Мағира Қожахметова-80
Көкшетау қаласының тарихы музейі қалалық қазақ үлгілі кітапханасымен бірлесіп, көрнекті жазушы-драматург, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мағира Қожахметованың биыл 80 жасқа толғанына орай, әдеби-танымдық кеш ұйымдастырды.
Зеренді ауданының тумасы, қазақ әдебиеті мен баспасөзінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған қаламгердің өмір жолы мен шығармашылығын кеңінен таныстыруды мақсат еткен тағылымды басқосуға ақмолалық зиялы қауым мен мәдениет, әдебиет және баспасөз өкілдері, студент жастар қатысты.
Кеш барысында Мағира апайымыздың әдебиет пен журналистикадағы еңбегі, шығармашылық ізденістері мен кісілік болмысы айшықталды. Жазушының қаламынан туған көптеген шығармаларында адам жанының терең иірімдері, өмірдің күрделі құбылыстары мен сан алуан кейіпкерлер тағдыры шынайы суреттелген. Ал, публицистикалық еңбектері қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, ұлттық руханияттың дамуына қалтқысыз қызмет етіп келеді. Қаламгердің «Күннің алтын сынығы», «Әлем-әуен», «Жылы шырай», «Адам-құпия», «Жантәсілім», «Жападан жалғыз» атты кітаптары адам жанының ішкі болмысын, қоғам мен тұлға арасындағы күрделі қарым-қатынастарды, адамгершілік пен рухани құндылықтарды зерделеуімен ерекшеленеді. «Мәншүк-ғұмыр» драмасында қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованың өнегелі өмірі арқылы елдік пен ерлік, азаттық пен ұлттық жады тақырыптары көркемдік тұрғыдан шынайы өріледі.
Журналистік шеберлігін әдебиеттегі ізденісімен берік ұштастырған Мағира Қожахметова әр жылдары республикалық «Лениншіл жас» («Жас Алаш»), «Қазақстан әйелдері», «Денсаулық», «Ақ желкен» басылымдарында еңбек етіп, олардың бірқатарында басшылық қызмет атқарып, публицистикалық кең тынысты мақалалары мен басы Бауыржан Момышұлынан бастап, әйгілі тұлғалар өмірінен шығармашылық портреттері арқылы әдебиет пен қоғам дамуына өзіндік үлесін қосты. Сонымен қатар, көп жылдар бойы өз бастамасы, ерік-жігерімен балаларға арналған «Балбұлақ» журналын және медициналық-танымдық «Дертке дауа» газетін шығаруы оның ағартушылық бағыттағы өлшеусіз қажырлы еңбегін танытады.
Жазушының осындай шығармашылық лабораториясы көркем сөз өнерін, ұлттық құндылықтарды насихаттауды және оқырманның рухани-танымдық көкжиегін кеңейтуді өзара тығыз сабақтастырған тағылымы зор еңбектер жиынтығы екені сөзсіз. Мысал ретінде айтсақ, үйіне Жеңіс күніне орай «Лениншіл жас» газетіне құттықтау сөзін аламын деп барып, даңқты қолбасшы Баукеңмен жүздесуінің әсерінен туған бертінгі драмалық туындысының өзі неге тұрады?! Осындай кең тынысты, қаламы жүйрік жазушы-драматургтің жергілікті театр сахнасында бір спектаклін қоя алсақ, жерлес қаламгердің талантын танудың өзі сол емес пе?!
Көрнекті қаламгердің 80 жылдық мерейтойына арналып өткізілген кеште филология ғылымдарының кандидаты, профессор, ғалым-ұстаз Сәбит Жәмбек қаламгер шығармашылығының сан қырлы ерекшеліктеріне тоқталып, автордың кітаптарынан алынған нақты мысалдармен қазақ әдебиетіндегі өзіндік орны жөнінде толымды ой өрбітті. Әсіресе, әдеби туындыларының көркемдік сипаты мен жазушы ізденістеріне назар аударған ғалым сөз өнерін терең түсінуі мен шеберлік танытуының кейінгі ұрпаққа маңызын атап өтті.
Басқосуда белгілі журналист, ақын, Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің бас редакторы Қайырбай Төреғожа да мерейтой иесіне ізгі тілегін арнап, баспасөз саласындағы қапысыз еңбегі мен шығармашылық дара жолына тоқталды. Әр кездерде қоғам тынысын дөп басып, оқырманға сан ой салған Мағира апайымыздың есімімен газет арқылы бала кезінен таныс екендігі, осы тұрғыдан алғанда, ол кісінің қаламгерлік және адамгершілік ұстанымы, өзіне тән өсу, өрлеу жолы кейінгі буынға өнеге екендігі жөнінде өз ойын білдіріп, өлеңін оқыды. Сондай-ақ, белгілі ақын-жазушы, Қазақстан Журналистер және Жазушылар одақтарының мүшесі, Көкшетау қалалық ақпараттық кітапханалар жүйесінің басшысы Серік Жетпісқалиев та осы кеште сөз алып, мерейтой иесіне шын жүрегінен тебірене шыққан ең бір жылы лебіздерін жеткізді. Осылайша, қаламгердің әдебиет пен баспасөз саласына сіңірген еңбегі, ұлт руханиятына қосқан үлесі, басқа да сөйлеушілер аузымен алғаусыз әңгіме өзегіне айналып, кештің мазмұнын байыта түсті.
Тағы да бір айналып соқсақ, Мағира Дәулетбекқызының шығармашылық жолы көркем әдебиетпен ғана шектелмейді. Ол жоғарыда айтқанымыздай, «Дертке дауа» басылымын да шығарып, ана мен бала денсаулығы, ұрпақ тәрбиесі, салауатты өмір салты тақырыптарын белсене көтерген қаламгер ретінде көпшілікке кеңінен танылған тұлға. Бұл бағыттағы еңбектері қаламгердің қоғам алдындағы жауапкершілігін, оқырманмен етене байланысын, өз ұлтына жанашырлығы мен сүйіспеншілігін аңғартады.
Кеш барысында қонақтар назарына жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған арнайы фотокөрме ұсынылды. Қаламгердің әр жылдарда танымал ұлт қайраткерлері, өз замандастарымен түскен суреттері мен шығармашылық жолынан сыр шертетін әдеби кітаптар, газет-журналдар топтамалары жазушының өнегелі ғұмырына үңіліп, өмір және еңбек жолынан мол мағлұмат алуға мүмкіндік берді.
Кеш қорытындысында мерейтой иесіне ақжарма тілегін арнаған Көкшетау қаласының тарихы музейінің директоры, талантты ақын Алмас Темірбай өз ұжымы ұйымдастырған осы әсерлі шараның мән-маңызы мен мақсатына тоқталып, ардақты апайының болмысынан ой өре келе, әрі қарай бүгінгі күннің тынысын өлең жолдарымен жеткізді. Ал, Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжінің төртінші курс студенті Кәусар Сейтімхан әсем әндерімен кештің көркін келтіріп, жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап отырды.
Сонымен, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, халқының аузы дуалы қаламгер қызы Мағира Қожахметованың 80 жылдық мерейлі белесіне арналған қалалық кітапханадағы бұл басқосуды көрнекті қаламгердің шығармашылық жетістігіне көрсеткен жерлестерінің құрметі ғана емес, жанына әдебиет пен журналистиканы серік етіп, Ақмола өңірінен шыққан, сөз өнерінің биігіне көтерілген бірен-саран ғана әйел қаламгерлердің еңбегін, ардақты атын бағалау деп білеміз. Осы жолда жүрген біз, іні-сіңлілері үшін адал да өжет қыздың төл туындыларындағы қоғамға, айналасына деген сергек көзқарасы мен ұлттық құндылықтарға адалдығы әрдайым бағалы. Көзі қарақты оқырман да дәл солай Көкшенің, қазақтың Мағирасын біледі, кітаптарымен сырласып, ойларымен үндесіп, мақтан тұтады деген сенімдеміз!
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

