«Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз».
(Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан).
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы отандастарымыздың арасында қызу пікір туғызып отыр. Өйткені, мақалада көтерілген мәселелердің бәрі маңызды және еліміздің, барша қазақстандықтардың болашағына, бүгінгі тірлігіне тікелей қатысты. Елбасы мақаласында көтерілген мәселелер өте ауқымды және олардың бәрі жеке адамдардың өмірі мен тұрмыс жағдайын, білім, таным деңгейін көтеруден бастап, еліміздің бүгінде ғарыштық жылдамдықпен дамып бара жатқан өркениет көшінде шаң қауып қалмай, әрдайым биіктерден көрінуіне бастайтын жолды айқындауына бағытталған.
Мақаладан әрбір адам өзіне қажетті пайдалы ақпараттарды таба алатыны анық. Мен тек бүгінде БАҚ арқылы жиі айтылып жүрген және халық арасында да жиі сөз болып жататын ысырапшылдық туралы сөз қозғамақпын.
Елбасының мақаласында: «Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттіліктің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді» – делінген. Енді бүгінгі өзіміз өмір сүріп жүрген қоғамда болып жатқан жайларға назар аударып қарайықшы. Ұлт Көшбасшысының айтып отырғандарына түгел қарама-қайшы жайларды көреміз. Қарапайымдылық пен үнемшілдіктің орнына аста-төк ысырапшылдық, өркөкіректік пен мақтаншылық және соны бір-бірімен бәсекеге айналдырып, қайтсем де жұрттан озып, басқаларды қайран қалдырамын деген желөкпелік жайлап алған. Бұны әсіресе, қазақ тойларынан, өлікті жөнелту мен батадан анық байқауға болады.
Ұлы Абайдың айтқан «Өтірік, өсек, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ – бес дұшпаның, білсеңіз» деген сөзін қаперге алмайтын қазақ мал шашудан бәсекеге түсіп, тойшылдықтан алдына жан салмайтын әлемнің ең озық елдерінің қатарына енді. Қазақ тілі мен дәстүрінен сырт қалған солтүстік өңірдің қазақтарының арасында да қазір тойшылдық дерті меңдеп барады. Байлығы жетіп жатса әңгіме басқа, күнін әзер көріп отырғандар банктен үйлерін кепілге қойып, пәлен пайызбен несие алып екі-үш жүз адам шақырып, мейрамханада аста-төк той жасайды. Бұл той үлкен өмірге жаңа қадам басқан жас жұбайларға қажет пе? Олар үшін өмірлерін кредитпен бастаған емес, ертеңгі тұрмыстарын түзеуге көмектесетін нақты шаралар әлдеқайда тиімді емес пе. Мәселен, қыз бен жігіттің ата-аналары ақылдаса отырып, тойға жұмсайтын ақшаға жастарға баспана, басқа да қажетті дүниелер алып берсе, олар тұрмыс тауқыметін тартпай, үлкен өмірді еркін бастап кетер еді.
Кеңес заманында өзім жұмыс істеген кәсіпорында жабдықтаушы болып істейтін бір еврей шал болды. Бірде әлгіден «сіздер тойды қалай өткізесіздер?» деп сұрады бір кісі. Оның жауабы әлі күнге дейін есімде қалыпты. Еврейлер үйлену тойына тек ет жақын туыстарын ғана шақырады екен. Әрі кетсе, он бес-жиырма адамнан аспайды. Олар той үстінде өздері сыйлайтын бір беделді адамға сөз береді. Әлгі кісі жас жұбайларды құттықтап, сіздерге арнаған біздің аздаған сыйлығымыз бар, соны алыңыздар деп қолдарына пәтердің, машинаның кілтін және бал айларын шет елге барып өткізу үшін қажетті конвертке салынған қомақты ақшаны ұстатады екен. Жас жұбайлардың ата-аналары көп шығынданбайды, әлгі жиырма-отыз адамға мейрамханада дастархан жайып, қонақасы береді, бар шығыны сол ғана. Оның есесіне, жас жұбайлар өмірді барлық қажеттіліктермен бастайды.
Елбасы мақаласында көтеріп отырған мәселе де дәл осы емес пе. Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар. Баяғыда ата-бабаларымыз үйлену, қыз ұзату, сырға салу, құда шақыру деген сияқты жораларды жасаған екен деп қазіргі нарық заманында шығынға батып соны жасау керек пе? Бабаларымыз қырық жеті қалың мал берді екен деп бүгін де солай жасаған жөн бе? Оның ішіне қой-ешкі кірмейді, бәрі жылқы және ірі қара.
Түрлі тойларды бейнетаспаға түсіріп ақша та-уып жүрген жігіт бай шенеуніктің баласы үйленіп, соны түсіргенім үшін үш жүз мың теңге төледі дейді. Тойды екі оператор түсіріпті. Әрқайсысы үш жүз мыңнан алғанда – алты жүз мың теңге тек тойды бейнетаспаға түсіруге ғана кеткен. Сол тойға шақырылған екі белгілі әншіге әлгі бай үш миллион теңгеден сыйақы беріпті. Жә, өзінің ақшасы, не істесе де еркі деуге болар, бірақ соған қарап, басқа жұрт та ертең ашылып-шашылып қарызға батып жататынын қайда қоямыз. Осы орайда, Елбасы мақаласында айтылған: «Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттіліктің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес» деген сөзі бұндай ысырапшыл әдеттің мәдениетсіздік екенін анық аңғартып тұрған жоқ па?!. Атбасар ауданының мешіті биылғы жылдың сәуір айынан бастап өлікті жөнелту, бата жасау кезінде аста-төк дастархан жасап, дастарханға қойылған тағамды талапайға салу әдетін қою керек деп пәтуа қабылдады. Осындай жағымды, жақсы дәстүрлер көбейсе, дағдарыс жағадан алғанда, балаққа жармасқан ысырапшылдық дерттен құтыларымыз анық.
Қалкөз ЖҮСІП.