Ақынды сағынышы өзі оқыған мектебіне алып келді

Әдеби кеш

Көкшетау қаласындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 мектеп-гимназияда белгілі ақын-жазушы, журналист Есенгелді Сүйіновпен «Мектебім менің – тұғырым» атты шығармашылық кездесу кеші өтті. Бұл кештің мектеп пен қонақ екеуі үшін де орны ерекше десе болғандай. Себебі, қаламгердің өзі осы білім ордасының түлегі.

Осы мектепте білім алып, үлкен өмірге қанат қағып, оның сан тарау жолынан өтіп, шығармашылық бет-бейнесін қалыптастырып, алтын ұясына ақын болыпқайта оралып, шығармашылық кешін өткізужүректерге ерекше жылылық ұялататын сәт екені анық. Оның үстіне аға буын өкілінің туған мектебіне осылайша құрметпен келуі жас ұрпақтың бойына да білім алған ордаңды ұмытпау, ұстаздарыңды ардақтау, туған жерің мен алтын ұяңа адал болу сияқты ізгі қасиеттерді сіңіруге ықпал ететіні сөзсіз.

Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Ресей Жазушылар одағының «Василий Шукшин» алтын медалінің иегері секілді бірқатар абыройлы атақтарды иеленген, кезінде еңбек жолын аудандық газеттен бастап, Қостанай облыстық «Қостанай таңы» газетінің бас редакторлығына дейін көтерілген түлегіне туған мектебі ерекше құрмет көрсетті. Оқу ордасының акт залына бастайтын дәліздің екі жағына қаздың балапандарындай қаз-қатар тізілген мектеп оқушылары қаламгерді қол шапалақтап, құрметпен қуана қарсы алды.

Мерекелік көңіл-күйге бөленген сахна төрінде шәкірттер ақын өлеңдерін жатқа оқып, оның шығармашылығы туралы баяндама жасады. Ақынның жан жары, Көкше өңірінен шыққан, есімі алты Алашқа мәлім көрнекті ақын Марфуға Бектемірованың «Аққуым менің қайдасың?» өлеңіне жазылған әсем ән орындалып, кештің көркі одан сайын ашыла түсті.

Шығармашылық кешке зиялы қауым өкілдері, ұстаздар мен жоғары сынып оқушылары қатысты. Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, осы мектептің түлегі Ермек Нұғыманов бір кезде қатар оқыған замандасының иығына шапан жауып, құттықтау хатын тапсырды. Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Қайырбай Төреғожа әріптесінің өмірі мен шығармашылығының үш қырына тоқталып, оның сүйген жарының есімін ел есінде қалдырудағы, мерзімдік баспасөз бен әдебиеттегі орнын бөле-жара атап өтті. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Арман Оспанов мекеменің Құрмет грамотасын тапсырды. Журналист, ақын Майра Қуанышқызы да жүрекжарды тілегін білдіріп, өлеңін оқыды.

Кездесу барысында ақын өзінің туған жері Айыртау табиғатына, сұлу Көкшеге және білім алған мектебіне арнаған өлеңдерін оқып, жиналғандар қошеметіне бөленді. Балалық шағы мен шәкірттік жылдарын есіне алып, сол кезеңнің жарқын сәттерімен бөлісті. Өнерлі оқушылардың ән салып, күй тартып, түрлі музыкалық аспаптарда өнер көрсетуі де кештің ажарын аша түсті.

Мектеп директоры Ардақ Маратқызы Ахмеджанова кездесуден кейін қонақтарды білім ордасының музейімен таныстырып, мектеп тарихы мен жетістіктері жөнінде әңгімеледі. Өзінің білім алған мектебінің жылдар өте жаңарып, өркендеп, толағай табыстарға жеткенін көрген ақын да қуанышын жасырмады. Сонымен бірге,өзіне әдебиет пәнінен сабақ берген әрі сынып жетекшісі болған Ажар Жәкенқызын, орыс әдебиетінен дәріс берген, қазақтың әйгілі ақыны Еркеш Ибраһимнің зайыбы Ақыл Шыңғысқызын және өзге де ұлағатты ұстаздарын сағынышпен еске алды.

Расында да, әр адамның жүрегінде өзі білім алған мектебінің орны бөлек. Адамға өмірлік бағыт-бағдар беріп, арманына қанат бітірген алтын ұяның қадірі жылдар өткен сайын арта түспесе, ешқашан кемімек емес. Батыр ағамыз, бәріміздің мақтанышымыз Мәлік Ғабдуллиннен бастап небір есімдері елімізге танымал тұлғалардың өзінен қанат қағып, биіктерге самғауына жол ашқан бұл білім ордасы ақын-жазушы, журналист Есенгелді Сүйінов үшін де жүрегіне мәңгі ұялаған ыстық мекен.

Осылайша,  шәкірт пен ұстаз арасындағы сабақтастық пен сыйластықты, өзі  түлеп ұшқан мектебіне деген сағыныш пен құрметті айшықтаған бұл кездесу жас ұрпаққа үлкен рухани өнеге, өшпес әсер сыйлаған ерекше жүздесу болды.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар