы заманауи жайлы қаланың белгілерін иеленіп, қарқынды өзгеріп келеді. Урбанистика орталығын құру тек Көкшетауды ғана емес, уақыт өте келе өңірдің басқа қалаларын да жоспарлы дамумен қамтиды. Пилоттық жоба ретінде алғашқы беттері аудан орталықтарының бірі Атбасар қаласын дамыту таңдалып отыр.
Жарқын болашағымыз – реформаларда
Айта кетерлік жайт, былтыр Ұлттық құрылтайдың кезекті ІV отырысы Көкшетау төрінде, көрікті Бурабай баурайында өткен болатын. Бұл – облысымыздың мәдени және қоғамдық өмірдегі өзіндік орнын тағы бір дәлелдейді. Бүгінде Ақмола мен Көкшетау өңірлері еліміздің жаңару үдерісінің нақты әрі көрнекі бедеріне айналды.
2026 жыл Қазақстан тарихында ерекше орын алады. Осы жылы ел жаңа Конституция қабылдап, мемлекеттік билік жүйесі түбегейлі жаңарды. Бұл үдерістің бастауы 2026 жылдың 20 қаңтарында Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында қаланды. Сол отырыста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Вице-Президент лауазымын енгізуді және Мемлекеттік кеңесші қызметін қысқартуды ұсынды. Сонымен қатар, ол болашақ бір палаталы Парламенттің атауын «Құрылтай» деп өзгерту туралы ойын ортаға салып, оның өкілеттіктері, төрағасы мен депутаттары туралы баяндады.
Айта кету керек, Ұлттық құрылтай, яғни, 2022 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан консультативтік алаң мен жаңа Құрылтай, яғни, заң шығарушы орган екі бөлек ұғым. Жаңа Конституцияға сәйкес Ұлттық құрылтайдың атқарған қызметі Конституция деңгейінде бекітілген жаңа Халық Кеңесіне өтті.
20 қаңтардағы бастама бірден нақты іске асырыла бастады. 21 қаңтарда конституциялық реформа жөніндегі конституциялық комиссия құрылып, өзгерістер ауқымы одан әрі кеңейді. Осылайша Парламенттік реформа мен Конституциялық реформа біріктірілді. 11 ақпанда, он екі отырыстан кейін комиссия жаңа Конституция жобасын Мемлекет басшысына ұсынды, ал, сол күні ол 15 наурызда Республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. 12 ақпанда жоба бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды.
2026 жылдың 15 наурызында республикалық референдум өтті. Онда азаматтарға бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын қабылдайсыз ба?» деген сұрақ қойылды. Дауыс беру нәтижелері бойынша халықтың басым бөлігі, 7 954 667 адам, яғни, 87,15 пайызы жаңа Конституцияны қолдаса, 898 099 адам, яғни, 9,84 пайызы қарсы болды. Дауыс беруге қатысу 73,12 пайызды құрады, ал, барлық сайлаушылар саны 12 482 613 адам болатын.
2026 жылдың 1 шілдесінде жаңа Конституция күшіне енді. Осы сәттен бастап 1995 жылдан бері қолданыста болған конституциялық құрылым тарихқа кетті. Жаңа Конституция мемлекеттік билік жүйесіне бірқатар ауқымды өзгерістер әкелді. Екі палаталы Парламенттің орнына 145 депутаттан тұратын бір палаталы Құрылтай мемлекеттік билік жүйесінің орталық буыны ретінде бекітілді, оған депутаттар бес жылдық өкілеттік мерзіміне сайланады. Билік жүйесінде Президент пен Құрылтай, Үкімет және өзге де мемлекеттік органдар арасындағы үйлестіруді күшейтуге, сондай-ақ, мемлекеттік басқарудағы сабақтастықты қамтамасыз етуге бағытталған Вице-Президент лауазымы енгізілді.
Алайда, мереке тек жетістіктерді санау емес. Тәуелсіздік сонымен қатар, жауапкершілік. 1990 жылы аға ұрпақ батыл қадам жасап, қазіргі және болашақ ұрпаққа мемлекеттік тәуелсіздіктің заңды негізін сыйлады. Бүгінгі жаңғыру сол мұраны жалғастыру, оны жаңа талаптарға сай нығайту. Жаңа жүйенің табысты болуы оның іс жүзіндегі іске асырылу тиімділігіне байланысты. Бірақ, 2026 жылғы тарихи оқиғалар Жаңа Қазақстан тұжырымдамасының барған сайын айқын саяси, институционалдық және стратегиялық институтқа айналып келе жатқанын аңғартады. Бұл – үлкен жетістік.
Соны айғақтап отырған Республика күні құтты болсын! Егемендігіміз мәңгілік, еліміз тыныш, халқымыз аман болсын!

Бекнұр АМАНГЕЛДІ,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің комплаенс-офицері.
![]()

