Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қазақ билері және Ұлы Дала заңдылығы - АРҚА АЖАРЫ

Қазақ билері және Ұлы Дала заңдылығы

Ақмола облыстық соты мен Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті бірлесіп өткізген «Қазақ даласының билер соты – егеменді еліміздің сот-құқықтық жүйесінің негізі» атты ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Қазақ билері, оның ішінде осы Ақмола өңірінен шыққан билер мен шешендер жайында мазмұнды да тартымды баяндамалар жасалған шараға облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова, Жоғарғы соттың судьясы, Жоғарғы сот кеңесінің мүшесі Әділ Құрықбаев, ғалымдар мен құқық қорғау саласының басшылары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Облыстық соттың төрағасы Досжан Әміровтың төрағалығымен өткен ғылыми-практикалық конференцияда Жоғарғы соттың судьясы Әділ Құрықбаев Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәмидің құттықтау хатын оқып берді. Облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова Елбасымыздың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көтерілген бастамаларды жүзеге асыру бағытында  біздің облысымызда көптеген іс-шаралар өткізіліп, нақты жұмыстар атқарылып жатқанын айта келе, бүгінгі өткізіліп отырған конференция да рухани жаңғыруға үн қосқан маңызды шара болатынына сенім білдірді. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Әбдімүтәліп Әбжаппаров «Қазақтың би-шешендері қайталанбас тарихи тұлғалар. Қазақтан басқа бірде бір халықта ел өмірінің барлық қырларына араласатын қазақ билері сияқты тұлғалар болмаған. Қара қылды қақ жарған қазақ билерінің билігі қазіргі судьяларға үлгі», – деп атап өтті.
Облыстық соттың төрағасы Досжан Әміров «Билер соты – тәуелсіз еліміздің сот-құқықтық жүйесінің негізі» атты баяндама жасап, қазақтың билері әділ шешімдерімен елді аузына қаратып, дауласқан екі тараптың да көңілінен шығатын жүйелі билігімен ел құрметіне бөленгендігін айтты.
Билер даулы мәселелерді қарау кезінде барынша ашықтық принципті басшылыққа алып, тараптардың мүмкіндігіне шектеу қоймай, екі жақты бітістіруге күш салған. Ел ішіндегі үнемі болып тұратын түрлі дау-дамайларды шеше отырып, қазақтың дана билері кәсіби жағынан  шыңдалып, тәуелсіз сот билігі ретінде ғасырлар бойы қалыптасты. «Билік айтқан би емес, бітістірген би» деген принцип те содан қалса керек. Яғни, билік айтудың мұраты жазықтыны жазалау емес, дауласқан тараптарды бітістіріп, дауды ушықтырмай шешу, ел ішінің бірлігі мен бүтіндігін сақтауға қызмет ету болған.
Елбасымыздың сот жүйесінің алдына қойып отырған міндеттері де осымен үндеседі» , – деді облыстық соттың төрағасы.
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің проректоры, тарих ғылымдарының кандидаты Аманай Сейітқасымов «Қарауыл Қанай би» туралы тарихи  деректер мен шежіреге негізделген мазмұнды баяндама жасады. «Заманымызда болған небір ұлттық қаһармандарға сипаттама бермейсіз бе», – деп Абылай хан сұрағанда Бұқар жырау былай деген екен:
– Айтсаң Бәсентиін Малайсарыны айтсаңшы, үні жақсы еді, ашық көңілмен салдырып отырушы еді. Қарауыл Қанайды айтсаңшы, сөздің майын тамызып сөйлеуші еді. Бәрін айт та бірін айт Қанжығалы Бөгенбайды айт. Ақылдың жатқан үйін табушы еді күні кетті бейшара, кәрілікке не шара? Бұл өмірде асқан дана Қаз дауысты Қазыбек еді ғой, – деген екен.
    Сегіз сері былай деп бата берген екен:

    Үш жүздің Абылайдай тілегі бол,
    Марабайдай ақыны – жүрегі бол.
    Еліңе Жанатайдай айтулы бол,
    Қобыланды батырдай білегі бол.

    Белгібай Құлекедей білекті бол,
    Беріште Исатайдай жүректі бол.
    Халқының қамын жерген ертелі-кеш
    Қарауыл Қанай бидей тілекті бол, –
деп халық аузында ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан аңыз әңгімелер мен ғалымдарымыздың еңбектерін негізге ала отырып, Қанай бидің өмірі мен ел алдындағы еңбегін жан-жақты ашып баяндап берді.
Осы оқу орнының профессоры, экономика ғылымдарының докторы Қасымхан Құсайынов пен облыс соттары ардагерлер ұйымының төрағасы, отставкадағы судья Мейрам Ғибаділов Көкше өңірінен шыққан Дүйсен би, Бекше би, Әлдебек би және Етекбай билер жайында ел аузында сақталған аңыз-әңгімелерге және тарихи деректерге негізделген баяндамалар жасап, өз заманында халқына, еліне орасан зор еңбегін сіңірген тарихи тұлғалардың есімін ел есінде сақтау үшін туып-өскен жерлеріндегі бір елді мекен мен облыс орталығынан көше атауын беру туралы ұсыныстарын білдірді.
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің заңтану кафедрасының аға оқытушысы, заң ғылымдарының кандидаты Ерлан Наурызбаевтың «Рухани жаңғыру идеясының әлеуметтік-мәдени өрісі», осы оқу орнының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Аманжол Есмағұловтың  «Сөзін ханға өткізген Бөгенбай би», Атбасар аудандық сотының судьясы Асқар Шарапатовтың «Байдалы би», облыстық соттың судьясы Сәуле Қияшеваның «Дархан даланың даналары: Бапан және Саққұлақ билер» деген тақырыптағы баяндамалары да көпшілік тарапынан қызығушылықпен қабылданды.
Конференция барысында Ақмола өңірінен шыққан билер мен шешендер жайында түсірілген  бейнеролик көрсетіліп, университет фойесінде облыстық соттың мұражайынан алынып жасалған билерге арналған көрме жұртшылық назарына ұсынылды.
Ғылыми-практикалық конференцияны қорытындылаған облыстық соттың төрағасы Досжан Әміров Жоғарғы соттың төрағасы Қайрат Мәмидің өткізген «Рухани жаңғыру – мәңгілік ел болудың кепілі» тақырыбындағы дөңгелек үстелде қабылданған қарарды жүзеге асыру шеңберінде ұйымдастырылған конференцияға қатысушыларды бірлесе жұмыс жүргізуге шақырды.
 Шара соңында облыс әкімдігімен және құқық қорғау  органдарымен бірлескен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының қағидаларын жүзеге асыру бағытында атқарылатын іс-шаралар жоспары жөніндегі қарар қабылданды.
Жыл бойына жүзеге асырылуға тиісті іс-шаралардың ішінде мәдениет мекемелеріне, оқу орындарына атақты билердің есімдерін беру, билер мен шешендердің өмірі жайындағы бейнероликтер түсіру, құқық органдарында мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту, әлеуметтік желілерден «Қазақ билер соты» тақырыбындағы парақша ашып, интернет арқылы билеріміздің өмірі мен халыққа сіңірген еңбектерін насихаттау сияқты шаралар бар.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар