Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бюджет қаржысы неге толық игерілмейді?.. - АРҚА АЖАРЫ

Бюджет қаржысы неге толық игерілмейді?..

 Облыстық мәслихаттың хатшысы, Қоғамдық кеңестің төрағасы Дулат Нұрмолдиннің төрағалығымен өткен кеңес отырысында  бюджеттің игерілуі туралы мәселе қаралды.

  Қоғамдық кеңес 2016 жылға арналған облыстық бюджеттің орындалуына қатысты облыстық қаржы басқармасының басшысы Талғат Бөлтенов пен облыстық тексеру комиссиясының төрағасы Мереке Мұстафиннің есептерін тыңдады. Облыстық қаржы басқармасы басшысының мәлімдеуінше, өткен жылы 2015 жылмен салыстырғанда меншікті кірістердің үлесі аздап төмендеген. Сонымен бірге, игерілмеген қаржының көлемі 1 миллиард теңгеден асқан, ал, толық төленбеген алым-салық 23,8 пайызды құрапты. Құрылыс, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармалары, төтенше жағдайлар департаменті бөлінген қаржыны толық игере алмаған. Тиісті шараларды жүргізбеудің салдарынан дебюторлық қарыздар 288,5 миллион теңгеге жеткен. Бюджетті инвестициялық жобалар, атап айтқанда 106 жобаның 16-сы жүзеге асырылмаған. Сондай-ақ, 43 бюджеттік бағдарлама бойынша тікелей және соңғы нәтижелер жоқ. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасында жолдарға жөндеу жұмыстарын жүргізудің түрлері бойынша немесе бөлек жобалардың құнын жоғары бағалау, не болмаса жолдарға ағымдағы, күрделі және басқа да жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде оның түрлерін бұрыс жіктеу секілді айырмашылықтардың көптігі баса айтылды.
Тексеру комиссиясы төрағасының есебінен кейін бюджетті орындауда кездесетін кемшіліктер мен заң бұзушылықтар, мемлекеттен бөлінген қаржының толық игерілмеуіне немесе мақсатсыз жұмсалуына қатысты тиісті мекемелердің басшылары – лауазымды тұлғалардың жауапқа тартылмайтындығы да бір себеп деп айтылған пікір орынды. Өйткені, мекемелерге жүктелген жобалардың іске асырылуы немесе бюджеттің толық игерілмеуі бойынша жазаланған, жауапқа тартылғандардың барлығы да бөлім мамандары мен басшылардың орынбасарлары екен. Осы орайда, қоғамдық кеңестің төрағасы «жауапқа тарту мен жазалауды басшылардан бастау қажет» дегенді айтты.  
Бұдан соң, облыстық бюджеттің толық игерілмеуіне көбірек жол берген құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Елена Искакованың баяндамасы тыңдалды. Ол республикалық бюджеттен бөлінген 450 миллион теңгеден астам қаржының игерілмей қалуының себебін Бұланды ауданындағы құс фабрикасының инженерлік инфрақұрылымының жұмыстары кестеден кешігіп, артта қалып жатқандығын және Зеренді ауданындағы тәулігіне 250 орынға шақталған жаңадан салынған емханаға қатысты тексеру жұмыстары жүріп жатқандығын, 42 миллион теңге осы нысанға арналғандығын айтып, түсіндірді, құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушыға кеңес мүшелері жыл сайын осы мекемеге бөлінген қаржының толық игерілмей жататындығын, жыл сайын осы тәріздес ақталулар орын алып тұратындығын айтып, жұмысқа жауапкершілікпен қарап, ширату керектігін ескертті. Сонымен бірге, кеңес мүшелері энергетика және тұрғын үй шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармаларының басшыларын орындарынан тұрғызып, неліктен мемлекеттен бөлініп жатқан қаражатты толық игере алмай жатқандықтарын сұрап білді. Осы орайда, соңғы басқарманың басшысының орынбасарынан жолдарға жөндеу жүргізу жұмыстарына қаржының 1 шаршы метрге бір жерде тиісті нормадан тым жоғары, енді бір жерде нормаға сай бөлінгендіктерінің себебі неде деп нақты сұрақ қойылғанда, жұмыстардың түріне байланысты деп, нақты түсінік бере алмады. Кеңес мүшелері оның жауабына қанағаттанбайтындықтарын білдірді.
Облыстық бюджетті орындау мен игеруге қатысты мәселелер толық талқыланып болғаннан кейін кеңес мүшелері облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану орталығының бірқатар нормативтік-құқықтық актілеріне өзгертулер енгізу бойынша ұсыныстарды қарап, мақұлдады.  

 Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар