Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мемлекеттік қолдаудың арқасында ісім алға басуда дейді айы оңынан туған кәсіпкер - АРҚА АЖАРЫ

Мемлекеттік қолдаудың арқасында ісім алға басуда дейді айы оңынан туған кәсіпкер

 

Бойыңдағы қабілет-қарымың қаптал жететін кәсіпті игеріп, істің көзін табудың сәті кей кезде орала бермейтіні бар. Талайдың деп асыра айтпасақ та «жар басына біткен жантақты жанынан безген нар жейді» демекші, алдына айқын мақсат қойып, сол мақсатқа жету жолында тынымсыз тырбанатындардың алдынан ғана табыстық қақпағы айқара ашылып сала береді.
Аршалы ауданындағы Арнасай ауылының тұрғыны Антон Варварюк та талай кәсіптің басын шалған азамат. Әуелі орта арнаулы білім алған, кейін жоғары оқу орнын оқып бітірген, салық саласының қызметкері. Оның ғұмырында көңілін тоғайтар толымды тірлігі де, ойға алғаны олқы соққан тұсы да аз емес. Өткен жылға дейін жұмыссыз да отырды.  
Шынын айтқанда әуел баста ел игілігіне жарайтын белгілі бір кәсіппен айналысқанды жөн санаған. Несі бар, бойыңдағы қажыр-қайратыңды аямай жұмсап, істеген ісің алдымен айналаңдағы адамдардың кәдесіне жарап жатса, әрі сол арқылы еткен еңбегің өтелетіндей қаражат тауып жатсаң жақсы емес пе. Бірақ, басталар істің басында кездесер алғашқы қиындық, ойға алған шаруаңды орайын тауып тындыру үшін қаражат қажет болады. Айтқандайын, жоспарыңның жөні келуі үшін қолыңнан келер істің жайын жақсы білуің қажет. Бұл орайда, ол біршама тәжірибе жинақтап, ақыл тоқтатқан.
Ойдағы жоспарды базардағы нарық бұзып, қай тұстан кәделі істің тұтқасына жармасамын деп жүргенде ауыл адамдарының сұранысының еске оралғаны. Арнасайда не қат? Темірден жасалған бұйымдар қат. Оның түр-түрі де көп. Тұрғын үйлердің есігі, әдемі де айшықты, көрген адамның көз жауын алатын қоршаулар. Ересек адамның сұқ саусағының жуандығындай сымдарды иіп әкеп, өзіндік ажар, көрік беріп жасаса, тіпті, тамаша. Бұл арада оның ойынша кез-келген кәсіптің шынайы шебері болуы керек. Сонда ғана істеген ісің алға басып, елдің кәдесіне жарайсың. Негізінде ешбір мамандықтың бір-бірінен артық-кемі болуы да мүмкін емес. Оның барлығы да біреуге болмаса да біреуге шарапаты тиетін шаруа ғой. Тек шынайы шебер ғана өзінің жасаған өнімі арқылы абырой-атаққа ие болып, құрметке бөленер еді. Дәнекерлеуші болсаң да  тамаша. Тек тартқан жылу құбырларыңнан қақаған қыстың ортасында сыздықтап су ақпаса болғаны. Жымын білдірмей, атқан оқтай қылып, дәнекерленген жерін жып-жылмағай ететін шеберлер қаншама. Ондай шеберлердің соңынан елдің өзі іздеп жүреді. Шынайы шеберге жарты әлемге жарапазан айтатын жарнаманың да қажеті жоқ.

 

Қабырғасымен кеңесе келе, тұрғын үйінің жанынан цех салып, темір бұйымдарын жасайтын кәсіппен айналысқысы келген. Әуелі жан-жағын барлап күні ертең тапсырыс берушілер бола ма, жоқ па деп бажайлап та алды. Әйтпесе бір істі бастап, аяғына дейін жеткізбей қайтадан тастай берсе, береке бола ма.
Ендігі қысылғаны қаражат жайы. Осы елдегі қолынан іс келеді-ау деген шеберлермен шер тарқасып, алдағы мақсат-мұратын айтып, ой қорытып көрген. Елде қолынан әжептәуір іс келгенімен, тұрақты жұмыс таба алмай жүргендер де бар. Бірақ, олардың бәрінің бірдей өз істерін бастап кетуге тәуекелдері жете бермейді. Күні ертең осыдан бірдеңе шыға ма, шықпайды ма деген жалтақтау басым. Ісің оңынан оралып кетсе жақсы. Бастамай жатып орта жолда ошарылып қалса, алдымен өзінің жігері құм болады, екінші жағынан, өзі істемесе де өзгенің ісінен мін тауып күңкілдейтіндер де табылады. Қазір әне бір жерде айтулы шебер бар екен, жасаған бұйымы қандай деп тамсанудың, үйренейін деп іздеп барудың еш қажеті жоқ. Интернетті басып қалсаң кез-келген бұйымның үлгісінің неше атасын кездестіруге болады. Жасалу жолдары да, қандай материалды қолдану керектігі де, әдіс-тәсілдері де тайға таңба басқандай жазулы тұр. Тек ынта мен ықылас болса жетіп жатыр. Сөйтсе ынта мен ықылас қана емес, қаражат та қажет екен. Өз ісін бастауға бекем бел буған Антон Васильевич мемлекеттің қолдауына жүгінуге мәжбүр болды.
–Алдымен менің ісімнің көзін ашқан, қолтығымнан демеген атаулы әлеуметтік көмек екендігін айтқым келеді,–дейді ол,– әйтпесе, қаражатсыз қарға адым жер ұзап, кәсібіңді бастай алмайсың ғой. Өзге жерді қайдам, осы ат төбеліндей Арнасай ауылында қаншама азаматтар бар. Солар да алғашқы бетте демеу болатын қаражат көзін таба алмай қаңтарылып отыр. Мен өткен жылы «Өрлеу»  жобасы бойынша бір реттік атаулы әлеуметтік көмек алмақшы болып өтініш жаздым. Өз ісімді бастау үшін. Елдегі біз тәрізді қарапайым адамдардың алдынан даңғыл жол ашып отырған осындай бағдарлама шынайы жанашырлық деп айтсақ, ешбір артықтығы жоқ. Сол қаражаттың арқасында кішкентай, бірақ, өзіме әбден жететін цех жабдықтап алдым. Қазір темірдің өзі қымбат. Арзанын іздеймін. Егер қымбат металл алсақ, жасаған бұйымымыздың өзіндік құны тым қымбаттап кетеді де, тұтынушылардың өкпе-ренішіне қаламыз. Сондықтан, әрдайым бұйымымыздың елдің жағдайына қарай арзан болғандығын қалаймыз. Арзан болғанымен, мықты, берік болуы шарт. Алғашқыда жарнамаға иек артамыз ба деп ойлаған едік. Кейін жасаған темір бұйымдарымызды сата келе халықтың өзі тәуір дүниеге жарнама жасайтындығын ұқтық. Мысалы, тұрғын үйінің алдында алыстан көз тартатын көрікті қақпақ немесе оқтай түзу, бір міні жоқ темір қоршау тұр екен дейік. Әлгі затты көріп қызыққан ауыл адамдары қожайынынан келіп мынаны кім жасады, қайдан алдың деп сұрамай ма. Сол кезде біздің жасағанымызды айтса, жарнаманың ең мықтысы сол.
Таяуда Үкімет отырысында Ақмола облысындағы «Өрлеу» жобасына қатысушылар атынан сөз алған Антон Варварюк алғысын айтты. Қазір шағын цехта алты адам жұмыс істейді. Негізінен балалар үйінің түлектері мен көп балалы отбасылардың балалары. Күнделікті қажетті темірді кесетін, тесетін, дәнекерлейтін аспаптармен толық қамтылған. Шағын цех болса да алдымен адам өмірі, оның денсаулығы қымбат болғандықтан техникалық қауіпсіздікті мүлтіксіз сақтайды. Жұмысшылардың еңбекақысы әзірге 70 000 теңгеден айналып отыр. Ауылдық жерде тәп-тәуір табыс. Қолы қимылдаса аузы қимылдайтынын еңбегінің арқасында ұққан көмекшілері қамшы салдырмайды. Әрқайсысының алдынан жұмыс үркіп отырады.
Шағын цехтың бұйымдары Арнасай ауылын былай қойып, іргедегі Астана қаласында да сатыла бастады. Демек, жасалған заттың талапқа сай болғандығы да. Шүкіршілігі мол ауыл адамдарына қарағанда кірпияздау келетін қала тұрғындарының көңілін тауып тұрған бұйымдардың сапасы көңіл тоғайтарлық болғаны да.
–Алдағы уақытта бизнес ауқымын кеңейтуді межелеп отырмыз. Ол үшін бұйым түрлерін көбейту керек. Қазір ептеп қаражат жинап алсақ, ойға алған мақсатымыздың да көп кешікпей жүзеге асатынына сенеміз,–дейді кәсіпкер.
Сөз соңын шиыра айтқанда, біздің кейіпкеріміз ісінің оңға басуы үшін қолтығынан демеген атаулы әлеуметтік көмекке разы екендігін үш қайтара тілге тиек етті. Қарапайым адамға көп дүниенің керегі жоқ қой. Күні кеше өзі не істерін білмей кәсіп таңдаған азамат бүгінде алты бірдей адамға жұмыс тауып беріп отыр. «Бірдің кәсібі, мыңның нәсібі» деген осы да!  

Аршалы ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар