Рухани келісім күні қарсаңында өңір басшысы Сергей Кулагиннің төрағалығымен Ақмола облысы әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің кезекті отырысы болып өтті.
Алдымен, кеңестің жаңа мүшелерін таныстырып өткен облыс әкімінің сөзінен кейін аймақтағы діни ахуал жайында облыстық дін істері басқармасының басшысы, діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары Сәуле Ыбыраева хабарлама жасады. Оның айтуына қарағанда, бүгінде өңірде 204 діни бірлестік болса, оның 108-і ислам, 31-і православие, 11-і католик, 43-і протестант бағытында құрылған екен. Бұған қоса, аймақта «Бахаи» атты дәстүрлі емес діни бірлестік пен евангельдік христиан баптистерінің 10 тіркелмеген қоғамы жұмыс жасайды. Басқарма басшысы сондай-ақ, бұл салада «Сана», «Насихат» сынды қоғамдық бірлестіктердің де нәтижелі жұмыс істеп келе жатқандығын тілге тиек етті. Шетелдерге дін саласындағы білімін жетілдіруге кететін жастар жайы да назардан тыс қалмады. Осы орайда, облыс әкімі Сергей Кулагин мектепті енді бітірген баланың өздігінен шет-елге кете салуы мүмкін еместігін, бұл тұрғыда олардың ата-аналарымен жұмысты жетілдіру керектігін алға тартты. Ол сондай-ақ, өз қағидаларын Ата Заң талаптарынан жоғары қойып, ресми тіркелу қажеттігін ескермей жүрген ұйымдардың қызметіне талапты күшейту қажеттігіне де тоқталды. Егер, олар шынында да елге рухани азық беруді көздейтін болса, мұндай заңсыз әрекетке бармаған болар еді. Осы істің ақ-қарасын ажыратуды аймақ басшысы құзырлы органдарға тапсырды.
Ал, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң талаптарының сақталуын қадағалауға тиіс құқық қорғау органдарының жұмысы туралы баяндаған облыстық ішкі істер департаменті экстремизмге қарсы күрес бөлімінің басшысы Бахтияр Өтекин сот шешімімен жұмысы заңсыз деп танылған кей насихатшылардың өз қызметтерін жалғастыра беру жағдайларының аз кездеспейтіндігін алға тартты. Мәселен, «Ата жолы» атты бірлестіктің жұмысы ресми түрде тоқтағанымен, халық арасында үгітшілерінің әлі де кездесіп жатқан жайы бар. Бұдан басқа, ешбір рұқсатсыз жұмыс істеп жүрген миссионерлер де жетерлік өңірде. Аймақ аумағында пайдалануға тыйым салынған әдебиеттерді таратушылар да бар. Хабарламаны мұқият тыңдаған өңір басшысы бұл бағыттағы жұмыста ауыл әкімдері мен елді мекендердегі учаскелік полицейлердің аз көмегінің болмайтындығын атап өтті. Ауылға кімнің келіп, кімнің кетіп жатқандығын, қай жерде қандай жағдай орын алып отырғандығын жақсы білетін бұлардан артық жан жоқ. Міне, жат пиғылдылардың жұртты соңынан ерітіп кетпеуі үшін осындай күштерді тиімді пайдалана білген жөн.
Осы орайда, сөз алған Конфессиялық қатынастарды талдау және дамыту орталығының директоры Гүлнәр Оразбаева орталық жұмысына жан-жақты тоқталып өтті. Аталмыш коммуналдық мемлекеттік мекеменің тіркелгеніне көп уақыт өте қоймағанымен, осы аз мерзім ішінде олар 8 мыңнан астам адамды қамтып, 173 шара өткізіпті. Ол тұрғыда, әрине, негізгі басымдылық жастарға беріліп отыр. Бұдан кейін сөз алған Астрахан ауданы әкімінің орынбасары Мейрам Қожахмет өңірдегі діни бірлестіктермен байланыстың жайына жан-жақты тоқталды. Алты діни бірлестік бар бұл ауданда діни тұрақтылық пен рухани келісім салтанат құрып тұр. Өз ауданындағы діни ахуал туралы әңгімелеген ол оның әрбірінің өз бағыты бойынша жұмыс істеп, аудандағы рухани келісімнің сақталуына өлшеусіз үлес қосып отырғандығын айтты.
Рухани татулық мейрамы қарсаңында ұйымдастырылып отырған кеңесте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкіл имамы, Көкшетау қаласындағы Науан Хазірет атындағы орталық мешіттің бас имамы Қанат Қыдырмин мен Көкшетау және Ақмола епархиясының епископы Сергей
Колосницын сөз алып, баршаны осынау шуақты мерекемен құттықтап, елімізде әрдайым бірлік пен берекенің салтанат құруына тілектестіктерін білдірді.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Сергей Кулагин діни ахуалдың әрдайым жіті назарда болуы қажеттігін еске сала келе, осы тұрғыдағы мемлекеттік саясаттың ойдағыдай іске асуына жағдай жасап жүрген идеологиялық майдан өкілдерін бүгінгі келіп жеткен Рухани келісім күнімен құттықтап, діни татулықтың сақталуына атсалысып жүрген бірқатар азаматтарға Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етті.