Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ауыл шаруашылығы ауылсыз қалай дамымақшы?!. - АРҚА АЖАРЫ

Ауыл шаруашылығы ауылсыз қалай дамымақшы?!.

Кезінде жекешелендіреміз деп колхоз бен совхозды таратқанда «жекешелендіруден кейінгі ауыл – ауруы асқынған адамдай…» деп өз ойымды газет бетінде білдірген болатынмын. Одан бері де міне, жиырма жылдай уақыт өтіпті. Іргелі шаруашылықтың орталығы болып тұрған кейбір ауыл-селолардың да орны тып-типыл, жылан жалағандай.

  «Жастығымның куәсі шұрқыраған ауылым, жусаны мен жуасы бұрқыраған ауылым» деп жүрген қазақ қазір қала халқына айналып бара жатыр. Бұрын қалаға бірлі-жарымы ғана көшсе, қазір жүздеп көшіп, қоныстана бастады. Қазақстан картасында халық саны бо-йынша қазақтардың үлесі 70-75 пайызға жеткен қалалар пайда болды. Бұрын менің білуімше, ең көбі 30 пайыздан аспайтын. «Басқа түссе баспақшыл» демекші, кіндік қаны тамған жерден де безетін күн туады деп кім ойлаған?..
Қолжетімді сапалы ет, сүт, бидай, көкөніс, тағы басқалары ауыл шаруашылығы өнімдерін керек ететін болсақ, қорқақтамай, батыл түрде жаңа қалыптағы (формадағы) колхоз-совхоздарды құру керек. Әрине, атаулары колхоз, совхоз болмайды. Сонда осы өнімдермен қамтамасыз етіп қана қоймай, жылда көктемде ауыл-селоларды басатын су тасқынынан да құтыламыз деп ойлаймын.
Жергілікті жердегі биліктегілердің қолында түк те жоқ десек, қателеспейміз. Қазір ауыл әкімінің, тіпті, аудан әкімінің қолында бір техника жоқ. Техникасыз, технологиясыз ауыл шаруашылығы қалай өркендейді.
Ауылдың халқы – негізінен еңбекқор халық. Олардың шаруашылықтарына қаржылай көмек көрсетіліп, микро-
несиелер беріп, жұмыс орындарын ашу қажет. Ал, өндірген өнімін әрі қарай өңдеуші кәсіпорындарға жеткізіп, яғни, жан-жақты қолдау көрсету керек. Өнім өндіруге кедергі болмайтын арнайы жеңілдетілген салық режимін енгізудің маңызы зор. Кенедей жабысып, сүліктей сормау керек.
Қаржы бөлінген күнде оның өнім өндірушілерге бір тиынына дейін сырт қалмай, толық жеткізілуін қатаң бақылау қажет. Бір сөзбен айтқанда, ауылды сақтап қалудың қамына кірісу керек. Сырттан инвестор тартамыз ба, шаруа қожалықтарын біріктіреміз бе,  әйтеуір, барымызды салуымыз керек. Ауыл шаруашылығының болашағы инновацияда екенін ұмытпайық.
«Кооперация – ауыл болашағы» деп жүрміз. Бұл сөздің де жаны бар. Кооперацияға бірігу мәселесін Сәкен Сейфуллин сонау 1923 жылы бүге-шігесіне дейін жіліктеп берген екен. «Кооперация деп бір жердегі, айналадағы отырған халықтың ұйымдасып, керек-жарақ нәрселерін бірлесіп алып тұратын һәм өзінің артық сататын нәрселерін бірлесіп, көзін тауып тиісті бағамен өткізіп тұратын бірлікті айтады. Өздерінің кооперацияларын  жүргізіп тұруға орталарынан білімді, адал адамдарынан басқарма сайлайды. Бұл бірлік ұйымның қалай жасалу ретін һәм басқарманың қалай сайлану ретін,  халық ортасынан ашылған кооперация істерінің қалай жүріп тұратынын, шарттарын айтқан, жазылған, баспаға басылған нұсқасы болады. Сол нұсқа бойынша бірлік кооперация істерін жүргізіп тұрады»,  – дейді осы мәселеге арналған мақаласында.
 Республикамызда 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» заң қолданысқа енгізілді. Міне, Сәкен Сейфуллиннің айтып отырғаны да қазіргі осы Заң ғой.  Сәкеннің «Қолдан қолға өткізетін алыпсатар саудагерлердің пайдасының бәрін ауыл халқы өзі пайда қылады» – деген ойлары дәл бүгін де өміршеңдігін жоғалтқан жоқ. Бірақ, сол ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру  бүгінгі таңда да оңайға түспей тұр. Біріншіден, шаруалар жері өте аз болса да, өздерін меншік иесі ретінде сезініп қалды, біріксек жерден айырылып қаламыз ба деп қорқады. Екіншіден, табыс жоқ деп қанша айтса да, жыл сайын ұқыпты шаруа табыссыз болмайды, сол табысты ала алмай қаламыз ба деп уайымдайды. Оған негіз бар, астықты өңірлерде жерлерін ірі кәсіпорындарға беріп, бірігіп жұмыс жүргізіп жатқан шаруалардың ішінде өздеріне тиесілі дивидентін толық алып жатқандар өте аз. Үшіншіден, заңдарға сәйкес шаруа қожалықтарының бірігуі ерікті түрде ғана жасалуы тиіс, бірігу үшін жердің иелігіне, табыс бөлісіне қатысты нақты кепілдіктер берілетін және бірлескен құрылымдардың жұмысын реттейтін заңнамаларды жетілдіру қажет.
«Мал баққан қазақ – болмайық мазақ» деп те жаздым бұдан ілгеріде. Мал шаруашылығының ел экономикасындағы маңыздылығы жайлы Әлихан Бөкейханов сонау 1915 жылы нақты деректермен дәлелдеп айтыпты. Алаш қайраткері қазақтың кең даласы малды асырайды, мал қазақты асырайды, әлемдік нарықта мал өнімдеріне еш уақытта сұраныс толас-тамайтынын сол кездің өзінде болжап, байтақ жерде шалқып жатып, мал басын қосып еңбек ете алмай отырсыңдар деп қандастарымызға қынжылыс білдірген екен…
Алты алаштың арысы Ахмет Байтұрсыновтың «Ақ жол» кітабын да парақтадым, сол кездегі қазақтың тіршілігі, қазақтың келешегі туралы ғұлама қандай ой толғап, пікір-ұсыныс айтты екен деген оймен. Жинаққа кірген 1913 жылы жазылған «Шаруа жайынан» атты мақаласында Ахаң былай дейді: «Қазақ жеріндегі шаруашылық – мал бағу мен егін егу. Мал бағу қазақтың көптен істеп келе жатқан ісі, ата кәсіп. Мал бағу жайын ешкімнен үйренбей-ақ, өзіміз де білеміз деп жүр. Қазақ мал бағу жайын білмейді деп біз де айтпаймыз. Бірақ, білім дәрежесі неше қабат. Қазақтың мал ұстау турасындағы білімі ең төмен қабатында. Қазақтың бұл білімі жердің молшылығында ғана білім болып жүр. Жер тарылса, бұл білімімен мал бағып, күн көруге болмайды.
…Аз жерден көп жердің пайдасын шығара білу. Олай етуге бұрынғы мал бағу мен егін егуге жарап жүрген білімдеріңнен басқарақ білім керек. Ол – көп малдың есесіне  аз малдың асылын ұстап, толықтыратын білім, аз жерді аздырмай, көп жердің орнына тұтынатын білім. Бұл екеуі де қазақ қолданып көрмеген білімдер». Бұдан бір ғасыр бұрын айтылған, әлі де маңызын жоғалтпаған тамаша сөздер емес пе?!.
Тағы да «Ауыл жылы – 2003» деген айдармен «Мақсат – асыл тұқымды мал өсіру» деп жазыппын бір мақаламда. Сонда цифрлар арқылы біраз талдау жасай келе, «Ауыл ахуалын ойлағанда мал өсірсек өнімі мол, біздің жағдайға бейімделген асыл тұқымдысын өсірсек нұр үстіне нұр» деппін. Қайтейін, осы жазғандарым жоғарыдағы шенеуніктерге жетпей жатқан соң, тіпті, халық қалаулылары – депутаттар осы мәселелерді отырыстарында көтермеген соң, «ит үреді, керуен көшедінің» кебі ғой…
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына арналған биылғы Жолдауында «Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек. Бес жыл ішінде 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге тартуға мүмкіндік беретін жағдай жасау керек» деген болатын.
Осы орайда айта кету керек, еліміздегі мал шаруашылығының жалпы өнімінің 74 пайызы үй шаруашылығына тиесілі. Соңғы есеп бойынша еліміздегі барлық мал басының 52-ден 63 пайызы осы үй шаруашылығында шоғырланған. Мұндай шағын қожалықтың өндіріп отырған тауарының бәсекеге қабілеттілігі төмен, инновациялық технологияны қолдануға, адам денсаулығына қауіпсіз азық-түлік өндіруге, жоғары білікті маманды жұмысқа тартуға мүмкіндігі аз.
Кооперативтерге қайта оралсақ, бүгінгі күнге Ақмола облысында заң органдарында тіркелген 65 ауыл шаруашылығы кооперативі бар. «Балапанды күзде санайды» дегендей, олардың іс нәтижесі жайлы айту  ертерек сияқты.
Аграрлық кооперативтер колхоз бен совхозға жақын десек те, әлі пысықтайтын жұмыстар жетерлік. Күрмеуі шешілмей тұрған мәселелер өте көп. Кооперативтердің келешегі колхоз, совхоздардың құрылымы, жұмыс тәжірибесімен, ғылыммен, инновациямен ұштасса ғана кемелденіп, игі нәтижесін береді деген оймен осы жазғандарымды тұжырымдамақпын.

Совет ХАМИТҰЛЫ,  
зейнеткер,  агроном-экономист.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар