Тың инвестициялық жобалар өз нәтижесін беруде

 

Мемлекет басшысы өзінің ел халқына арнаған биылғы Жолдауында Қазақстанның үшінші жаңғыруын жүзеге асыру және еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құру міндетін қойды. Жаңа индустриямен бірге өнеркәсіп, агроөнеркәсіп кешені, транспорт, логистика және өзге  дәстүрлі базалық салаларды дамытуға серпін беру көзделуде.

 

Бұл бағытта облыста бірқатар жұмыстар атқарылуда. Өңірді индустриалдық-инновациялық дамыту Президент Жарлығымен бекітілген индустриалдық-инновациялық дамыту мемлекеттік бағдарламасының бағыттары, міндеттері мен басымдықтары негізіне сәйкес жүргізіледі. Индустрияландырудың негізгі тетігі – өңірдің салалық мамандандырылуына сәйкес, өңдеуші өнеркәсіптің басымдық секторына инвестиция тарту. Біздің өңірде азық-түлік тағамдары, металлургия, машина жасау, құрылыс индустрия-сы, химиялық өнеркәсіп өндірісі тәрізді өңдеуші өнеркәсіптің дәстүрлі салаларын атауға болады. Жаңа инвестициялық жобалар – бұл экономиканы жаңғыртудың желісі, оның бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Бірінші кезекте бұл жаңа тұрақты жұмыс орнын ашады, салық төлемі аударылады.
Индустрияландыру картасы аясында мемлекеттік бағдарламалар жұмыс істеген жылдары 78 жоба пайдалануға беріліп, 7 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Облыс жобалар саны бойынша республикада үшінші орыннан, инвестициялық жобалардың жалпы көлемі бойынша алтыншы орыннан табылды. Негізінен бұл жобалар азық-түлік тағамдары өндірісі, құрылыс материалдарын шығару, металлургия, машина жасау, химиялық салалар мен агроөнеркәсіп кешені тәрізді өңдеуші өнеркәсіпті қамтыған. Атап айтқанда, Зеренді ауданындағы «Алтынтау-Көкшетау» акционерлік қоғамының алтын өндіретін фабрикасы, Көкшетау қаласындағы «ЕНКИ» серіктестігінің кірпіш зауыты, Степногорск қаласындағы «Казатомпром» күкіртқышқыл зауыты, Целиноград ауданындағы «Capital Projects» серіктестігінің бройлерлік құс фабрикасы, Көкшетау қаласындағы «Қазақстандық Агро Инновациялық Корпорация» серіктестігінің ауыл шаруашылығы және коммуналдық техникалардың индустриялық-технологиялық паркі және өзгелері облыстың өнеркәсіп өндірісі мен жалпы өңірлік өнімге сүбелі үлесін қосып жүр. Нәтижесінде соңғы екі жылдың қорытындысы бойынша облыстың жалпы өңірлік өнімінде өнеркәсіптің үлесі тұрақты артып, 20 пайызды құрады. Осының бәрі дамыған аграрлық-индустриялдық облыс болуға мүмкіндік берді. Өткен жылы Индустрияландыру картасына қатысушы кәсіпорындардан мемлекеттік бюджетке 27 миллиард теңге түсті. Индустрияландыру картасының бірінші бесжылдығында жобаларды іріктемей, салалық жағынан шектемей енгізуге болатын. Ол кезде бұл бағдарламалардың мақсаты мен міндетіне сәйкес болып, белгілі нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік берді. Мемлекеттік бағдарламаға енгізілген өзгеріске сәйкес, биылғы жылдың басынан бастап Индустрияландыру картасын құру өзгерді. Екінші бесжылдықта еңбек өнімділігін арттыруға және өңделген тауарлар экспорты көлемін көбейтуге бағытталған өңдеуші өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін ынталандыруға назар аударылатыны анықталды. Биылғы жылы республикалық Индустрияландыру картасы мен Өңірлердегі кәсіпкерлікті қолдау картасына тек қана мемлекеттік қолдауға ие болған жобалар енгізіледі. Бұл талаптарды есепке алып, сондай-ақ, Инвестициялар және даму министрлігінің ұсынысына сәйкес, қолданыстағы Өңірлік карта қайта қаралып, жаңа критерийлерге сәйкес келмейтін жобалар алынып тасталады. Индустриалдық-инновациялық даму жөніндегі өңірлік үйлестіруші кеңестің отырысында мемлекеттік қолдауға ие болмаған 28 жоба алып тастау жөніндегі мәселе қаралады.
Индустриалдық-инновациялық дамыту мемлекеттік бағдарламасының 2017-2021 жылдары пайдалануға берілетін 33 жобасы жүзеге асырылуда. Нысандар пайдалануға берілгенде 6,5 мың тұрақты жұмыс орны ашылады. Биыл 800 жұмыс орны бар 5 жобаны іске қосу жоспарланған. Бұдан басқа 3 жоба Кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілмекші. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы қала мен аудан әкімдіктерімен бірге Индустрия-
ландыру картасының жобаларынан өзге экономиканың барлық саласында өңірлерде жүзеге асырылатын маңызды инвестициялық жобалар тізімін құруда. Биылғы жылы облыста 2655 тұрақты жұмыс орны бар жүз инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Барлық жобалар салалық бағытқа қарамастан тізімге енгізілді. Оның ішінде қызмет саласы, сауда, агроөнеркәсіп кешені, туризм және спорт бар. Негізгі үлес өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, сауда мен қызметке тиесілі.
Бүгінгі таңда 6 жоба пайдалануға беріліп, 79 жұмыс орны ашылды. Жобаларды жүзеге асыру облыстық кәсіпкерлік пен өнеркәсіп басқармасы мен өңір әкімдерінің тұрақты бақылауында. Индустриалдық-инновациялық дамыту мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылып жатқан жобаларының ең маңыздысы Еңбекшілдер ауданындағы «Көкше-Цемент» серіктестігінің цемент зауытының құрылысы және Жарқайың ауданындағы «Масальский ГОК» серіктестігінің темір кен орны базасындағы тау-металлургиялық кешенінің құрылысы болып табылады. Осы нысандар пайдалануға берілгенде 3381 жұмыс орны ашылады. Шешуші әрі ең маңызды мәселелердің бірі – пайдалануға берілген жобалардың жоспарлық қуатын игеру. Биылғы жылы 45 жоба өз жоспарлық қуатын 90 пайыздан жоғары, 24 жоба 50 пайыздан 90 пайызға дейін, 1 жоба 50 пайызға дейін игеруде. Осы орайда, жаңа сегіз жоба есепке алынбады. Аталмыш жобалардың әрқайсысы бойынша жоспарлық қуатқа шығудың тиісті жол картасы жасалды. Көкшетау мен Степногорск қалаларының және аудандардың әкімдері іске қосылған кәсіпорындардың жоспарлық қуатын игеру мәселесін тұрақты бақылауда ұстап, өнім өндіру мониторингісін ай сайын жүргізуі қажет. Келісіліп, бекітілген кестеге сәйкес, өңірлерде жүзеге асырылып жатқан барлық жобаларды уақытында пайдалануға беруді қамтамасыз ету керек. Индустрияландыру бағдарламасының критерийлері мен жағдайларына сәйкес, жаңа жоғары технологиялық жобаларды іздеу жұмысын жалғастыру қажет. Облыстағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жұмысы тұрақты бақылауда. Индустриалдық-инновациялық дамытудың анықталған басымдықтарына сәйкес Елбасының саясатын одан әрі жүзеге асыру жолында барлық күш-жігерімізді саламыз.

Ербол ОСПАНОВ,
облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар