Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Елтаңба авторына арналды - АРҚА АЖАРЫ

Елтаңба авторына арналды

Былтырғы жылдың соңғы айларының бірінде Қазақстан гербінің авторы Жандарбек аға телефон шалды. Әдеттегідей байсалды, биязы даусымен мәселені бірден жайып салды.

  Өзі дүниеге келтірген еліміздің Елтаңбасы туралы кітап жазуға кіріскенін айтып, алдағы уақытта соны орыс және ағылшын тілдеріне аудартқысы, содан соң бір мұқабаның ішіне енгізіп, тиісінше безендіріп бастырғысы, сөйтіп, мемлекеттік рәміздердің ширек ғасырлық мерейтойына өзіндік сыйкәде жасағысы келетінін жеткізді.
Орысша тәржімесін жасауға көмектесуімді өтінді. Үлкен ағаның, барша қазақтың сыйлы да беделді тұлғасының сөзін жерге тастауға бола ма?! Көп ұзамай жұмыс жүріп кетті… Өткен аптада Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде осынау маңызды шаруаның мәреге жетуіне, сондай-ақ, ағамыздың 75 жасқа толуына байланысты салтанатты басқосу болды. Жиын өткен Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің аудиториясы ғалымдарға, арнайы шақырылған қонақтарға, бас қаланың зиялы қауым өкілдеріне, студенттерге лық толды. Жалпы, бұл жиын үш бөлімнен тұрды. Алдымен жаңа стандартпен жасалған Мемлекеттік Елтаңбаның тұсаукесер рәсімі өткізілді. Сахна төріне ілінген қасиетті рәміздің ақ жамылғысын аса беделді аға буын өкілдері, белгілі ғалымдар, Ұлттық Ғылым академиясының академиктері Сейіт Қасқабасов пен Болат Көмеков түсіргенде, алтындаған бейне жарқ етіп көпшіліктің көңілін бір толқытып өтті.
Жаңа стандарт дегеніміз Елтаңба басқаша сипат алды деген сөз емес, оның негізгі құндылықтары, жекелеген элементтері толығымен сақталған, тек басты ерекшелігі – енді оның ішіндегі барлық детальдарына тиісті атаулары (мәселен, «шаңырақ», уық», «кереге», «желбау», «басқұр» т.с.с.) берілген. Өйткені, бұған дейін Мемлекеттік Елтаңбаның қатаң стандарты болмаған-ды. Сондай-ақ, әр детальдың мәні мен мағынасы, тарихи сипаттамасы бүге-шігесіне дейін айшықталған. Және де автор бұл мәселеге заманауи сандық, компьютерлік технология тұрғысынан келіп, нақты параметрлерін айқындаған. Тіпті, бояулардың да дәл түр-түстері сол технологияға сәйкес анықталыпты. Жалпы, стандартпен жұмыс істеуге Жандарбек аға аса ыждаһаттылықпен, асқан жауапкершілікпен жеті жылын жұмсаған екен.
Бұл кісі өзінің осынау ауқымды, баға жетпес жанкешті еңбегі туралы, жалпы елтаңба ұғымы, әсіресе мемлекетіміздің Елтаңбасы, оның өзіндік ерекшеліктері, ұлтты әлем деңгейіне көтерудегі рөлі туралы «Қазақстан Елтаңбасы» атты кітабында жан-жақты, өте тартымды жазыпты. Жиынның екінші бөлімі аталмыш кітаптың тұсауын кесуге арналды.
Жандарбек Мәлібекұлы бүгінде Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті этнографиялық сәулет институтының директоры, профессор, танымал қоғам қайраткері. Туған жері Қызылорда облысының Жаңақорған ауданы болса да, жоғары білімді Ташкентте алып, көрші республикада қырық жылдай қызмет атқарған, сондағы көптеген қалаларда оның жобаларының негізінде жүздеген құрылыс нысандары тұрғызылыпты. Алғашқылардың бірі болып жобасын жасағаннан кейін Самарқандта тоғыз балдық жер сілкінісіне шыдайтын биік ғимарат бой көтерген. Сол қаладағы аса көркем музыкалық драма
театры да Жәкеңнің жобасы бо-йынша салынған. «Өзбекстанның еңбек сіңірген сәулетшісі» атағы қазақтың талантты ұлына берілуі тегін болмаса керек.
Жандарбек ағамыздың үш тілде жазылған, толып жатқан суреттермен, көптеген сызбалармен һәм карталармен тамаша безендірілген, аса сапалы қағазға полиграфиялық үздік шеберлікпен басылған, әлі «сиясы да кеппеген» үш жүздей беттен тұратын кітабы жалпы елтаңба жайындағы, оның ішінде Қазақстан Елтаңбасы туралы нағыз энциклопедия деуге болады. Мазмұнын сыдыртып қарап шыққанның өзінде еңбектің тереңдігіне, ауқымдылығына, ғылыми маңыздылығына көзіңіз жетеді. Міне, тек кейбір тақырыптар ғана: «Елтаңба және киіз үй архитектоникасы», «Елтаңба философиясы», «Тектілік мирасы», «Елтаңба және дәстүр салтанаты», «Елтаңба нобайы қалай жасалды?», т.с.с. Мұның бәрін ҚР Мемлекеттік Елтаңбасы СТ 989-2014 Ұлттық стандартында келтірілген негізгі сипаттамамен-ақ тұжырымдауға болады. Онда былай делінеді: «Мемлекеттік Елтаңбасы қазақ халқының тарихын, мәдениетін, гуманистік дәстүрлерін және руханилығын, жайдарлығын, бостандық сүйгіштігін және ақжүректілігін білдіреді. Мемлекеттік Елтаңба Қазақстан Республикасында тұратын барлық ұлттар мен халықтың бейбітшіл дәстүрлері мен ынтымақтастығын, олардың бірлігі мен тұтастығын бейнелейді». Шынында да, біздің Елтаңбамыз – аса жүйелі, терең философияны сіңірген, қайталанбас символика.
Жәкеңнің кітабы бар қазақ үшін керемет рухани қазына, болашаққа бағдар берер маяк дер едік, ол әр отбасындағы кітап сөресінен орын алуы керек, ал саясат, идеология саласында қызмет істейтіндер үшін ұдайы үстел үстінде жатуы тиіс құрал.  Іс-шараның үшінші бөлімі «Қазақстан Елтаңбасы: қалыптасу тарихы және оның қоғам санасын жаңғыртудағы рөлі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға жалғасты. Конференцияны кіріспе сөзбен университет ректоры, тарихшылардың Ұлттық конгресінің төрағасы, тарих ғылымдарының докторы, академик Ерлан Сыдықов ашты. «Біз жаңа стандарттағы Елтаңбаның алғашқы сәтіне куә болып отырмыз», – деді ол. – Еліне қалтқысыз қызмет еткен Жандарбек Мәлібеков ағамызға алғысымыз шексіз. Ол бойындағы ізгі қасиеттерімен, терең білімімен біздің студенттерімізге сапалы дәріс беріп жүр, Отанды, ұлтты сүюдің нағыз үлгісін көрсетуде. Елтаңба авторына Парламент депутаты Бақытжан Әбдірайым, Қазақстан ардагерлер ұйымы Орталық кеңесі төрағасының орынбасары Өмірзақ Озғанбай, мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяған және ҰОС мүгедектеріне арналған орталық клиникалық госпитальдың директоры Әділхан Абдуллин құттықтау сөздерін жолдады.
Конференцияның пленарлық мәжілісінде академик Болат Көмеков «Мемлекет тарихы және рәміздік құндылықтар» тақырыбында баяндама жасады. Ресейдің сәулет және құрылыс ғылымдары академиясының атынан келген Арнольд Полянский «Мемлекеттік Елтаңба жасаудағы Ресей тәжірибесі: тарихи тәжірибе және мәдени мұра» тақырыбын ашып көрсетті. Еуразия университетінің профессоры Серік Негимовтың баяндамасы «Жаңа Қазақстанның биік тұлғасы» тақырыбына арналды. Өзбекстан қала құрылысы ғылыми-зерттеу институтының жауапты қызметкері Тойыр Қасымов «Өзбекстан тәуелсіздігі және елдің мемлекеттік гербі» туралы кеңінен әңгімеледі. Алматылық сәулет докторы, профессор Бекримжон Глаудинов «Қазақстанның көне қалалары және таңбалы тастар» атты қызықты шолу жасады. Самарқанд құрылыс институтының проректоры Ниматжон Садықов «Орталық Азиядағы елтаңбалар жасау: тарихи тәжірибе» мәселесін терең талдады. Еуразия университетінің профессоры Нәубат Қалиевтың «Елтаңба және рухани жаңғыру» баяндамасы қазіргі күн тәртібіндегі проблемаларды жан-жақты қамтыды. Осы университеттің ендігі бір профессоры Есболат Дүйсебайдың «Қазақстанның қасиетті жерлері және сәулет өнері» атты баяндамасындағы тың пікірлер қатысушылардың санасынан нық орын алды деуге болады. Осы жолдардың авторы да биік мінберден Ж.Мәліковтың кітабы туралы өз ойларымен бөлісті.
Бұдан ширек ғасыр бұрын арнайы құрылған мемлекеттік комиссияның қарауына Елтаңбаның 293 жобасы түскен екен. Жандарбек ағаның нұсқасы 170-інші болып тіркеліпті, бірақ солай болса да ол кісінің туындысы жүзден шыққан жүйрік емес, мыңнан озып шыққан тұлпар болыпты. Хас таланттың бағы осылай жанған.

Ғосман ТӨЛЕҒҰЛ,
Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы,
жазушы-аудармашы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар