Жолдауға – қолдау!
Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған стратегиялық бағыттар мен жүктелген міндеттер бүгінгі таңда еліміздің ірі аграрлық аймағы – Ақмола облысында нақты істермен, ауқымды жобалармен өз жалғасын табуда. Президентіміздің өңірімізде озық шетелдік технологияларды қолдану арқылы ет кластерін қалыптастыру бағытындағы жұмысымызға оң баға беріп, бұл салаға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін білдіруі бізге үлкен жауапкершілік жүктеп қана қоймай, жаңа белестерге жетуге ынталандыру. Ақмола облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы өңірдегі агроөнеркәсіп кешенін жаңғырту, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу және экспорттық әлеуетті арттыру бағытында жүйелі түрде ауқымды жұмыстар атқарып келеді.
Биылғы жыл аграрлық сектор үшін айтулы жетістіктер мен рекордтық көрсеткіштерге толы болды. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан жан-жақты қолдаудың арқасында облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қайтарымсыз субсидиялар мен жеңілдетілген кредиттер түрінде шамамен 325 миллиард теңге бағытталды. Оның ішінде «Кең Дала — 2» бағдарламасы, жеңілдетілген лизинг пен «Игілік», «Береке», «Ауыл аманаты» сияқты игі бағдарламалар шаруашылықтардың техникалық паркін жаңартып, өндіріс тиімділігін арттыруға мол мүмкіндік берді.
Мемлекеттік қолдаудың арқасында егін жинау науқанының қорытындысы бойынша облысымызда 6,2 миллион тоннадан астам сапалы астық жиналды. Сонымен қатар, жоғары рентабельді майлы дақылдар егістігі кеңейтіліп, алғаш рет шамамен 850 мың тонна майлы дақыл өнімі алынды. Бұл көрсеткіштер – жерге деген адал қатынастың, диқандарымыздың қажырлы еңбегінің жемісі әрі елдің азық-түлік қауіпсіздігіне қосқан сүбелі үлесіміз деп білеміз.
Дегенмен, біз үшін шикізат өндірумен шектеліп қалу жеткіліксіз. Ел Президентінің тапсырмаларына сәйкес басты стратегиялық мақсатымыз – ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу арқылы қосылған құны жоғары дайын өнім шығару және халықаралық нарықтарға экспорттау. Осы бағытта өңірімізде бірқатар ірі инвестициялық жобалар іске асырылуда. Аршалы ауданында қытайлық «Далиан» компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан «Азия Алтын Дән» толық циклді кәсіпорны және Зеренді мен Атбасар аудандарында жоспарланып отырған май экстракциялау зауыттары өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін тіпті биіктете түседі.
Мал шаруашылығын дамыту мен экспортқа бағытталған ет кластерін қалыптастыру – бүгінгі күннің ең басты басымдықтарының бірі. Мемлекет басшысының қолдауына сүйене отырып, біз асыл тұқымды репродуктордан бастап фермерлік шаруашылыққа, бордақылау алаңына, ет өңдеу кәсіпорнына және экспортқа дейінгі бірыңғай өндірістік тізбекті жасақтадық.
Ерейментау, Қорғалжын, Ақкөл, Зеренді және Біржан сал аудандарында қолға алынып жатқан озық жобалар, сондай-ақ, австриялық серіктестермен бірлескен интеграцияланған етті және сүтті агрокешен мен басқа да халықаралық бастамалар өңірімізге 400 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартуға, жүздеген жаңа жұмыс орнын ашуға жол ашады. Сонымен қатар, облыстағы жұмыртқа өндірісін 1 миллиард данаға дейін жеткізуді көздеген құс шаруашылығы жобалары да қарқынды жүзеге асырылуда.
Аграрлық сектордың тұрақтылығы тікелей су ресурстарын тиімді пайдалануға байланысты екені анық. Биыл суармалы жерлер көлемі 33,7 мың гектарға жеткізіліп, су үнемдеу технологиялары кеңінен енгізілуде. Алдағы уақытта Есіл су қоймасы құрылысының басталуы аймақтағы су тасқыны қаупін төмендетіп қана қоймай, шамамен 100 мың гектар ауыл шаруашылығы жерін тұрақты суаруға мүмкіндік береді.
Біз алға қойған осы ауқымды мақсаттардың барлығы ауылдық жерлерде жаңа экономикалық мүмкіндіктер қалыптастырудың, отандық өнім көлемін ұлғайтудың және Қазақстанның әлемдік азық-түлік нарығындағы беделін нығайтудың берік негізі. Біз өз кезегінде Мемлекет басшысының Жолдауындағы міндеттерді басшылыққа ала отырып, Ақмола агроөнеркәсіптік кешенін жаңа сапалы деңгейге көтеру жолындағы табанды жұмысымызды жалғастыра береміз.
Нұрбек БАДЫРАҚОВ,
Ақмола облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы.
![]()

