Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Латын әліпбиі – уақыт талабы - АРҚА АЖАРЫ

Латын әліпбиі – уақыт талабы

Осы аптада  Парламент Мәжілісінде латын графикасын енгізу мәселелеріне арналған тыңдау өткізілген  болатын. Осыған байланысты өз ойларын ортаға салған ақмолалықтар пікірін жариялап отырмыз. 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің рухани бағдарламасында латын әліпбиіне көшуді басты назарға алатынын айтқан еді. Тәуелсіздік алғалы бері латын әліпбиінің мәселесі жиі көтеріліп келеді. Жалпы, болашақта латын әліпбиінің енуімен қатар қазақ тіліне де үлкен реформа жасалатынын халық білуі тиіс. Себебі, тіл мамандары, ғалымдар 900 жыл бойы араб әліпбиін пайдаланған қазақтың 70 жыл кирилл қарпін пайдаланғалы сөзі, керек десеңіз, акустикасы мен сөйлеу аппараттары – тіл мен жақ және сол арқылы бет-пішініне дейін өзгергенін зерттеп жатыр. Осы жағынан да тіл білімі институты ғалымдарынан, басқа да тіл саласының мамандарынан болашақта үлкен мәлімдемелер күтемін.
Екінші, латын әліпбиіне неге көшеміз?! Еңбектеген баладан еңкейген кәріні алаңдатқан са-уал! Иә, келешектің кілті саналған латын әліпбиін әлемдік ақпарат кеңістігіне өтудің төте жолы ретінде таңдадық. Және жаңа технологияны игеру мақсатында, білім-ғылым саласында кенже қалмау үшін көшуге бел буғанымыз белгілі жағдай. Әрине, латын әліпбиін таңдауымызға саяси-әлеуметтік жағдай, тіл егемендігін айқындау секілді басқа да факторлардың әсер еткені де жасырын емес, бірақ, басты мақсатымыздың әлемдік көштен қалмауға бағытталғанын ұмытпауымыз керек.
Латын әліпбиіне өтеміз деген Елбасының пікірін қолдай отырып, қарсы уәж айтатындарға барынша қарсы екенімді де жеткізгім келеді. Біздің көптеген жазушы-ақындарымыз 42 таңбалы орыс-қазақ әліпбиін жоғалтпау үшін тер төгіп, әр жерге хат жазып, заман ағымына қарсы шығып жүр. Бекер алашапқын болады деп ойлаймын. Ешқандай мемлекет әліпбиіндегі таңба санының көптігімен мақтанбайды. Әліпбиде таңба аз болған сайын ол жинақы, жеңіл, жетілген болып келеді. Әлемдік практикада бұл – дәлелденген дүние. Оған ешкімнің дауы болмас.
Тағы бір мәселеге тоқталсам, кейбіреулер қазақтардың орыс тіліне жетік екенін, ешқандай акцентсіз сөйлейтінін айтады. Бұл мәселені де көп зерттеуіміз керек. Біздің әліпбиіміздің орыс әліпбиінен айырмашылығы жоқ. Ішіндегі төл дыбыстарымызды есептемегенде. Бүгінде олардың өзін дұрыс айтпай, «ң» дыбысын айта алмау синдромы пайда болды. Ал, оған кінәлі орыс дыбыстарының, орысша сөздердің көп айтылуы екенін әлі ұқпай келеміз. «Ф», «Ц» секілді орысша таңбаларды ерте танып, жатқа айтқан баланың «Ң»-ға шамасы келмей қалады. Бұл – біздің қателігіміз. Латын әліпбиі осы олқылыққа да қарсы тұрар шамасы бар. Себебі, бізден басқа ұлттар да орыс тілінде жақсы сөйлейді, бірақ, олардың көбі акцентпен сөйлейді. Неге? Себебі, олардың әліпбиі, таңбасы бөлек. Сол себепті, тілі бөлек шығады. Осы мәселе жөнінде де кеңінен ойланғанымыз абзал.
Латын әліпбиі мәселесінде тағы бір жиі айтылатын мәселе: көптеген шығын жоғалтамыз деген орынсыз сылтау, уәж келтіру. Қазір заманымызды жаңа технологиялар билеп келеді. Жылдан-жылға электронды жүйеге көшіп келеміз. Қазіргі буын бұрынғыдай қағаз пайдаланып, хат жазбайды, электронды пошта бар. Бұрынғыдай том-том кітап үлкен тиражбен шықпайды, электронды түрде шығады. Электронды түрде интернет дүкендерде кітаптар сатылады. Электронды кітапхана пайдаланылады. Бір гаджеттің ішіне 500 кітап сыйып кетеді. Осы себепті, латын әліпбиінің шығынын қағаз жөнінде, басқаша да мысалға келтіру артық екенін сезінемін. Сөз соңында Елбасымыз ұйытқы болып отырған, қазаққа жаны ашитын көптеген зиялыларымыз қолдап отырған латын әліпбиін қолдау, насихаттау бәрімізге міндет екенін айтқым келеді.
Нұртас АХАТ,
Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау жоғары педагогикалық колледжінің директоры, филология ғылымдарының кандидаты.

