Кеше облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің төрағалығымен өткізілген кезекті аппарат кеңесінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың облысымызға жұмыс сапарының қорытындысы шығарылып, осы бағытта жүзеге асырылуға тиісті нақтылы міндеттер белгіленді.
Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық департаменттер мен басқармалардың басшылары, ауыл шаруашылығы құрылымдарының өкілдері қатысты. Кеңесте облыс басшысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы және өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелеріне арналған кеңейтілген мәжілісте алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру бо-йынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Мәлік Мырзалин облыс орталығын, Щучинск-Бурабай курортты аймағын дамыту, Астана қаласы айналысында азық-түлік белдеуі бағдарламасын орындау, шағын және орта бизнесті жандандыру, Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Туған жер» бағдарламаларын жүзеге асыру мәселесіне назар аударды.
Сонымен қатар, облыс әкімі жиналғандарға осы аптаның жұмыс жоспарын жеткізді. Айталық, тамыздың 23-ші күні Целиноград ауданының Родина ауылында облыстағы агроөнеркәсіптік кешенін дамыту мәселелері бойынша ғылыми-консультативтік кеңестің кеңейтілген отырысын өткізу жоспарланған. Мұнда мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру және күзгі жиын-терім жұмыстарына дайындық мәселесін талқылау бойынша облыстық әкімдіктің мәжілісі өтеді. Жылдағы дәстүр бойынша білім күні қарсаңында өңірдегі педагогикалық қызметкерлердің тамыз конференциясын да өткізу жоспарда бар.
Кеңес соңында облыс әкімі жа-уапты басшыларға барлық шараларға тыңғылықты дайындалуды тапсырды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.