«Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының ХІ есептік-сайлау конференциясында алдағы қазан айында жасотандықтардың төртінші съезіне қатысатын делегаттар сайланды.
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетовтың қатысуымен Достық үйінде өткен конференцияға партияның аудандық филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарлары, мемлекеттік қызметшілер мен белсенді жастар жиналды. Алдымен «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Сұлтанбек Бекешев осы ұйымның облыс жастарының әлеуетін арттыру бағытында атқарып жатқан жұмыстарымен таныс-тырды.
Бүгінде облыс тұрғындарының төрттен бір бөлігін 14 пен 29 жас аралығындағы жастар құрайды. Бірі оқуда, бірі спортта озат болып, республикалық, әлемдік додаларда еліміздің атын шығарып жүрсе, енді бір жастар мемлекеттік қызметте, басқа да салаларда еңбек етіп, облысымыздың дамуына өз үлестерін қосуда. Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің студенті, шығыс жекпе-жегінен республикамыздың 18 дүркін чемпионы Әділет Төлеби, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы, халықаралық экологиялық байқаудың жеңімпазы Аида Ысқақова, «Жас мемлекеттік қызметші – 2017» байқауының жеңімпазы Әділбек Дәулетбек іс-шараға өңіріміздің белсенді, білімді жастары ретінде қатысып, жалынды сөздерімен залда отырған замандастарын жігерлендіріп тастады. Көкшетау жоғары медициналық және Ж.Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледждерінің білім алушылары Нұрлан Байбек пен Мәрзия Қағазбектің орындауындағы патриоттық әндер жастардың бойына отансүйгіштік рух беріп, білім мен ғылым, өнер мен спортта қандай да бір жетістікке жету үшін жас талғаудың қажеті жоқ екенін, елдің болашағы саналатын бүгінгі ұл-қыздардың қолынан игі істер келетінін дәлелдеп берді.
– Мемлекет басшысының халыққа арнаған биылғы Жолдауын жүзеге асыруда жастарға зор міндет жүктеліп отыр. Елдің болашағы қандай болатыны кейінгі ұрпақ өкілдеріне байланысты. Өз кезегінде аға буын жастарға қолдау білдіріп отыруы қажет, – деді конференцияда партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов. Жиын соңында келер айда Астана қаласында өтетін «Жас Отан» жастар қанатының төртінші съезіне облысымыздан делегаттыққа үміткер 45 адам бірауыздан мақұлданды.