Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ана тәрбиесімен ұрпақ санасы қалыптасады - АРҚА АЖАРЫ

Ана тәрбиесімен ұрпақ санасы қалыптасады

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудағы Аналар кеңесінің рөлі»  тақырыбында өткен республикалық форумда Қазақстан халқы Ассамблеясының Ақмола филиалы жанынан құрылған Аналар кеңесінің  жұмыс тәжірибесі басқа аймақтарға үлгі ретінде ұсынылды. 

Шымкент қаласында екі күнге созылған форумға Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының жанынан құрылған Аналар кеңесінің төрайымы Зере Қиықова бастап барған делегация құрамында ұйымның жетекші үйлестірушісі Татьяна Пяткова, мүшелері: Көкшетау қалалық №11 және 17 орта мектептердің ұстаздары, «Абай» және «Мәншүк» клубтарының жетекшілері Зәуреш Қақабаева мен Айнагүл Жазиева, «Бари» армян мәдени орталығы төрағасының орынбасары Рузанна Дегоян болды. Форумнан оралғаннан кейін алған әсерлерімен бөлісу үшін «Қоғамдық келісім» мекемесінде арнайы жиын өткізген кеңес төрайымы Зере Еспайқызы:
–Форумның ашылу салтанатына Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Дархан Мыңбай қатысып, баяндама жасады. Шешен өз баяндамасында Елбасы айтқандай, ұлттық салт-дәстүрімізді ұмытпай, жас ұрпаққа мұраға қалдыруымыздың маңызына тоқталды. Тіліміз бен мәдениетіміз, ұлттық діліміз, әдет-ғұрыптарымыз мәңгі сақталып қалуында қыздардың, ертеңгі аналардың рөлі зор екендігін баса айтты. Әрине, ұлттық құндылықтарымыздың бәрі жас ұрпаққа, бабадан балаға мирас болып қалары анық. Сондықтан да, форумда жоғары оқу орындарында да бұл тәлім-тәрбие одан әрі тереңдетілуі тиістігіне көңіл бөлінді. Ата-ана, орта мектеп ұлттық тәрбиені бірінші орынға қою керектіне ерекше мән берілді. Ұрпақтар сабақтастығында ұлттық кодты ұлықтап, отбасы құндылықтарының қадірін арттыруда Аналар кеңесінің ауқымды іс тындырып жатқандығына баса назар аударылып, ұлт тәрбиесіне ерекше ден қойып жатқан үш облыс ерекше атап өтілді. Соның ішінде алдымен Ақмола облысын айтып, жұмысымызға жоғары баға берілгенде, сөйтіп, өзге өңірлерге тәжірибеміз үлгі етілгенде шын мәнінде төбеміз көкке жеткендей болды, – деді.
Бүгінде әйелдер қоғамдық-саяси оқиғалардың бел ортасында белсенділік танытуда. Түйткілді мәселелерді тарқатып, қыз-келіншектердің әлеуметтік ортадағы орнын айқындайтын мұндай бірлестіктер қатары жыл сайын көбейіп келеді. Бүгінде республикамызда консультативтiк-кеңесшi орган ретiнде облыстық, аудандық, ауылдық деңгейде 1774 Аналар кеңесі жұмыс істесе, оның 90-ға жуығы біздің өңірдің еншісінде. Көкшетау қаласының өзінде 17 Аналар кеңесі мен 13 қыздар клубы белсенді жұмыстарымен қоғамдық шараларда ерекше көзге түсіп жүр. Мәселен, Аналар кеңесінің бастамасымен Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде құрылған «Айғаным», қала мектептеріндегі «Сырғалым», «Мәншүк», «Шаңырақ» және «Абай» клубтарын ерекше атап өтуге болады. Сонымен бірге, аталмыш университет пен №17 орта мектептегі әкелер клубтарының да жұмыс істеп жатқандығы Аналар кеңесі жұмысының нәтижесі. Республикада енді қолға алынып жатқан «әкелер клубы» жобасы біздің өңірде әлден іске асырылып жатқаны кеңес үшін үлкен мерей. Себебі, ана тәрбиесімен қатар, балаға міндетті түрде әкенің мейірімі мен шапағаты, «қой» деген бір ауыз тәрбиелі сөзі керек. Осы мақсатта ұйым «Шаңырақ» әлеуметтік-психологиялық орталығы» қоғамдық бірлестігімен де бірлесіп жұмыс жүргізуде.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудағы Аналар кеңесінің рөлі» тақырыбында өткен республикалық Аналар кеңесінің төртінші кеңейтілген отырысында біздің жерлестеріміз «Қыз тәрбиесі –ұлт тәрбиесі» жобасы негізінде құрылған «Мәншүк» қыздар клубының жұмысын таныстырып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мақаласында айтылған «Туған жер» бағдарламасы аясында әзірленген «Абай» клубының «Отаным – алтын бесігім» жобасын ұсыныпты.
Осындағы «Абай» клубының «Туған жер» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырып жатқан жұмысы туралы бізге оның жетекшісі Зәуреш Балуанқызы айтып берді.
– «Туған жер» бағдарламасы аясында оқушылармен өз өлкеміздегі Шоқанның балалық шағы өткен Сырымбет пен Айғаным бекінісінде болып, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық музейіне бардық. Семей қаласында Абай мұражайы мен Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов, қалалық өлкетану музейі мен Шоқан Уәлиханов-Достоевский мұражайларына саяхат жасап, ұлы Абайдың туған жерін өз көзімізбен көріп, сол жердің ауасымен тыныстап, үлкен әсер алып қайттық.
Клуб мүшелері ақынның өлеңдерін, қара сөздерін мәнерлеп жатқа оқып, сайыстарда жүлдері орындарға ие болып жүр. Олардың ішінде Диана Чмеленко мен Никита Филатов секілді оқушылар Абай өлеңдері мен әндерін жатқа айтады.
Абай атамыз «Ғылым-білімге неғұрлым ертерек, бала кезден ден қойсаңдар, өкінбейсіңдер» десе, Елбасы: «Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет», – дейді. Мемлекеттік тілді жетік меңгеру, дамыту, қазақ ауылының өмір-салтына үңілу, ұлттық ойындарын ойнап, тағамдардың жасалуын көріп, оған өздері де атсалысу мақсатында оқушылар Солтүстік Қазақстан облысының Мағжан Жұмабаев ауданындағы Сарытомар ауылындағы «Шаттық» сауықтыру лагеріне 10 күн демалысқа барып қайтты. Ұлы Мағжанның ауылы қаладан келген өзге ұлт балаларын құшақ жайып қарсы алды. Әр күні атау-
лы жоспар бойынша белгілі бір шаралар жүргізіліп отырды. Орта арқылы тілді дамытудың мүмкіндігі зор. Қаймағы бұзылмаған Мағжан ауылы, Қызылжар қаласындағы Абылай хан резеденциясы оқушыларға ұмытылмас әсер қалдырды. Болашақта «Туған жер» бағдарламасы аясында осындай жұмыстарды одан әрі жалғастырамыз, – деді клуб жетекшісі.
Ана өз ұрпағын бесіктен бастап тәрбиелейді. Өмірдің іргетасы аналардың қалауымен қаланады. Өмірге ұрпақ әкеліп, оларды тәрбиелеп өсіріп, тіршілікке тірек болған асыл мұраты мен қажыр-қайраты үшін біз аналарға құрметпен қараймыз. Біздің Аналар кеңесі республикалық «Қайырымдылық керуені» акциясы шеңберінде биылғы жылы бірнеше рет «Шын жүректен», «Жүректен-жүрекке», «Қазақстан – қайырымды ел» атты қайырымдылық аукциондарын өткізгендігінің бір куәсі өзіміз болдық. Шын жүректен өткізілген қайырымдылық шаралары аясында 6 миллион теңге сомасында қаражат жиналып, облыс әкімінің көмегімен алты науқас баланың ем қабылдауына жұмсалды. Олардың біреуі Түркияда, екеуі Мәскеуде және үшеуі Челябинскіде емделіп келді.
Форумда негізінен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылғандай, ұлттық дәстүрді негізге ала отырып, отбасы құндылықтарын дәріптеу, ұрпақ тәрбиесіндегі өзекті мәселелерді талқылап, ұсыныстар әзірлеу, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан өзара сыйластық пен татулық, мейірімділік, бірлік пен келісім секілді елдігіміздің тірегі болған құндылықтарды кеңінен
насихаттау жайы туралы әңгімеленді, – дейді ұйымның жетекшісі Татьяна Викторовна.
Бүгінде аналарымыз елімізде болып жатқан барлық жағымды жаңалықтарға, қоғамдағы өміршең өзгерістерге, идеялық-саяси, әлеуметтік-мәдени жұмыстарға, мемлекетіміздің бүкіл тыныс-тіршілігіне белсене араласуда. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, мемлекеттік қызметшілердің тең жартысынан астамы әйелдер. Бұл – үлкен көрсеткіш. Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан Аналар кеңесін құру елдігімізге тән, тарихи дәстүрімізбен тамырлас бастама. Өйткені, ананың ақ батасымен елдің көсегесі көгерген, оның бір ауыз сөзімен ел ішін алатайдай бүлдірген небір өнбес дауларға нүкте қойылған-ды.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар