«Бурабай» спорт сарайының директоры Сергей Копытов: «Үлкен теннис бізде де дами бастады»

Қазір елімізде үлкен теннис ойыны белсенді дамуда. Әсіресе, жастар арасында бұл спорт түріне қызығушылық басым. Облыс орталығында осыдан бірер жыл бұрын теннис корты ашылған болатын. Корт «Бурабай» спорт сарайының меншігі.

Осыған орай, газет тілшісі спорт сарайының директоры, ауыр атлетикадан еліміздің бұрынғы бетке ұстар  спортшыларының бірі Сергей Копытовпен жолығып,  әңгімелескен еді. Төменде осы сұхбатты оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

 

– Көкшетау қаласында соңғы жылдары теннис орталығы бой көтергені белгілі. Алдымен, осы орталықтың тыныс-тіршілігі туралы таратып айтып берсеңіз.
– Осыдан үш жыл бұрын ашылған теннис орталығы барлық заманауи стандартқа сай жасалған. Жасөспірімдерді үлкен спортқа тәрбиелеуге, жергілікті халықтың салауатты өмір салтын қалыптастыруға қосар үлесі мол. Спортпен ұдайы, тұрақты шұғылдану – мықты денсаулық кепілі. Сол себепті, адамдардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін келушілерге барлық қолайлы жағдай жасалған. Қазірдің өзінде
8 жастан 13 жас аралығындағы Тайыр Қайретдинов, Кира және Радион Трайгерь, Шыңғыс Сұлтанов, Багдан Захаров, Анна Мукаш пен Аружан Нұранбай есімді жас спортшыларымыз облыстық, республикалық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Ал, жарыстарға біз балаларды тек жүлделі орын алу үшін ғана жібермейміз. Ең бастысы, республикамыздың өзге аймақтарындағы спортшылардың деңгейін көріп, білмегенін үйренсін деген ниетпен аттандырамыз. Себебі, тәжірибе жинақтау қажет. Спортшыларымыз Астана, Алматы, Шымкент, Қостанай, Павлодар, Қарағанды сияқты республикамыздың ең ірі қалаларында өтетін жарыстардың барлығына қатысады. Мәселен, Қарағанды қаласында 5-7 жас аралығындағы балалар арасында өткен жарыста Лев Цветков есімді тәлім алушымыз теннистен бірінші орын алды. Ал, Нонна Стегонцова есімді жас спортшымыз 2-ші орынды иеленді. Сонымен қатар, облыс орталығында биылғы жылы 8-10 жас аралығында балалар арасында өткен жарыста Анна Лукаш жүлделі орыннан көрінсе, Аружан Нұранбай да екінші орын алды. Ал, 11 жастағы Романа Ульянова теннистен Ұлттық құрамаға ойнауға шақырылды. Міне, өз шәкірттеріміздің осындай жетістіктеріне қуанамыз. Себебі, тәлім алушыларымыздың жеңісі біздің жеңісіміз.
– Сіздің орталықта кімдер жаттыға алады және бағасы қарапайым халық үшін қолжетімді ме?
– Теннис – адамға рухани жігер беретін, шапшаңдыққа үйрететін спорт түрі. Біздің есігіміз осы спортпен шұғылданамын деген әр адамға ашық. Кішкентай балалар 5 жастан қабылданса, үлкендер жағының жас ерекшелігі маңызды емес. Корт сенбі, жексенбі күндері таңғы 8.00-ден түнгі 22.00-ге дейін жұмыс істейді. Ал, жұмыс күндері 19.00-ге дейін келушілер жаттыға алады. Жалпы, ойнау бағасы 2000 теңгеден 4000 теңгеге дейін барады. Жеңілдіктер де қарастырылған. Мысалы, он екі күнге келуге арнайы билет алған келушілер 3000 теңгесін үнемдейді және бірінші, екінші және үшінші топтағы мүгедектерге, көпбалалы отбасылардың балаларына, балалар үйінің тәрбиеленушілері мен бұрын спортшы болып, қазір зейнетке шыққандарға біздің орталықта теннис ойнау тегін. Қазіргі таңда 200-ге жуық бала теннистің қыр-сырын үйреніп, сабақтарға қатысып жүр.
– Тенниске қандай балаларды қабылдайсыздар?
– Теннисті тұрақты ойнаған жанның денсаулығы жақсаратыны жасырын емес. Себебі, адамды дұрыс тыныс алуға үйретеді, жаттығу кезінде шынығады, адамды тез шешім қабылдауға үйрететін спорт түрі. Сондықтан да, ешкімге зиянын тигізбейтін, керісінше, адамның бойына сергектік дарытып, көңіл-күйдің үнемі көтеріңкі жүруіне ықпал ететін бұл спорт түріне медициналық сараптама барысында денсаулық кінәраттары байқалмаған талапкерлердің барлығы қабылданады.
– Ал, жаттығулар қалай өтеді?
– Бізде төрт теннис жаттықтырушысы бар. Олардың барлығы арнайы дене шынықтыру мамандығы бойынша білім алған, тәжірибесі мол, өз ісінің білгірлері. Орталықта үш секция бар. Бірінші топ спорттық-сауықтыру деп аталады. Мұнда сабақтар ақылы өткізіледі. Ал, екінші топ спорттық-жетілдіру тобы. Бұл жерге көбінесе теннис спортына деген ерекше талпынысы бар балалар іріктеліп алынады және сабақтары да тегін жүргізіледі. Олар түрлі жарыстарға қатысып, шеберліктерін шыңдап отырады. Ал, үшінші топ ересектерге арналған. Үлкендер жағы тенниспен денсаулығын қалыпты жағдайда ұстау үшін айналысатыны жасырын емес. Сондықтан да, біз өз кезегімізде келушілеріміздің көңілінен шығуға талпынамыз. Балалар арасында жылына 11 турнир өткізсек, ересектер арасында бір жылда 4 жарыс өткізіп отырамыз. Теннистен Қазақстан Республикасы құрамасының мүшесі, 2014 жылы Инчхонда өткен Азия ойындарының жеңімпазы Александр Недовесов балалармен шеберлік сыныбын өткізді. Осындай шеберлік сыныптарын жиі өткізуге тырысамыз.
– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбатты жүргізген Назгүл РАБИЛОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар