Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Латын әліпбиі. Таным мен сенім! - АРҚА АЖАРЫ

Латын әліпбиі. Таным мен сенім!

«Арқа ажары» газетінің шығармашылық ұжымы өздерінің «Көзқарас» еркін ой, еркін пікір клубында ғалымдармен және «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігімен бас қоса отырып, қазақ тілінің латын әліпбиіне көшу мәселелерін талқылады. Бүгінгі күннің өзекті мәселесін талқылауға Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург  Жабал Ерғалиев, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Бердібай Шалабай, осы университеттің доценттері, филология ғылымдарының кандидаты Аманжол Есмағұлов, әдебиетші ғалым Сәбит Жәмбек, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, гуманитарлық ғылым магистрі Лайс Мусин, «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақыт Смағұл қатысты. 

Өмірзақ Айтбайұлы, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик:  – Елбасының латын әліпбиіне көшу туралы бұл шешімін ел дамуын жаңа өрге бас­тайтын маңызды қадам деп білемін.  Әліпби ауыстыру деген тек таңбаларды ғана өзгертуден тұрмайды. Бұл жерде жалпы жазу жүйемізге, емле-ережемізге түбегейлі өзгерістер енгізу қажет. Ашығын айтқанда, қазіргі қолданыстағы әліпбиіміз бен емле-ережелеріміз орыс тілінің заңдылықтарын негізге алған көшірінді дүние. Тіпті, қазақтың төл дыбыстарының өзін анықтауда жаңсақтықтарға жол берілген. Сөйтіп, тіл білімінде қателіктердің өзі қалтқысыз қағидаларға айналып кетті. Мұның барлығын белгілі тілші ғалым, фонетика саласының білгірі, профессор Әлімхан Жүнісбек ғылыми тұрғыдан жан-жақты талдап, дәлелдеп берген. Жаңа әліпби қабылдайтын болған соң осындай келеңсіздіктерден қоса арылуымыз қажет. Бұл үшін білікті тілші ғалымдардан, информатика, психология, тағы басқа салалардың мамандарынан іріктелген арнайы жұмыс тобы құрылғаны жөн. Аталған топ латын жазуына негізделген жаңа әліпбиімізді, латын әліпбиі негізіндегі емле-ережені көп ұзатпай дайындап беруі тиіс. Үкімет қаулысымен бекітілген әліпбиді жаңа оқу жылынан бас­тап мектеп оқушыларына жеке пән ретінде оқыта беру керек. Газет-журналдар мен интернет сайттардың жартысын жаңа латын әліпбиімен шығарып, жұртшылықтың көзін үйрете берген абзал. Конференцияны Жабал Ерғалиұлы ашып, жүргізіп отырды. Кіріспе сөзінде жазушы қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі хақындағы өз пікірін айтып өтті.
–Бұл мәселе біздің қоғамымызда ерекше талқыланып жатқан үлкен мәселе. Латын әліпбиіне байланысты сөйлеген сөзінде ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев былай деген болатын: «КССР-де өмір сүрген қазақтар кириллицамен жазды, Қытайда тұрғандар – төте жазумен, Батыс елдеріндегілер – латын әрпімен жазды. Тіліміз бір болғанымен, үш түрлі жазумен жазып, кімнің не жазғанын түсінбедік. Бұл ұрпақтарымыздың жігін ажыратып жіберуі мүмкін еді, бұл бір, екінші жағынан – қазіргі жазу ғаламтордағы техника мен ғылым жетістігінен алшақтатты. Мұны дұрыстау үшін жұмысқа кірістік. Қазақ тілінің латын әліпбиіне өтуі бізді біріктіре түседі».
Бұл қадам біздің бірлігіміз үшін қажет. Еліміздегі ұлт болашағына алаңдайтын зиялылар бұл мәселені жеріне жеткізе айтып келе жатыр. Қазақстан Республикасының Парламенті Сенатында қызмет етіп жүрген кезімізде екі-үш мәрте депутаттық сауал жолдаған болатынбыз. Кешегі кеңес заманында бізбен бірге одақтас мемлекеттердің санатында болған Әзербайжан, Өзбекстан, басқа да мемлекеттер латын әліпбиіне бірден көшіп кетті. Қазақстанның көптілді мемлекет екендігін ескере отырып, Елбасының ішкі және сыртқы саясатқа байланысты бұл мәселені ба-
йыппен жүргізуді қалап отырғанын жете түсінуіміз керек. Әр халықтың рухани байлығы – тілі, салты, ұлттық дәстүрінің дамуына жағдай жасалуы Қазақстандағы ішкі тұрақтылықтың сақталуына себепші болып отыр. Елімізді мекендеп отырған барлық ұлттар мен этностардың тіліне теңдік берілгендігінен, – деп ойлаймын дей келе, сөз кезегін филология ғылымдарының докторы Бердібай Шалабайға ұсынды.

 Бердібай ШАЛАБАЙ:
–Латын әліпбиіне көшу мәселесі қолға алынған сәттен бастап біз рухани саланың адамдары бөркімізді аспанға атып қуандық. Тәуелсіздік тәжін алғаш киген жылдары мемлекетіміз ең алдымен экономика саласына көңіл бөлді. Сол кездегі ахуалға орай бұл бағыт дұрыс болғандығын замана тынысы көрсетіп берді. Етек-жеңімізді жинаған соң рухани әлемімізге де барынша көңіл бөлінуде. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев көтеріп отырған «Мәңгілік ел» ұлттық идея-
сы халықтың санасын одан әрі жетілдіріп, таным көкжиегімізді кеңейтетін темірқазық нысана.
Латын әліпбиіне көшу мерзімі нақтыланды. Осы мәселеге орай мыңнан астам жоба ұсынылғанын да білеміз. Енді міне, ғалымдардың, зиялы қауымның атсалысуымен бір нұсқаға тоқталып отырған жайымыз бар. Сөз арасында латын әліпбиіне көшудің пайдасы зор екендігін айта кетсем артық болмас. Сондықтан да, ұлт болашағын ойлайтын қалың ел қолдау көрсетуде.

 Сәбит ЖӘМБЕК:
–Дұрыс айтасыз. Латын әліпбиіне көшу мәселесін тұтастай алғанда тіл саласының ғалымы ретінде өз басым қолдаймын. Өйткені, бүгінгі күні әлем халықтарының 70 пайызға жуығы осы латын әліпбиін қолданады екен. Ағылшын тілінің халықаралық тілге айналуына орай, латын әліпбиінің қолданыс аясы одан әрі кеңейе түсуде. Оған қоса, латын әліпбиі Интернет тіліне де айналып отыр. Осының бәрі біздің уақыт талабына сай латын әліпбиіне көшуіміздің қажеттігін алға тартады.
Сонымен бірге, ғасырларға созылып келе жатқан Ресейдің саяси ықпалынан құтылу үшін де латын әліпбиіне көшуіміз қажет болып тұр. Десе де, латын әліпбиіне көшу мәселесін қысқа мерзім ішінде жүзеге асыру асығыстық туғызады деп ойлаймын. Бұл арада ең алдымен, ана тіліміздің үндестік заңын, дыбыстарды таңбалау ерекшеліктерін, ұлттық болмысымызды сақтайтын шараларды естен шығармағанымыз жөн. Қазіргі ұсынылып отырған нұсқада қатаң, жіңішке белгілері және щ, ц деген сияқты орыс тілінен енген таңбалар жоқ. Бұның бәрі ұлттық дыбысталу үндестігіне орайластырып жасалған болуы керек. Дегенмен, ц деген әріпті алып тастағанда қалай болар екен деген ой келеді. Цифрлы Қазақстан, цифрлық технология деген сөздерді қазір заманның ағымына қарай жиі айтып жүреміз. Ол таңбаны алып тастағанда қалай болады? Өз басым бір дыбысты екі таңбамен беру – диграф деген тәсілге қарсымын. Бұл тілімізді шатыстырады. Бұған көп ғалымдарымыз, жұртшылық өкілдері сол кезде қарсылық білдіргені белгілі. Осы жолғы нұсқада екі таңбамен белгілеу алынып тасталған екен. Бұл дұрыс. Жаңа нұсқа бұрынғымен салыстырғанда әлдеқайда жақсы, ойластырып жасалған деуге болады. Дегенмен, үтір арқылы таңбалау жайына да абай болған жөн дер едім. Техникалық себептерден үтір түсіп қалған жағдайларда қате кетіп жатады және ол жазу жылдамдығымызға да айтарлықтай кері әсерін тигізетіні анық.
Біздің осы кезде қолданылып жүрген сызықша арқылы таңбалау әдісін қолданған дұрыс па деген ойым бар. Мәселен, ортасын сызықшамен бөліп белгілейтін ө, ғ, ұ әріптері сияқты таңбалар халықаралық фонетикалық әліпбиде бар екен. Бұл әріптердің негізі сонау грек әліпбиінен бастау алады. Бұл таңбалар бүгінде математикада қолданылады. Ендеше, осындай халықаралық фонетикалық әліпбиде белгіленген таңбалардан неге қашамыз? Үтірге қарағанда осылай таңбалау ыңғайлы емес пе? Қалай дегенде де, алғашқы нұсқаға қарағанда мына нұсқаның біршама артықшылықтары бар. Әлі де ғалымдарымыз ойластырып, ұлтымыз, болашақ ұрпағымыз үшін зор маңызы бар әліпби жасауда асығыстықтар мен албырттықтарға жол бермесе деген тілегім бар.

 Аманжол ЕСМАҒҰЛОВ:
–Латын әліпбиіне көшу қазақ үшін таңсық емес. 1929 жылы бұрынғы қолданылып келген Ахмет Байтұрсыновтың араб әрпімен белгіленген төте жазуынан латын әліпбиіне көштік. Қызығы сол, халықтың көпшілігі әлі сауатсыз болып тұрған сол жылдарда латын әліпбиіне көшу небары екі жылда жүзеге асырылыпты. Бүгінгі жағдай тіптен басқаша ғой. Тағы бір айта кетерлігі, сол кездегі латын әліпбиінен қазір де үлгі алып, үйренер жайларымыз аз емес деп ойлаймын. Мәселен, у деген дыбыс латын әліпбиінде қолданылып келген y деген әріппен белгіленіпті. Қазіргі нұсқада ол жоғары жағында үтір қою арқылы белгіленген. Сол сияқты, ш дыбысы латынның d әрпімен белгіленген. Айта кетерлігі, 1929 жылы қабылданған әліпбиде 1 дыбыс, 1 әріп қағидасы сақталған. Қазақ тілі біраз жыл сол латын әліпбиімен жазылып, ақын-жазушыларымыз көптеген шығармаларын қалдырды. Сондықтан, қазір де өткен ғасырда қолданылған латын әліпбиін қайта жаңғыртсақ, зияны болмас еді деген ойдамын. Бүгінгі ұсынылып отырған нұсқа ағылшын тілі әліпбиінің нұсқасын негізге алып жасалған тәрізді. Ағылшын тілінде көптеген қосалқы әріптер бар. Бірнеше әріппен бір дыбысты беру жиі кездеседі. Ал, немістердің нұсқасында бір әріп, бір таңба сақталған. Бізге тиімдісі де сол немістердің нұсқасына ұқсас әліпби деген ойдамын.

 Бақыт СМАҒҰЛ:
–Латын әліпбиіне көшу жайында тіл саласының ғалымдары әртүрлі пікір айтып жатыр. Мен ол жайында талдап, айтылған жайды қайталағым келмейді. Бұл арада мәселе мынада, қазіргідей нарық қысқан қиын кезеңде латын әліпбиіне көшуді
Елбасымыз тектен-тек қолға алып отырған жоқ. Мұның астарында ең алдымен, саяси мән жатыр. Екі жарым ғасырға созылған Ресей үстемдігінен құтылудың, олардың саяси ықпалынан аулақтаудың бір тәсілі осы латын әліпбиіне көшуде деп ойлаймын. Таяуда ғаламтордан бір орыс ғалымының қазақтардың латын әліпбиіне көшуіне байланысты жазған мақаласын оқыдым. Әлгі ғалым осы арқылы қазақтар орыстардың саяси ықпалынан шықпақшы дегенді айтып жатыр. Кириллицаны қолдану арқылы біз ғасырлар бойы солардың ықпалында болып келгеніміз жасырын емес. Тіпті, шетел тілінен енген көптеген термин сөздердің өзі алдымен орысшаланып, содан кейін ғана қазақша беріледі. Атақты спортшы Мұстафа Өзтүрік елімізге келгенде жұртшылықпен кездесулерде «шампион» деп сөйлейтін. Соны естігенде, бұл кісі неге бұлай айтады деп ойлаушы едік. Сөйтсек, ол осы сөзді ағылшын тілінен тікелей аудармасы арқылы айтады екен ғой. Ал, бізде әуелі орысшаланып, содан кейін орыс тілінің ыңғайына бейімделген аудармасы қолданылатын.
Сонымен бірге, латын әліпбиіне көшу түбі бір туыс елдер түркі әлеміне жақындатады. Қазіргі күні әлемде 180 миллиондай түркі тілдес халық болса, олардың басым бөлігі латын әліпбиін пайдаланады. Сондықтан, бұл өзгерістен қашпауымыз қажет. Бұл мәселенің үшінші қыры – ол бүгінде барша әлемді мидай араластырып жіберген ғаламторға енудегі оң ықпалы десек, артық айтқандық болмайды. Қазіргі қолданып жүрген кириллица әріптеріндегі өзіміздің қазақы төл таңбаларымыз компьютерге түскенде квадрат болып, өзгеріп кетіп жатады. Ал, латын әліпбиін қолданғанда еш кедергісіз қазақ сөздерін компьютерге түсіруге және ғаламтор арқылы әлемнің кез-келген нүктесіне жіберуге болады. Тағы бір айта кетерлік жай, соңғы нұсқада біраз әріптер үтір арқылы белгіленген. Бұл бұрынғыдай қазақы әріптерді компьютерде қолдануға кедергісін келтіре ме деген ой бар. Осы орайда, ғалымдарымыз әлі де бұл мәселені ойластырып, қазақ тілінің ғаламтор тіліне айналуына ықпал ететін шаралар жасаса деген ұсынысым бар.

 Лайс ҚАПЕЗҰЛЫ:
–Ұлтымыздың тарихында 2017 жыл елеулі екі тарихи құбылыспен енбекші. Бірі – «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі болатын болса, екіншісі – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың латын әліпбиіне көшу туралы ұлт тағдырына, ұрпақ болашағына, еліміздің ертеңіне тікелей байланысты жаңа бастамасы. Бұл бастаманың негізі туралы Елбасы 2012 жылдың желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан – 2050» Стратегиясында «2025 жылдан бастап ұлттық жазуымыз латын әліпбиіне көшеді» деп анықтап берген еді.
Шынын айтқанда, алғашқы бетте орындалуы аса қиын болып көрінген бұл жоспар Елбасының үстіміздегі жылдың сәуір айындағы Үкіметке берген тапсырмасынан кейін ерекше қарқын, ыждаһаттылықпен қолға алына бастады. Нәтижесінде латын графикасына төл тілімізді негіздеуге жауапты заңды тұлғалар анықталып, комиссия қауырт жұмыс істеуде.
Бүгінгі күні ресми түрде латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің екі нұсқасы көпшіліктің талқысына ұсынылды. Біріншісі – 25 таңба мен сегіз диграфтық символ және екіншісі – 32 таңбалық. Оның ішінде 9-ы апостроф жүйесімен бейнеленген.
Алғашқысы қоғамдық қызу талқыға түсіп, жүздеген ұсыныстар берілді. Әсіресе, сингормониялық типті қазақ тілінің төл ә, ө, ү дауысты дыбыстарын ае, ое, ие диграфтармен берілуі қоғам мүшелерінің түсініспеушілігін тудырды.
Ресми ұсынылып отырған екінші нұсқада қазақ тілінің төл дыбыстары мен кей универсал дыбыстар ә/а’, ғ/g’, и,й/i’, ң/n’, ө/o’, ш/s’, ч/c’, ұ/u’, у/y’ үтір дәйекшелі яғни, апострофпен таңбаланған. Әліпби нұсқасының үштен бірі апострофке негізделген. Жалпы таңба саны – 32 әріп.
Адамзаттың тілі – дыбыстық тіл. Яғни, қарым-қатынас құралы дыбысқа негізделген. Басты элементарлы бірлік – дыбыс. Қазақ тілі де ұрпақтан ұрпаққа мирас ретінде беріліп келе жатқан мұра, өзіндік дыбыстық құрамы мен жүйесі бар.
Бүгінгі қазақ тілі оқулықтарында дыбыс құрамы да біріздендірілген жоқ. Орта білім жүйесінде 12 дауысты, 26 дауыссыз дыбыс, жалпы дыбыс саны – 38 деп, кей оқулықтарда 37 дыбыс: 12 дауысты, 25 дауыссыз деп оқытылады. Жоғары оқу орнының білім бағдарламасында 11 дауысты, 25 дауыссыз деп көрсетілген. Кірме дыбыстарға э, и, у, в, ф, ч, ц дыбыстарын жатқызамыз.
Қазіргі қазақ фонологиясында Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты ғалымдары бүгінгі қазақ тілі фонемалар жүйесін экспериментальды тәсілмен анықтауда. Алайда, ол зерттеу нәтижелері әр білім беру деңгейлеріндегі оқулықтардан көрініс таппайды. Яғни, ғылыми анықталған заңдылықтар айналымға енгізілмейді. Бұдан ғылыми салааралық байланыстың жоқтығын байқауға болады.
Осы тұрғыда ресми ұсынылған латын қарпіндегі екі үлгінің дыбыстық құрамына қөз жүгіртейік. Бірінші үлгіде дыбыс саны – 36. Дауысты дыбыс – 11 (а, е, і, и, о, ұ, у, ы, ә, ө, ү), дауыссыз дыбыс – 25. У/w – дауысты да дауыссыз. Екінші үлгіде дыбыс саны – 34. Дауысты дыбыс – 11(и, у бір таңбалы), дауыссыз – 24 . Осы үлгіде «ц» дыбысы алынып қалған. Неге екені белгісіз… Қандай принципке негізделген…
Осы тұрғыдан келгенде алфавит түзбей тұрып қазіргі қазақ тіліндегі дыбыс санын ресми бекіту керек.
Екіншіден, болашақ әліпбиіміздің универсалдылық сипаты кеңейсін десек 27 реттегі «U» таңбасын «Ұ» дыбысын емес, «У» дыбысын белгілесе. Себебі, латын графикасы пайдаланылатын Еуропа тілдерінде «У» дыбысын анықтайды. Мысалы: University. «У» мен «ұ, ү» дыбыстарын белгілеуге болатын еді. Сондай-ақ, апостроф ретінде әріп үстінде қос нүктені пайдалануға болады. Бұл тәжірибе неміс графикасында «Умляут» ретінде белгілі.
Үшіншіден, «ш – sh, ж – zh, ч – ch» дауыссыздарын диграфпен беруге болар еді. Бұл да таңбалаудың универсалдылығын арттырады.
Төртіншіден, апострофты үтір дәйекше интернет желісінде айырым белгісі ретінде қабылдануы мүмкін. Мәселен, қазақ ұғымындағы «әңгіме» сөзін «а’ng’іme» деп іздеу салсақ сілтеме саны азаяды.
Қорыта айтқанда, тіліміз анық, жазуымыз ұтымды болсын десек келелі мәселелерді ортаға салып, келісіп пішкен дұрыс. Сонда ғана тіл ғылымындағы дыбыстық-әріптік жазуға қатысты дыбыс саны мен әріп саны тең болса, идеалды жазу, дыбыс санынан әріп саны көбірек болса, жаман емес жазу, әріп саны дыбыс санынан аз болса, феноменалды жазу қағидаттары тұрғысында қай қатардан көрінетіндігіміз өзімізге байланысты.

 

Пікір алысу барысында айтылған ойлар:

 Бердібай ШАЛАБАЙ:
– Әлгінде айтып жатыр, латын әліпбиіне көшу Ресейдің ықпалынан құтылуға, түбі бір түркі халықтарымен жақындасуға ықпалын тигізеді, қазақ тілі ғаламтор тіліне айналады деп. Бұның бәрі дұрыс. Дегенмен, латын әліпбиіне көшу қазақ халқына ең алдымен, өзінің ұлттық болмысын, тіл ерекшелігін, дауыс ырғақтылығын қайта табуына көмегін тигізеді десек, бұл сауалдың жауабы толымды бола түсер еді. Мәселен, кириллицаға көшпей тұрған кезеңде қазақтардың орысша сөйлеген кезінде үлкен акценті болған. Олар Москваны – Мәскеу, самоварды – самауыр, ботинканы – бәтеңке деп айтты. Яғни, үндестік заңын сақтай отырып айтқан және жазған. Кейінірек кириллицаға көшкен кезде қазақ тілінің өзіне тән үндестігі сақталмай, жаңа әліпби орыс тілінің ыңғайына қарай жасалды. Сөйтіп, жазба тілімізге орыс тіліне тән ц, щ, ч, ю, я деген таңбалар енді. Осының салдарынан қазақша жазу ғана өзгеріп қоймай, қазақтардың сөйлеу ырғағы, сол арқылы көмекей, тіл жүйесі үлкен өзгеріске ұшырады. Өзіңіз қарап көріңізші: бұрынғы КСРО аумағындағы бірде-бір халық дәл қазақтай орыс сөзін еш акцентсіз сөйлей алмайды. Неге десеңіз, олардың жазба тілінде ұлттық үндестік заңы сақталған.
Латын әліпбиіне көшу осы аталған кемшіліктерді жоюға көмегін тигізеді деп санаймын. Әрине, дыбыс шығару жүйесі өзгерген қазіргі ұрпақ бұрынғы қазақтардай ұлттық тіліміздің үндестік жүйесіне бірден көше алмас, дегенмен, ол бүгінде мектеп партасында отырған жас ұрпақтың болашағы үшін қажет. Яғни, бұл өзгеріс алыс болашақ үшін, қазақ ұлтының ұлттық бірегейлігін сақтау үшін қажет қадам. Сонау ата-бабаларымыз қолданған қазақ тілін қалпына келтіруге бағытталған шара. Сондықтан, оның нәтижесі бірер күнде көріне қоймайтыны белгілі. Қазіргі латын әліпбиіне көшу мәселесіне қырын қарап жүргендер осы жайға назар аударғандары жөн дер едім.
Бердібай ШАЛАБАЙ:
–Бар мәселе еміле ережесінде. Ертеңгі күні еміле ережесі қабылданады, сонда бәрі белгілі болады. Еміле ережесі дұрыс болса, бәрі дұрысталуы тиіс.
Аманжол ЕСМАҒҰЛОВ:
–Қазақ тіліндегі бұрмалаушылықтар мен сауатсыздықтар кеңес заманындағы қысқарған сөздерден бастау алған сияқты. Мәселен, КПСС-ның деп жазып жүрдік. Ал, оның қазақшасы СОКП болатынын ескермедік. СССР деп жаздық, ол қазақша КСРО болуы қажет еді. Қазақ тілінің үндестігі бұзылғаны өз алдына, енді орысша қысқарған сөздерді де қазақшаға ыңғайлап өзгертуге тыйым салынды.
Жабал ЕРҒАЛИЕВ:
–Латын әліпбиіне көшкеннен кейін кириллицамен жазылған ақын-жазушыларымыздың мол мұрасынан қол үзіп қалмаймыз ба деп алаңдаушылық білдіретіндер де бар. Осы мәселеге қатысты не айтар едіңіздер?
Бердібай ШАЛАБАЙ:
–Қазақ халқы өз тарихында әліпбиін бірнеше рет өзгерткені тарихтан белгілі. Дегенмен, бұл өзгерістер ұлттық жазба мұраларымызды жоғалтады деп айтуға болмайды. Әрине, ертеректе төте жазумен жазылған кітаптарды латын әліпбиіне, одан кириллицаға көшіру қиын болды және көп бейнетті қажет ететін. Ал, қазір техника дамыған заман. Компьютердің бір кнопкасын басу арқылы үлкен мәтіндерді басқа әліпбимен жазылған мәтінге өзгертуге болады. Сондай компьютерлік бағдарламалар бар. Ол үшін әрине, әлгі мәтіннің электрондық нұсқасы болуы шарт. Қазіргі күні ақын-жазушыларымыздың көбінің еңбектері электронды нұсқаға аударылды. Орталық кітапханаларымыздың көбі электрондық үлгідегі қызмет көрсетуге көшті. Ендеше, сол электронды нұсқадағы кириллицамен жазылған кітаптарымызды жоғалтып аламыз деу жаңсақтық.

 Қорытынды.
 –Бүгін латын әліпбиіне қатысты оның пайдалы жағы мен олқы тұстары жайында жан-жақты айтылды. Бұл еліміз үшін, оның болашағы үшін аса маңызды мәселе. Қазіргі ұсынылып отырған әліпби соңғы нұсқа емес, жұртшылықтың, ғалымдардың пікірлері ескеріліп, әлі де өзгертулер мен толықтырулар жасалуы әбден мүмкін. Десе де, еліміз үшін аса маңызды, көп жылдардан бері көтеріліп, шешімін таба алмай келген латын әліпбиіне көшу жайы таяу жылдарда толық шешімін табатыны анық. Осы маңызды мәселені талқылап, өз ой-пікірлеріңізді ашық айтқан сіздерге үлкен алғысымды білдіремін, – деді конференцияны жүргізуші Жабал Ерғалиев.

 Пікір алысу барысындағы әңгімені жазып алғандар:
Байқал БАЙӘДІЛОВ, Қалкөз ЖҮСІП.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар