Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Сотқа сенім – демократиялық қоғамға сенім - АРҚА АЖАРЫ

Сотқа сенім – демократиялық қоғамға сенім

 

Ұлт жоспарында экономикалық, әлеуметтік салаларды дамытумен бірге сот, құқық салаларын заман талабына сай қайта құру, қызмет көрсету сапасын жақсарту жайлары да қарастырылған. Бүгінде биліктің бір тармағы болып қалыптасқан сот жүйесіне жүктелер міндет жүгі  ауыр және ауқымды.

 

Олай болатын себебі, экономикалық дамуға әсерін тигізетін осы саладағы дау-дамайларды созбай жедел және заң шеңберінде шешу соттың мойнына жүктеледі.  Әлемнің ірі алпауыт елдері осындай ұзақ мерзімді стратегиялық даму жүйелері арқылы заңның үстемдігін мызғымас қағида ретінде халықтың санасына берік сіңіріп, сол арқылы экономикалық жағынан өркендеуге, құқықтық тәртіпке қол жеткізген. Осы орайда, Ұлт жоспарында қамтылған бес функционалды реформаның бірі болып саналатын  – меншік құқығына кепілдік беретін, кәсіпкерлік қызмет үшін, келісімшарттық міндеттемелерді қорғау үшін жағдай жасайтын заңның үстемдігін қамтамасыз ететін сот жүйесіндегі қайта құрулардың маңызы зор екендігі түсінікті. Бұл, бір жағынан, «Қазақстан-2050» стратегиясын тиімді әрі нәтижелі жүзеге асырудың маңызды бір тетігі болса, екінші жағынан, Ата Заңымызда жария етілген құқықтық мемлекет құрудың негізгі ұстанымы болып табылады. Сондай-ақ, бұл – еліміздің экономикалық тұрғыда табысты дамуының бірден-бір кепілі. Бұның өзі Қазақстанда толыққанды нарықтық экономика қалыптасқанын және мемлекеттік саясатта сондай экономиканың басты қағидалары заң тұрғысынан қорғалатынын білдіреді. Заң үстемдігін қамтамасыз ету – заңдылық қағидасынан туындайтын түсінік қана емес, ол күнделікті өмірде құқықтық тәртіпті сақтаудың басты талабы. Кез-келген салада – құқық қорғау, экономика, әлеуметтік, білім беру, кәсіпкерлік және басқа салаларда заңдармен белгіленген құқықтық тәртіп берік орнығуы тиіс. Сол тәртіпті сақтау заң үстемдігі қағидасынан бастау алады. Әсіресе, нарықтық экономикаға негізделген қоғамдық қатынастарда бұл қағиданың мызғымастығы экономиканы дамытуда шешуші маңызға ие.
 Қазақстанның бүгінгі даму кезеңінде шағын және орта бизнесті дамыту, азаматтарымыздың іскерлік бас-
тамаларына қолдау көрсету табысты дамуымыздың кепілі ретінде қарастырылады. Тәуелсіз Қазақстан қазіргі күні өзінің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуының жаңа деңгейіне көтерілді. Сондықтан да, заңдарды қолдану, оны орындау жүйесі де осыған сай болуы керек. Бұл ретте азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету үшін сот жүйесі қатарларын оңтайландыру, яғни, бұрынғы бес сатылы жүйеден, үш сатыға көшу қарастырылды. Соның арқасында қазір  істерді сөзбұйдаға салмай, қысқа мерзімде аяқтауға мүмкіндік тууда. Ал, сот мәжілістерінің ашықтығы сыбайлас жемқорлықтың жолын кесіп қана қоймай, жұртшылықтың сотқа деген сенімін арттыруға да игі ықпалын тигізеді.
Іс тетігін қай жерде де білікті маман кадрлар шешетіні белгілі. Осы орайда, сот жүйесінде қызмет ететін судьяларды іріктеуге қойылатын талап та күшейе түсті. Судьялыққа үміткерлер  қатаң сүзгіден өтеді, міндетті талаптың бірі  – сот істерін жүргізуге қатысудың 5 жылдық өтілі. Судьялыққа үміткерлер соттарда стипендия төленетін бір жылдық тағылымдамадан өтеді. Сол іріктеулерден сүрінбей өткен үміткер оған қоса тағы бір жылдық сынақтан өтеді. Міне, осылайша қатаң іріктеу арқылы қабылданған судья мамандарының сапасы жоғары болатыны анық.
Сот істерінде электрондық жүйенің кеңінен енгізілуі жемқорлық заң бұзушылықтардың алдын алып қана қоймай, соттың қолжетімділігіне және жеделдігіне де игі ықпалын тигізеді. «Сот кабинеті» жүйесі арқылы жүргізілетін «Сот құжаттарымен танысу» сервисі, сот процестерінің бейнедыбыс жазба жүйесі, СМС және электронды хабарламаларды қолдану  секілді жобалар жүзеге асырылуда. Бұлардың бәрі де сот қызметін қолжетімді етуге және оның жұмысының ашықтығын қалыптастыруға оң әсер етуде.
Уақыт бір орнында тұрмайды. Өміріміздің барлық саласына күн сайын енгізіліп жатқан жаңа технологиялар  замана көшінен қалып қоймау үшін үнемі өз білімің мен біліктілігіңді жетілдіруді талап етеді. Елбасының Ұлт жоспарының мақсаты да еліміздің азаматтарының замана көшінен қалмай, кәсіби біліктіліктерін арттыруға көңіл бөлуін қамтамасыз ету. Сот жүйесінің қызметкерлері де осы бағытта  алға қойылған міндеттерді еңсеру  жолында аянбай еңбек ете беретін болады.

Нұрсұлтан РАХЫМБЕРЛИН,
Көкшетау қалалық мамандандырылған  әкімшілік сотының төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар