Жастар саясаты
Елімізде жұмыссыздықпен күрес қарқынды жүргізіліп жатқанымен, бұл түйінді мәселе әлі күнге дейін күн тәртібінен түскен жоқ. Мамандардың сөзінше, бүгінгі таңда бұл көрініс тек қазақ қоғамын ғана емес, барша әлем елдерін алаңдатып отыр.
Қазақстанда аталмыш әлеуметтік мәселе ең әуелі жастарды шарпып, соңғы жылдары екі қолға бір күрек таппай жүрген жас мамандар қатары артуда. Осы орайда, Ақмола облыстық жастар-ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жас ұрпақтың әлеуетін арттырып, олардың қоғамда өз орнын табуына жол ашу мақсатында Көкшетауда «Open consultation» ашық кеңес беру алаңы мен бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі болып өтті. Мұндай ауқымды жәрмеңкелерді өткізу тек жас мамандар үшін ғана емес, жұмыс берушілер үшін де аса маңызды. Себебі, бұл алаң жұмыс берушілерге өздеріне қажетті білікті кадрларды іріктеп алуға мүмкіндік берсе, жәрмеңкеге келген азаматтарға өз мамандықтары бойынша тұрақты жұмысқа орналасуға таптырмас жол ашады.
Аталмыш шараға Көкшетау қаласының 250-ге жуық студенті мен жұмыс іздеуші жастары, сондай-ақ, 20-дан астам жетекші жұмыс беруші ұйымдар белсене қатысты. Атап айтқанда, «Гормолзавод» ЖШС, Көкшетау қаласының полиция басқармасы, Ақмола облысы бойынша төтенше жағдайлар департаменті, білім беру мекемелері және басқа да ұйымдар нақты бос жұмыс орындарын ұсынды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті, «Отбасы банк» АҚ және Ақмола облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілетті мамандары келушілерге өз бағыттары бойынша құнды тегін кеңестер берді.
– Жалпы, жастар ресурстық орталығы қызметінің негізгі мақсаты – жастар мен жастар ұйымдарын жан-жақты қолдау және дамыту үшін сапалы қызметтер көрсету болғандықтан, жұмыссыздарды жұмыспен қамту мәселесі әрдайым басты назарда тұр. Сондықтан, өңірдегі жұмыссыз азаматтарды еңбекпен қамтып, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға бағытталған мұндай маңызды жәрмеңкелерді жүйелі түрде, яғни, әр тоқсан сайын өткізетін боламыз, – деп атап өтті облыстық Жастар ресурстық орталығының жастарды жұмысқа орналастыру бойынша маманы Ақжайық Қоныс.
Маманның айтуынша, жалпы жастардың әлеуетін көтеруге, оларды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге және еңбек нарығындағы байланысты нығайтуға бағытталған игі шаралар жыл сайын жалғасын тауып келеді.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

