Оксананың тәтті компоттары

Облыста шағын және орта бизнесті дамыту мәселесіне айтарлықтай көңіл бөлінуде. Ағымдағы жылдың алты айының қорытындысы бойынша 56,4 мың орта және шағын бизнес субъектілері тіркеліпті. Өнімді еңбек етіп жатқан 42 мыңнан астам кәсіпорынның бірі – «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы негізінде ісін бастаған Шаңтөбе кентіндегі жеміс-жидек компотын шығаратын шаруашылық.

 

Ағымдағы жылдың бес айының қорытындысына сәйкес, шағын және орта бизнес субъектілерінен 17,6 миллиард теңге сомасында салық түскен. Өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 21 пайызға жоғары.
Аталмыш бағдарламаның қолданысқа енгізілген кезеңінен бері оның аясында 85 миллиард теңгені құрайтын 682 жоба қолдау тауып, кәсіпкерлер өздерінің ісін жүргізіп келеді. Ағымдағы жылы бағдарлама шеңберінде 481 миллион теңгенің 16 жобасы құпталып, өз жұмыстарын бастады.
Осындай игі жобалардың нәтижесінде 2016 жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында Шаңтөбе кентінің «Лакомка Плюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Оксана Исимбекова 3 миллион теңге көлемінде несие алып, «жеміс-жидек компотын өндіру» жобасын қолға алды. Қазіргі уақытта аталмыш жоба жемісті іске асып жатыр.
–Біздегі кен орнының жабылып қалғаны тұрғындарымызға ауыр соққаны рас. Сондықтан, қолына іс келген азаматтар мемлекеттің қолдауымен шама-шарқымызша өзіміздің шағын бизнесімізді бастадық,– дейді кәсіпкер.
Оның айтуынша, ол 2015 жылдың жазында «ауыл шаруашылығының кәсіпкерлерді қолдау қорына» өз бизнес-жобасын жүзеге асыру үшін несие алуға өтініш беріпті. Жоба мақұлданып, тиісті қаржы шотқа аударылғаннан кейін кәсіпкер өндіріске қажетті құрал-жабдықтарды, қант пен шыны құтыларды сатып алады. Жобаның қолдау тапқан негізгі басымдығы ол компот дайындау технологиясы екен. Кәсіпорын дайындаған нәрсулар үйде дайындалған өнімдер тәрізді. Өйткені, оның құрамына балғын жемістер мен қант, ауыз су кіреді. Кәсіпорын құлпынай, бүлдірген, қара және қызыл қарақат, шие, алма, алмұрт, өрік, қара өрік, ит бүлдірген, шетен,  жүзім,
қара жидек және тағы да басқа жемістердің қайнатылған компоттарын дайындайды.
Ашылған күннен бастап сол жылдың соңына дейін серіктестік 7 мыңнан астам құтыдағы 10 түрлі табиғи компот өндірген. Қазіргі уақытта күніне 250 құты, айына 3 мың құты компот әзірлейтін серіктестікте 4 адам жұмыс істейді. Олардың орташа жалақысы 40 мың теңге шамасында. Жұмысшылардың дені шаңтөбеліктер. Компоттар Көкшетау, Степногорск, Астана қалалары мен  Атбасар, Жақсы аудандарына мемлекеттік сатып алу әдісі бойынша нарыққа шығарылады. Қазіргі уақытта Қостанай, Рудный қалаларының сауда орталықтарымен келісім-шарттар жасалып, алдағы уақытта қостанайлықтардың да дастарханы осы жеміс-жидектердің нәрсуымен жайнайтын болады.  
Бүгінгі таңда  кәсіпорын 20-дан астам жеміс-жидек компотын шығарып жатыр. Өткен жылы өндіріс орны кәсіпкерлерді қолдауға арналған «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 1,5 миллион теңгенің грантын ұтып алды және 13 мың құты өнімді экспортқа жіберді.
Өткен жылы кәсіпорындар арасында өткен «шағын және орта кәсіпкерліктің жетістіктері» атты облыстық байқауда «Өндіріс саласындағы үздік кәсіпорын» аталымы бойынша 3 орынды иеленді.  

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.
Шаңтөбе кенті.

Суретте: «Лакомка Плюс» серіктестігінде шығарылған өнімдер.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар