Арманы асқақ ақын Амантай Ахетов жетпіс жаста

 

Көп балалы шаңырақта өскен перзенттер барынша бауырмал болады. Тағдырдың салған ісіне де иықтарын бірдей төсемек. Өмірдің өкпек желіне бір-біріне қорған болып, бір-біріне қамқор болып қарсы тұрмақ. Біз де әке-шешеміз өмірден өткен соң бірімізді-біріміз қарасын тұтып, елбесіп-селбесіп ер жеткеніміз бар.

 

Тылсым сырға тұнып тұрған шығыстың қанатты қағидаларының бірінде жарық дүние есігін ашар әрбір перзент ата-анасын өздері таңдайды дейтін ұғым бар. Егер осы ұғым шындыққа жанасса, біздің үйдің балалары бақытты. Әкеміз Қойшыбай Ахетов облыстағы журналис-
тика саласының ақсақалдарының бірі болатын. Өмірден көргені мен түйгені мол, көкірегіне тоқығаны ұшан-теңіз абзал әке бауыр еті балаларына тәлімді тәрбие бере білді. Таратып айтатын болсақ, мынау жарық дүниеге ғашық етті. Он сегіз мың ғаламның тылсым сырын, тұңғиық мағынасын санамызға сіңіруге талпынды. Кешегі кеңес заманында адамды аяу кемітумен бірдей дейтін қасаң қағида болатын. Негізінде аяй білу, аялай білу адам айтқысыз жақсы қасиет. Аяуды білмейтін адам жақсылық жасауға да қабілетсіз. Ананың өзі алдымен аяп, сонан соң сүйеді емес пе. Ал, егер оның абзал жүрегіндегі аяу сезімін алып тастаса, не болар еді.
Тұңғыш перзенті Ақанды жер бесіктің құндағына бөлеген ата-ана қатты қайғырса керек. Өйткені, көтерсе қолды талдырған, сүйгенде мейір қандырған тұңғыштың аты тұңғыш емес пе. Амантай туғанда алдыңғы қайғының қара бұлтын сейілте келген. Ата-ананың көкірегінде төңірекке шуақ шашып, жарқырап күн туған, үміт оты лаулаған. Өшкен жанғандай, жоғалған табылғандай. Қам көңілдің кетігін өзі толтырған соң, шектен шығып кетпесе де, бетінен ешкім қақпай бұла болып өскен. Ерке болса да есті. Ол жылдар жалпы жұртшылық үшін таршылық қос бүйірінен қысқан қиын заман болса да, жаратқаннан тілеп алған ерке ұл ауыртпалықты сезінбей өсті. Перзент аңсаған әкенің ыстық пейіліне, ананың таңғы шықтай мөлдіреген махаббатына бөленіп.
Арада жылыстап жылдар өтті. Кешегі сәби бүгін жетпісте. Уақыттан жүйрік не бар, шіркін. Бірақ, менің көзіме Амантай әлі жас сияқты болып көрінеді. Құтты баяғы бозбала кезіндегідей арманшыл, тұла бойы жалын атқан жігерге толы. Сол жігерімен бізге де дем береді, біздің де көңілімізді демдейді. Арман деп аталатын сырлы әлемге өзімен бірге сүңгітіп, қанатты қиялымен жер-көкті шарлап кеткенде қызылды-жасылды дүниенің ес жиғызбас қызығына бірге елітіп, еліктіреді. Арманы да аппақ, тап-таза.
Ақылды адам атшымен де, хатшымен де, тіпті, академикпен де тіл табыса бермек. Әңгіме-дүкен құру бір басқа, тілдескен адамыңның бойында іліп алар бір жақсы қасиет болса, өзіңнің өн бойыңа жапсыру өзгеше өнер. Амантай да сондай. Өз заманының озық ойлы адамдарымен тілдескенде өз бойына жақсы қасиеттерін жұқтыра жүреді. Оның тіпті, қонарға жер таппай қалған пақырды да, вокзалда кездескен бейтаныс адамды да қолынан жетектеп әкеліп, үйіне қондыра салуы мүмкін. Мұндай дархандық, қысылған адамдарды аяп тұру анамыз Күлхадиша Шайжановадан дарыған қасиет.
Ағам туралы ақтарыла сыр шерткенде тереңдей таратар тақырып та аз емес. Ол отыздан астам көркем, поэзиялық шығармалардың авторы. Көптеген энциклопедиялар мен антологиялардың редакторы, публицист, журналист.
Тәуелсіздік таңы уылжып атып, жарқырай шапағатын төккен кезде аға егеменді еліміз жайлы елеулі еңбектер жаза бастады. Сол еңбектері лайықты бағаланды да. Олардың ішінен Александр Пушкин атындағы Ресей медалін мақтаныш тұтады. КСРО Баспасөзінің үздігі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері. Осындай тізімді  әрі қарай соза беруге болар еді.
Мені де әдебиетке тартқан ағам болатын. Өзі айрықша қадір тұтатын Скотт Фиджеральд, Жорж Амаду, Габриэль Маркес, Теодор Драйзер, Джек Лондон тәрізді жазушылардың шығармаларының шуағына сүңгітіп жіберді. Ленинград қаласында ақын Всеволод Рождественскиймен кездескен сәтін де кейде-кейде есіне алып қояды. Әлде қобалжығандықтан ба, әлде басқа бір сезім бойын билеп кетті ме екен, әйтеуір, Абайды түпнұсқадан оқышы деген өтінішіне жауап бере алмай қалса керек. Осы бір өкініші жігерін жанып, Ленинградтан оралған соң қазақ ақындарын орыс тіліне аударуға себепші болды. Сөйтіп, Мағжан, Ілияс, Сәкен, Мұқағалиларды ормандай қалың орыстың оқырмандары оқи бастады. Ал, аударма ісі –
ардың ісі делінетіндіктен, жауапкершілік жүгі жетіп жатыр. Бойындағы бар күшін, қажыр-қайратын, содан соң табиғат сыйлаған дарынын сарқа жұмсаған ол түнімен жұмыс істейтін. Ал, күндіз өзінің жауапты жұмысы бар. Мен осындай сәттерде ағамның қалай қажымай-талмай, орта түспес ой теңізінде қиялының ақбас толқындарымен алысып жүретіндігіне таң қалушы едім. Неткен табандылық, не деген төзім?!.
Алматы қаласында оқыған кезімде тағдырыма мың мәрте шүкіршілік айтқан шығармын. Ағамның жанында жүріп әдебиет әлемінің қыр-сырына қанықтым. Оның достары елге аты шыққан айтулы тұлғалар. Сондай тұлғалардың шығармашылық еңбегімен таныстым. Бір-бірін қалай сыйлайтындықтарын көріп, тәлім алдым. Бақытжан Момышұлының менің ағам туралы: «мың рахмет саған, жаныңның тазалығымен жаратқанға сенгенің үшін!» деп жазатын ақадал алғыс бағасы бар.  Қазақ КСР мемлекеттік баспа комитетінде ұзақ жыл төрағаның  көмекшісі болып үзіліссіз жұмыс істеген ағам әдебиет өлкесіне енді ғана қадам басқан талай жасқа жанашыр бола білді.
Бүгінде әке-шешеміздің ошағының отын өшірмей, қара шаңырақта отырып, отбасылық мұрағатты көздің қарашығындай сақтай жүріп, ағама қатысты құжаттарды ақтарамын. Олардың арасында уақыттың табынан сарғайып кеткен газет кесінділері, алғашқы балауса жырлары да бар. Интернет атты құдірет қызмет ете бастаған тұста бағзы замандағы газет қиындыларын сақтаудың өзі біртүрлі болып көрінетін шығар. Бірақ, сарғайған қағаздар сарғайған сағыныш іспетті. Сол сағыныштың сары алтын буына шомылып отырып ағамның қаламынан туатын жаңа жырлардың жанға жайлы, мөлдір шуағына шомылғым келіп кететіні бар.
Әлия АХЕТОВА,  публицист қаламгер.       

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар