Көкшетау қаласындағы «Достар» мәдениет сарайында мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Бәйкен Әшімовтың туғанына 100 жыл толуына арналған тағылымы мол салтанатты шара өткізілді.
Кеш барысында көрнекті тұлғаның туған елімізге сіңірген өлшеусіз еңбегі, әр сәті кейінгі толқын үшін өлмес өнеге, әдемі мысал болатын ғибратты ғұмыры баяндалды. Алдымен, сөз алған Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев салтанатты жиында туған өлкенің тұғыры биік тұлғасы жайлы айта келіп, Көкшетау қаласында Бәйкен Әшімовке бір көшенің аты берілетіндігі туралы хабардар етті. Игі жақсылар бас қосқан мазмұнды шарада мәлімделген осы бір жүрекжарды қуанышты көпшілік тебірене толқып, қуана құптады.Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл өз баяндамасында өнегелі өмір иесінің өлмес тағылымы жайлы жан-жақты айтып берді. Ұлы Отан соғысының от жалынында шыңдалған, зұлмат соғыстан кейін қаусап қалған халық шаруашылығын қайтадан қалпына келтіруге айрықша үлес қосқан, еліміздің әлеуметтік-экономикалық өрлеуіне зор ықпал еткен Бәйкен Әшімұлының балалық, жастық шағы қиын кезеңдерге тап келген. Орта мектептің қарапайым мұғалімі болып еңбек жолын бастаған ол Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің төрағасына дейінгі лауазымды қызметтерді атқарғандығы белгілі. Отан алдындағы абыройлы еңбегі үшін 4 мәрте Ленин, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз, екі мәрте бірінші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен марапатталған асыл ағамыздың сонау бір ел ішіндегі қиын кезеңде татар дәмі таусылмай, аман қалуы ағайынның жанашырлығының, қамқорлығының арқасы екен. Әсіресе, әкесінің ағасы Қабдолланың жәрдемі көп тиген. Сол бір тар заман туралы Бәйкен Әшімұлының ет жақын туысы Оңғар Сүлейменұлы тарқатып айтып берді. Бәйкен Әшімұлын көзі көрген кеш қонағы Анатолий Башмаковтың нақты тарихи деректермен мазмұн үстеп, мағынасын молайтқан сөзін қауым жылы қабылдады. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, белгілі жазушы-драматург Жабал Ерғалиев еліміздің елдігі, өз ардақтыларын құрметтей білуі қажет екендігін айта келіп, Көкшетаудың қадірі мен қасиеті осындай абзал ағаларымыз екендігін, кейінгі ұрпақ сол аға буынды біліп, танып, өнегесін ұғып, ғибратын алуы керек дегенге саятын аталы сөзін айтты.
Көз көргендер ішінде абзал ағаның періште пейілін, мынау жарық дүниеден арына қылаудай кіршік түсірмей өткен тазалығын, туған еліне жасаған жақсылығы мен қамқорлығын, елін сүйген жомарт жүрегін, ел амандығын тілеген адал пейілін ел ақсақалдарының бірі – Болат Жанәділов орнықты сөз, орынды пікірімен әр көңілге жететіндей етіп тамаша айтып берді.
Ғибратты ғұмыр иесі Бәйкен Әшімұлы өмірлік жары Бақыт Әсетқызы бұл жалғаннан қайтпас сапарға аттанған соң араға тура 19 күн салып өзі де өмірден өткен. Құтты бір-бірінсіз өмір сүре алмайтын, сертке берік, қасиетті аққу құстар тәрізді. Өмір айдынында қатар жүрді, қатар жүзді. Елге қамқор, елдің амандығын тілеген абзал жандардың бір мезгілде дәм-тұзының таусылуы да түсінген адамға да өзгеше тағылым тәрізді. Осы қаралы оқиғаның өзінен махаббат деген құдіреттің мәнін ұғуға болады.
Өткеннің өнегесін өрген жиын соңында қатысушылар сонау бір кездердің әуенін желпінткен, сағыныштың уытынан сарғайған жылдардың жылнамасын көз алдыңа әкелетін концерттік бағдарламаны тамашалады.