 

 

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты «Егемен Қазақстан»  газетінде жарияланған  мақаласы тағы бір жаңа қадамға жол нұсқайтын, ұлттық және жалпы халықтық рухани өрлеуге бастайтын нақты бағыт болды.

Өзінің мақаласында Елбасы экономикалық модернизацияға тағы бір тың бастау бергендей болды. Соның нәтижесінде біздің еліміз дамудың келесі бір дара жолына қадам баспақ.  Әрбір Жолдауда ел  Президенті өз назарынан білім беру саласын тыс қалдырған емес. Осы жолғы мақаласындағы астын сызып айтатын жаңалық ол латын әліпбиіне көшу. Бұл жоба білім алу саласындағы бірігіп басар келесі бір баспалдақ. Латын ғылымның, технологияның тілі, оны білген қазақ баласы көштен қалмайды, қайта оза шапқан тұлпардай қарыштай құлаш ұрады.
Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында біздің Үкіметке нақты тапсырма беріп, қай уақытта, қалай, қандай қадамнан кейін латын қарпіне өтетінімізді жеткізді. Бұл дегеніміз, қоғамдық ғылымдарға, тіл білімі институтына һәм еліміздегі барлық білім беру ошақтарына үлкен жауапкершілік артылады деген сөз. Сонымен қатар, биылғы жылдың соңына дейін қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдап, оны екі жыл көлемінде ұйымдастыру керектігін де баса  айтты. Яғни, баспа үйлері оқулықтарды басудың жаңаша үлгісін жасауға кіріседі.Жаңа жобалар бітпек емес, бірақ, рухани құндылықтарды жаңа келді екен деп әсте жоғалтуға жол жоқ. Болашақтың жарқын болуы үшін біздің әрқайсымыздың кішкентай болса да үлесіміз қажет. Өйткені, біз жаңа ғасырдың табалдырығында тұрмыз.
Алдымызға қойып отырған асқаралы мақсат биігіне абыройлы жету үшін осы бастан не істеуіміз керек екендігін мұқият ойластырып алғанымыз жөн. Біріншіден, латын графикасына өтудің оң-солын таразы басына тартып, екшегеніміз дұрыс тәрізді. Мәтіннің оқылу әуезін, заңдылығын ескерген ләзім. Олай дейтінім, алдымызда зор міндеттер тұр. Келешек ұрпақтың қажеті үшін кәдеге асырар мазмұнды оқулықтар мен көркем әдебиеттің сүбелісін жүз пайыз сауатты етіп аударып шығу қажет. Естеріңізде болар, ертеректе араб әрпінде жазылған әдебиетіміздің қаншама інжу-маржаны шаң басып жатыр. Өйткені, біз оларды оқи алмадық. Енді латын әліпбиіне көшетін болсақ, ұшан-теңіз рухани дүниелерімізді сауатты аударып, кәдеге жаратуымыз керек. Сонда кейінгі буын рухани аштыққа ұшырамайды.
Тағы бір есте болатын мәселе, латын әліпбиіне көшу кезінде еңбек ережесінің сақталуына барынша мән берген дұрыс болар еді дегім келеді. Яғни, баршаға ортақ бір қағида қалыптасып, бірізділік сақталуы керек. Өйткені, алғашқы бетте адамдардың бәрі өз білгенінше әртүрлі таңбаларды қоя берсе, айналып келгенде бұл сауатсыздыққа соқтырады.
Тағы бір айта кететін дүние, білім ошақтарында, тіпті, балалар бақшасында латын әріптерін үйрететін пән сабағын ұйымдастыруды ертерек қолға алу қажет, әрі бұл ешбір кешіктіруге төзбейтін дүние. Сонда біздің жас-тарымыз соны жаңалықты ертерек меңгеріп дайын болады да, әрі қарай оқып білім алуларына ешбір кедергі болмайды.
Тағы бір соқталы мәселе менің ойымша, латын жазуын еркін меңгерген, байыпты білім бере алатын мұғалімдерді дайындау ісі. Басталған іс баянды болуы үшін ең алдымен осы біздің мұғалімдеріміз барынша сауатты болулары қажет.  
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін ширата айтқанда, өте ауқымды әрі маңызды шаруаның етек-жеңін тап-тұйнақтай жинап алу үшін алдыңызда қыруар істің тұрғандығы анық. Көп болып кеңескеннің ешбір артықтығы жоқ. Өйткені, әркімнің көкірегінде ел болашағына, ұрпақ болашағына деген алаңдаушылық болады ғой. Міне, сондықтан да,  осы бастан тас-түйін болып қамдансақ, дәл қазір алынбастай қамал болып көрініп отырған жұмысты еңсеріп кететіндігімізге күмән тумас еді.

Мая МҰҚАШЕВА,
№2 Қосшы орта мектебінің директоры.  

Целиноград ауданы.

 

 

Мен тәуелсіз Қазақстанда дүниеге келіп, қазақ мектебінде оқып, білім алдым, ата-әжемнің бауырында өстім. Өмірімде қол жеткізген үлкен жетістіктерім мен табыстарымды сол кісілердің бойыма сіңірген тәрбиесінен деп білемін.

Қазақ халқының өзге елдерге ұқсамайтын өз тарихы мен сан түрлі жазылмаған қағидалары бар.  Біздің қазіргі тәуелсіз еліміздің тарихына көз жүгіртсек, қаншама өзгерістер мен жаңа бастамаларға қол жеткіздік.
Елбасының Казақстан халқына арналған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында латын әліпбиіне көшу мәселесі қозғалған. Елбасы осы жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдауды жүктеді. Күні кеше ғана осы маңызды  мәселе парламент мәжілісінде талқыланды. Қазір латын қарпіне көшу мәселесі ақпарат кеңістігінде, әлеуметтік желіде, жиналыстарда қызу талқылануда. Оған жастар да өз пікірін қосуда.
Бұл жалпыұлттық сананың қажеттілігінен туындап отырғаны белгілі.  2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісу керек деп жазылған. Жаңа мектеп бағдарламасында оқушылар бүгінде үш тілді оқыту жүйесіне сәтті көшуде. Біздің жас буынымыз латын әліпбиін оңай қабылдап, үйренуге бейім. Сондықтан, латын әліпбиіне көшуде менің ойымша, ешқандай қиындық кедергілер болмауы тиіс. Елбасының «Қазақстан – 2050» Стратегиясында 2025 жылдан бас-тап латын әліпбиіне көшу керектігі айтылған болатын.
Әрине, жаңа әліпбиге бейімделу кезеңінде белгілі бір уақыт кириллица алфавиті де қолданыла тұратынын Мемлекет басшысы мақалада атап өтті.
Мен елімнің жас азаматы ретінде, Елбасымыздың салиқалы саясатын үнемі қолдай отырып, өзім сияқты жастарды да ел өміріне, оның тарихын жасауда өз үлесімізді қосуға шақырамын. Осылайша біз білімді, көзі ашық, көкірегі ояу, елдің ертеңгі тірегі болмақпыз.
Дина ЖОЛАМАН,
бокстан әлем чемпионы.

Жақсы ауданы.

 

 

Латын әліпбиі  болашаққа батыл қадам жасап, елімізді төрткүл дүниеге танытып келе жатқан Елбасының тағы бір маңызды бастамаларының бірі және тіліміздің болашағы үшін дер кезінде қолға алынған  маңызды шара деп білеміз. Тәуелсіз елдің негізгі белгілерінің бірі ретінде жазудың маңызы өте зор. Қазіргі кириллица әліпбиіміз бен жазуымыз халықтың өз еркімен қалап алмаған, кешегі кеудемсоқ жүйенің өктем саясатының әмірімен күштеп таңылған. Сондықтан, кейбір кірме әріптерден арылып, таза қазақ әліпбиін жасауды игілікті қадам деп түсінеміз.  Латын әліпбиіне көшу, сайып келгенде, ана тіліміздің болашағын ойлап, қолданыс аясын одан әрі кеңейте түсуге мүмкіндік жасап, тіліміздің ішкі табиғи әліпбиіміз арқылы жазудың айтуға жасап келе жатқан қиянатын болдырмай, қазақы айтылым (орфоэпия) мен жазылым (орфография) талаптарын жүйеге түсіру деп түсіну керек.
Бір жазудан екіншісіне көшу халықтың осы рухани байлықтан сусындауына қосымша қиындық келтіруі мүмкін. Сондықтан, әліпби  мен жазу мәселесіне әлеуметтік лингвистика тұрғысынан жете назар аударған жөн. Жазу мен әліпби мәселесі бір-бірімен тығыз байланысты болады. Алдымен әр тілдің дыбыс қорын анықтап, содан кейін әр дыбысты әріптермен таңбалау қажет. Жазбаша тілді ауызша тілдің графикалық бейнесі деуге болады. Жазудың қандай түрі болмасын белгілі бір таңбалар арқылы жасалады. Әліпби жасау  үшін алдымен графикалық лингвистика  теория-сын терең танып,  тілдің дыбыс жүйесіндегі фонемалардың өзіндік фонологиялық ерекшеліктеріне жете назар  аударып, бөгде  тілдерден енген сөздерге қатысты фонемаларды қалай  таңбалау  керек  деген  мәселелерді шешіп алу керек,  одан кейін тілдің  болмысын танытатын негізгі заңдылықтарын біліп, тілдің  табиғатына сай келетін, өзіндік дыбысталу  ерекшеліктеріне кері әсер етпейтіндей мәселелерді ескеру керек. Жазу барысында әр әріптің өзара кездесу жиілігі де  назарға алынуы тиіс.
Латын әліпбиіне көшу туралы сөз қозғалғаннан бастап жұртшылық арасында пікірталас өршіп кетті. Мысалы, «латын әліпбиін қабылдаған жағдайда келешек ұрпақ кирилл жазуы негізіндегі бұрынғы бай жазба мұрамызды оқи алмай қалады» деген пікірге, екінші біреулер: «Қазақтың жазба мұрасы көп жылдық тарихы бар елдерге қарағанда (қытай, араб, француз) аз, сондықтан, қазіргі жағдайда барлық жазба мұрамыз бен жәдігерлерімізді латын әрпіне бірте-бірте көшіріп алуға мемлекетіміздің мүмкіндігі жетеді» дейді. Мұндай пікірлер көп-ақ.
Жалпы тайсақтайтын ештеңе жоқ. Көне тарихтың тылсымына көз жүгіртетін болсақ, біз үш әліпби ауыстырған елміз. Сол кезеңде күні бүгінгідей бұқаралық ақпарат құралдары, компьютер, тың технология дегендер мүлде болған жоқ қой. Солай бола тұра, халық барлық қиындықты еңсере біліп, өз бойларындағы ерік-жігерлерінің арқасында жеңіп шықты. Тіпті, сауат ашуды арман етіп, сол асқаралы жолда айшылық жерлерден өтіп, оқу-білім іздегендер өте көп. Қазір сол бір кезбен салыстырғандағы жағдайымыз әлдеқайда жақсы.
Ел тәуелсіздігінің арқасында отандық ғылым-білім саласы соны серпінмен дамып келеді. Осындай рухани жағынан толысып, кемелдене түскен елдің латын әліпбиіне көшуі айта қаларлықтай қиындық тудырады деп ойламаймын. Бүгінгі таңда бастауыш сыныптарда оқитын жеткіншектеріміз ағылшын тілін еркін оқып, үйренуде. Қазақстанның білім қуған жастары көк теңізді көктей өтіп, алыс-жақын шетелдерде оқып, заманауи білім алуда. Соның барлығына қолымыз жетіп отыр ғой. Ендеше, латын әліпбиіне көшуден соншалықты қорқақтайтын себеп жоқ деп білемін.
Бұл шаруаға бел буу ең алдымен болашақ үшін маңызды. Біздің замандастарымыз алдымен соны түсінуі керек. Оның үстіне кириллицаның аясы жыл өткен сайын тайызданған теңіздей өз-өзінен тартылып келеді. Бос қалған кеңістікті ағылшын тілі басуда. Ол тіл өзінің қажеттілігін күллі әлемге мойындатып отыр. Міне, осы кезде Алаш жұртының латын әліпбиіне көшудің қажеттілігі айтпаса да түсінікті.
 Елінің болашағын ойлаған әр азамат, зиялы қауым өкілдері, әртүрлі мамандық иелері латын әліпбиіне қатысты өз көзқарастарын білдіріп, ой бөлісіп жатыр. Дегенмен, мәселенің байыбына терең бармай, әліпби өзгертуді бұрынғы кирилл әріптерін латын әріптерімен ауыстыра салу деп түсінетіндер де бар. Егер бұлай түсінсек, яғни, қазіргі 42 әріпті латын әріптерімен жай ғана алмастыра салсақ, одан ештеңе өзгермейді.
  Анар  КЕКЕНОВА,
Есіл аудандық тілдер орталығының директоры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар