Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұлағаттылар ұлықталды - АРҚА АЖАРЫ

Ұлағаттылар ұлықталды

Кеше, облыс әкімі Мәлік Мырзалин Көкшетаудағы Үкілі Ыбырай атындағы облыстық филармонияда болып өткен Мұғалім күніне арналған салтанатта өңірдің барлық педагогтар қауымын құттықтап, білім саласының дамуына лайықты үлес қосып келе жатқан таңдаулы ұстаздарға құрмет көрсетті.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген облыс әкімі Мемлекет басшысының ғылым мен білім саласына айрықша көңіл бөліп келе жатқандығын баса айтып, жиналғандарға жүрекжарды тілегін жеткізді.
 – Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев білім беру саласы, оның ішінде ұстаздар  алдына жаңа интеллектуалды ұлт қалыптастыру мен дамыту міндетін қойып отыр. Осы орайда, сіздердің жоғары кәсіби біліктіліктеріңіз бен терең білімдеріңіздің арқасында ел келешегі үшін еселі еңбек етуге әзір әлеуеті биік, зерделі жастар өсіп келе жатқандығын айрықша атап өткім келеді,–деді өңір басшысы өз сөзінде. Айта кету керек, қазіргі таңда облысымызда 584 мектеп жұмыс істейді. Тәуелсіздік алған жылдардан бері 14 мыңнан астам орынға лайықталып салынған 40 мектеп ашылды. Осы жылдар аралығында 10 миллиард теңгеге 626 білім ұйымына күрделі жөндеу жүргізілді.  Соңғы жылдары облысымыздағы мектептердің 50 пайызы жаңа модификациялы кабинеттермен жабдықталған. Биыл жергілікті бюджеттен 20 кабинет алуға 77 миллион теңге бөлініп, 1 миллиард теңгеге жаңа оқулықтар сатып алынды. Өңір мектептерінің 88 пайызы интернет желісіне қосылған. Қазіргі таңда облысымызда 22 мың педагог еңбек етеді. Алайда, әлі де болса, білікті мамандар тапшы екендігі жасырын емес. Осыған орай, облыс әкімінің бастамасымен облыстық бюджеттен 100 білім гранты бөлінген.
Жиында педагогикалық үрдістегі жетістіктері үшін  «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен Аршалы ауданындағы Вячеслав орта мектебінің құқық негіздері мен экономика және тарих пәндерінің мұғалімі  Елена Молешкова мен Жақсы ауданындағы білім бөлімінің басшысы Ақжарқын
Сауытова марапатталды. Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісіне Қорғалжын ауданындағы Сабынды орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі Баян Қайыржанқызы  мен Көкшетау қаласындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 көптілде оқытатын мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Шаттық Қарасартова ие болды. Ардагер ұстаздарға да құрмет көрсетіліп, құшақтары гүлге толды.
Сондай-ақ, бірқатар мұғалімдерге облыс әкімінің Алғыс хатымен «Бурабай-Дисковери» сауықтыру орталығына жолдама табыс етілді. Тағы бір атап өтерлігі, жиында еліміздің болашақ интеллектуалдық әлеуетін дамытуға өз үлестерін қосып, Жапония, Үндістан, Испания, Болгария, Италия және Белорусия елдерінде өткен халықаралық байқауларға қатысып, жеңімпаз атанған бірқатар  мұғалімдерге  100 мың теңге көлемінде сертификаттар табыс етілді.
Салтанатты шара концерттік бағдарламаға ұласты.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар