Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тау көтерген толағайдай ұл тумас па?!.. - АРҚА АЖАРЫ

Тау көтерген толағайдай ұл тумас па?!..

 

Қазақ күресінің тым әріде жатқан тылсым тарихы алты Алаштың өмір тарихымен сабақтас. Белдескеннің белін үзетін балуандардың күш сынасуы аламан бәйге, ақындар айтысы сияқты ұлт өнерінің ұлықтауға әбден лайықты ажырамас бір бөлігі. Ілкі заманда исі қазақ қара күштің иесін алып, толағай, балуан деп бөле-жара атап, айрықша қасиет қонған адам ретінде құрметтеп, қошеметтейтін.

Бүгінгі күні де солай. Құрмет пен қошеметтен кенде емес. Әсіресе, «Қазақстан барысында» бабы мен бағы басым болған балуандар атақ пен даңққа кенеліп жатыр. Аталастың емес ауылдастың аты озғанын қалайтын елдің ұлы емеспіз бе, бізді де облысымыздан нешеме жылдан бері бір түйе балуанның шықпауы ойландырады. Осы мәселе сағымызды сындырып тұр.
Асылында қазақ күресінің ең басты ерекшелігі сол, табан тіреп ұстасқан сәтте тобықтан қағуға, шалуға рұқсат етіледі, ал, қолмен қарсыластың аяғына жармасуға әсте болмайды. Одан әдіс-айланың көкжиегі тарылмаса керек. Қазақ күресін жетік меңгерген балуан өзге ұлттардың күресін қиналмай, еркін меңгеріп кетеді. Тіпті, кейбір әдістері күрестің классикалық түрлеріне сай келеді. Мұнда ең бір ерекше тұсы төрттағандау жоқ. Демек, ерлікті, шынайы өрлікті меңзейтін ғажайып күрес.
Соңғы жылдары қазақ күресінің қанат жайып келе жатқандығын барша жұрт көріп отыр. Спорттың бұл түрінің бағын жандырған – Қазақстан барысы. Тек сол дүбірлі додада облыстан ауыр салмақта топ жаратын таланттың шықпай жату себебі неде?
– Ертеректе күрес өнері әсіресе, Қызылту өңірінде жақсы дамыды. Өйткені, ол жерде аз болса да бапкерлер болды. Өзге аудандардан дәл солай қаулап шыға қойған жоқ. Облыс орталығындағы білімнің қара шаңырағы саналатын мектеп-интернатқа шалғайдағы елді мекендердің балалары көп келетін. Солардың арасынан іріктеп алып күреске салдық. Жақсы нәтижелер көрсетті. Бұл ауыл балаларының бағын ашатын мүмкіндік еді. Дәл қазір шалғайдағы шағын ауылдарда күрес секциялары жоқ. Степногорск қаласындағы балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебінде еркін күрес бар, бірақ, қазақ күресін дамытуға көңіл бөлінбей тұр. Менің ойымша, қазақ күресінің бағын жандыру үшін алдымен бапкерлердің өзін іріктеп дайындауымыз керек шығар,–дейді спорт ардагері Махмұт Мұқатаев,–содан соң ауыл-ауылдан, аудандардан іріктеу жарыстарын өткізіп, дарынды балаларды жинап алсақ. Әйтпесе, ауылдағы атанжілік балалардың табиғи күш-қуаты мол болғанымен, күрес секция-
сы болмағандықтан шындап айналыса алмайды. Ал, олар қалалық жерлерге келіп, жоғары оқу орындарына немесе колледждерге түсіп, күрес секциясына қатысқанша есейіп кетеді. Көптен бері ойымда жүрген бір ұсынысым бар. Айталық, облыс орталығында дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернаты бар. Бұл балалар да дарынды балалар ғой. Төменгі сыныптарда оқитын сол балаларды тауып, облыстық білім басқармасымен келісе отырып, жаңағы мектеп-интернатқа орналастырса. Олардың күрес өнерімен айналысуларына жағдай туғызса. Тіпті, тамақтану мәселесін де қамтыса. Ертеректе облыстық білім басқармасында Абзал Насыров есімді басшы болған. Ұлт жанашыры еді. Мен мектеп-интернатта жұмыс істеп жүрген кезімде осы кісіге барып күрес, бокс секцияларын ашу мәселесін шешіп, жаттығу жұмыстарын өткізгенмін. Артынан осы спорт түрлерінен қаншама мықты балалар шықты. Екінші бір себебі, елдің өзі назар аударуы керек. Мысалы, Бейбіт Ыстыбаев Жамбыл облысы Талас ауданының Бөлтірік ауылының баласы. Сол Бейбіт секілді талапкерлерді ел азаматтары кішкентай кезінен бастап қолдаған. Жамбыл мен Қызылорда төңірегінде қазақ күресі жақсы дамып келеді. Ауылдық жерлердегі жаттықтырушыларға балалар мен жасөспірімдер мектебінің штатынан жалақы төленсе, жергілікті кәсіпкерлер өз қалталарынан тағы да қаражат бөледі. Жақсылық, жанашырлық болған жерде ғана көктейді емес пе?
Бар ғұмырын спорт саласына арнаған ардагердің уәжіне бас имеске лаж жоқ. Осылайша сабақталған соқталы ойдың сорабын өзгелер де қоштап-қуаттап отыр.
– Біздің өңірде ауыр салмақты балалар жоқ деп айтуға болмайды. Балалардың бәрі қаңбақтай жеңіл болып қалған жоқ қой. Бейнелеп айтқанда, жақсы материал бар және ол балалар ала жаздай отын жарып, шөп шауып, еңбекпен қайнап піскен мықты балалар, – еркін күрестен спорт шеберлігіне кандидат Оралбек Қайсанов, – оңтүстік өңірден оғыландардың көп шығуы олардың әрбір ауылында күрес үйірмелері бар. Әрі ол өңірде әр тойда, әр аста балуандардың белдесуі өткізіледі. Мұның өзі тәжірибе. Күрес сайын тіпті, жеңіл машинаға дейін бәйге тігіледі. Сайып келгенде мұның өзі балаларды ынталандыру. Әрине, дәл осы арада екі ұдай пікір айтылып жататынын естіп жүрміз. Кейбіреулер жас балуандарды дүниеге қызықтырмау керек дейді. Мысалы, ата-бабаларымыздың бізге мұра болып қалған бұрынғы ұлағатын еске түсірейікші. Бағзы заманда күресті ұйымдастырушылар жеңіске жеткен балуанға атан түйе бастаған үйір жылқы берді емес пе. Ат мінгізді, шапан жапты. Күрес оңай-оспақ өнер емес, оған көзсіз берілген, жан-тәнімен қалаған, шыдамы мықты талапкер ғана қатыса алады. Сол жанкешті еңбегінің өтеуін алып жатса, оның несі жаман.
Қазақтың ұлттық спорт өнері, оның ішінде біз көлеңкелі тұсын қаузап отырған қазақ күресі неге дамымай отыр, тау көтерер толағайдай талапты ұлдың, түйе балуанның болмауы неден деген сауалға жауап іздеп облыстық ұлттық спорт түрлері бойынша спорт мектебінің директоры Марат Қойшинмен тілдестік.
– Балуандардың бар екені рас. Күрес мектебінің есігін аша алмай жатқан талаптылар қаншама. Ынта да, ықылас та жеткілікті. 74 келі салмақ дәрежесінен 80 келі салмақ дәрежесіне дейінгі аралықта боз кілемде белдесіп жүрген саңлақтар жетіп артылады. Таяуда Қазақстан барысын ұйымдастырушыларынан нұсқау келді. Бұдан былайғы уақытта жарыс тек 90 келіден жоғары балуандар арасында өткізілмекші. Міне, сол кезде жеңіл салмақтағы балуандардың бағы жанбай қалуы әбден мүмкін. Ал, түйе балуан неге шықпай жатыр деген мәселе бәрімізді ойландырады. Сын айтып жатқандар да аз емес. Бірақ, енді осы жалпы ұлтқа қатысты дүниенің арыдағы, былайғы адамның көзіне түсе бермейтін себептерін жіпке тізгендей етіп саралап көрейікші. Ең бірінші мәселе, ұлттық спорт түрлерін дамытуға арналған спорт мектебі біреу-ақ. Менің ойымша, барлық
ауданды түгел қамту үшін әр ауданның спорт бөлімінде тым болмағанда бір-бірден жаттықтырушылар болу керек. Біз әзірге осыған қолымызды жеткізе алмай отырмыз. Мен бұл мәселені талай рет айттым, алқа мәжілісінде де көтердім. Әзірге еш нәтиже жоқ. Айталық, қазақ күресіне дәл футбол ойынындай көңіл бөлінбей тұр. Футбол әр ауылда, әр ауданда бар ғой. Бірақ, соның нәтижесі қайда. Өздеріңіз көріп отырсыздар, «Оқжетпес» футбол клубында сырттан келген ойыншылар ойнайды. Қаншама қаражат бөлініп, қолайлы жағдай туғызылып жатса да. Егер қазақ күресіне дәл осындай көңіл бөлінсе, баяғыда түйе балуанның талайы шығар еді. Мен сала басшыларының алдына Степногорск қаласындағы балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебінде еркін күреспен қатар қазақ күресін де ашу қажеттігі туралы сан мәрте мәселе қойдым. Жаңағы күрес өнеріне қолы жетпей жүрген ауыл балаларының тәлім-тәрбиесімен айналысатын жер сол емес пе. Мектепті сол үшін ашып отырған жоқ па. Ендеше неге ауыл балалары қағажу көруге тиісті.
Шынында да, маманның айтқан сөзінде дән бар екендігі рас. Өзге спорттың талайын дамытуға жанашырлық жасалып жатқанда қазақ күресі десе кежегелері кері тартатыны несі екен. Күні кеше батырлар мен балуандардың бесігі болған Қараөткел мен Көкшетаудың ен даласында білегінде бұла күш бұлқынып жатқан айтулы тұлғалар аз болған жоқ қой.
– Көзқарастың бірдей еместігін дәлелдеу үшін тағы бір мысал айта кетелік, – дейді мектеп директоры Марат Қойшин, – мысалы облыс орталығында олимпиада резервтерін даярлайтын орталық бар. Онда спорттың өзге түрлерімен айналысатын балаларға ағзаларын жетілдіріп, тәндеріне қуат беру үшін қосымша тамақтандыру ұйымдастырылған. Қазақша күреспен айналысатын бозбалаларға бұл да бұйырмай тұр. Айтатын себептері, қазақ күресі олимпиадалық ойындардың қатарында жоқ.
Биылғы республикалық сайыста облыс намысын әрқайсысы жүз келіден артық салмақтағы Целиноград ауданының өкілі Бекбол Нұрланұлы мен Жақсы ауданының жайсаңы Дәулет Әшірхановтар қорғайтын болады. Бұған дейін кіл жеңіл салмақтағы жігіттер қатысып, бағымыз қайтып жүр еді. Ендігі үміт Бекбол мен Дәулетте.
Міне, ілгері басқан қадамды кері тарту, жігерді жасыту деген осындай бір қарағанда елеусіз болып көрінетін себептерден пайда болады. Бар саналы ғұмырын ұлттық спортты дамытуға арнап жүрген мамандардың айтуына қарағанда, өлкемізден түйе балуан шықпауының себептерінің бір парасы осындай екен. Бар салмақты сала басшыларына артып кінәлау үшін емес, қазақ күресінің бағын жандыру үшін жаздық осы пікірді.

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар