Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Майданда шыңдалған достық - АРҚА АЖАРЫ

Майданда шыңдалған достық

Осы уақытқа дейін Ұлы Отан соғысының тарихында өзге ұлт өкілінің, бұрынғы командирінің қазақтың қарапайым ауылына қазақтың қарапайым шалын, бұрынғы қол астындағы сарбазын іздеп келгенін әлі күнге естімеппін.
Ал, мұндай оқиға болған. Және менің туған ауылым Ортаққа әкемнің туған інісі, Асқар папамды іздеп келгенін бүгінде арада 47 жыл өткенде тағы бір мақтаныш сезімімен ауызға алсам көптік етпейтіндей. 

 I. Полтавадан келген хат

 Арада бір адамның ғұмырындай қанша уақыт жылыстап өте шыққанымен, осы оқиғаның бастау негізі – сол бір күн әлі есімде. Онда ауылдағы сегіз жылдық мектептің соңғы сыныбына көшкен кезім. Жаздың іші, бала біткен каникулда. Үй арасында екі-үш-ақ үй, күніне бір амандығымызды біліп кететін Асқар папам бұл жолы қатты абыржыған күйі жылдам басып кіріп келді. Түс мезгілі еді. Анам бәріміз жайбарақат шай ішіп отырғанбыз. Қолында жай конверттен мысы басым авиаконверт. Түрі біртүрлі толқып, өзгеріп кеткен. Мына келісі тегін емес екендігін ішіміз сезе қойып, жалма-жан орнымыздан атып-атып тұрдық.
– О не қайным, тыныштық па?
Елеңдеген анамыздың да алғашқы сөзі осы болды.
–Жоқ, жеңгей. Мына бір хатты жаңа пошташы Гүлсина Украинадан деп қолыма ұстатып кетті. Онда кім бар?!. Соған жүрегім лүпілдеп, Қайыркешке оқытып алуға (мені еркелетіп осылай атайтын) сендерге қарай тарттым,–деді даусы дірілдеп.
Сұраулы жүзбен бәріміз қайта үстел басына жайғастық. Мен де іле конверттің сыртына бір қарап, «о, о, Полтавадан» деп, таңданыспен хатты ашуға кірістім. Ол кезде жағрапия пәнінен кеңес елінде біз білмейтін республика, қала бар ма?!. Іші бір нәрсені сезді ме, Асқар папам болса, әлі сол толқыған, дегбірсіз қалпы. Онда жаспыз, бірден көкейімде жатталып қалған сол хат мазмұны әлі есімде. Қолымыздан оған дейін, одан кейін де ондаған хаттар өткені анық. Бірақ, ол кезде жаңа шығып жатқан шарикті қаламмен жазылған сол бір хатты ұмытқан емеспін. Әлгі жерде өзімше дауыстап оқуға кірістім. Папам болса, торкөз дәптердің қос парағына ентелеп, бар ынта-зейінімен одан көзін алар емес.
«Қымбаттым менің, қайдасың, барсың ба бұл өмірде? Сені іздеп бұдан бұрын да хат жазғанмын, өзіме қайта қайтып келді ол хат. Әлде маған тастап кеткен адресіңді ауыстырып, басқа жерге қоныс аудардың ба? Майданнан елге қайтқан солдаттар қарасы көп, сен де эшалонға әзер мініп кетіп едің ғой. Жолда жазатайым бір нәрсеге ұшырап қалдың ба деп те қорқамын. Құдай одан сақтаса еді. Есімнен бір шықпайсың. Тағы да өзімде сақтаулы бұрынғы адресің бойынша сені іздеп, осы хатты жазып отырмын. Аман болсаң, бар болсаң, тезірек бір хабарыңды бер. Асыға тосамын. Сағынышты сәлеммен, өзіңе мәңгі қарыздар қарулас командирің Алексей  Слюсарев».
Міне, өшпестей есімде қалған, бір сөзінің де жалғаны жоқ хаттағы жазылған жайдың тоқетері осы. Әттең, жалғыз ұлы Мақаш ағамнан да сұрастырып білгеніммен, мен қазақшалап отырған хат нұсқасы сақталмаған. Әйтпесе екеуі сөз жоқ, қабысар еді. Өкінішке орай, мұндай қағаз, құжат дегенде шорқақпыз ғой.
Ал, сол хатты мен дауыстап оқып берген шала хат танитын папам-ай! Өзімше әр сөйлемін аударып жеткізген сайын қарап қоямын, қос жанарынан жас парлап, кәдімгідей жылап отыр. «Мені ұмытпаған Сашкем-ай» дейді қолымнан қайтып алған хат пен конвертті қайта-қайта көкірегіне басып. Өз бетімен оқығысы келеді, оқи алмайды. Әрі-бері қарағыштап, жазуын сипап, аудастырып, ойға кетеді де, тағы жылайды.
Сол сәттегі үйреншікті тірлігімізді өзгертіп жіберген мына тосын хат оны оқыған маған да, басқаларына да біртүрлі қызық әрі таңсық еді.   
–Папа, папа, Слюсарев деген кім? – дейміз не де болса, бәрін тезірек біліп алғымыз келіп.
–Ол ұрыс даласынан мен құтқарып, алып шыққан командирім ғой.
–Қалай алып шықтыңыз? Қалай құтқардыңыз? Қай жерде?–деп сұраймыз тағы да сауалдан сауалды жаудырып.
–Е, ол ұзақ әңгіме, құлындарым. Мен соғыста санинструктор болдым ғой. Санинструктор деген оқ тиген біздің әскерлерді жарасын таңып, қауіпсіз жерге алып шығады. Санчастьқа апарып, дәрігерлерге тапсырады. Сашке командирімді де кескілескен шайқаста жау оғынан ес-түссіз жатқан жерінен солай алып шығып, көрер жарығына себепші болып едім. Бәсе, іздеген екен ғой. Мен де «қайда екен, бар ма?» деп іздемеді, ойламады дейсіңдер ме? Бәрі мына іште ғой, іште…
Мінезі баладай, көңілі даладай, кеңқолтық папамның сол екі көзі жасаураған қалпы жүрек тұсына қолын апарып, өз өмірінің бір парқына бойлатқан сондағы сөзін терең түйсіндік пе екен онда. Қанша айтқанмен әлі баламыз ғой. Оның есесіне… Иә, оның есесіне былтыр «Подвиг народа» сайтынан табылған мына  деректер әрі таңдандырған да, әрі қара шалдың аруағы мен  мықтылығы алдында бас та игізген.
Бұйрық №13/Н
Бірінші Украина майданы 276 Темрюк атқыштар дивизиясының 876 атқыштар полкы бойынша
19 август 1944 жыл.
КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының атынан марапаттаймын:
«Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен
5. Санитарлық ротаның санитар-зембілшісі, медициналық қызметтің кіші сержанты Төреғожин Асқар – 1944 жылдың март-июнь айларындағы ұрыстар аралығында майдан даласынан 16 жаралы офицер мен қызыл әскерді қару-жарағымен бірге алып шыққаны үшін.
Полк командирі,
гвардия подполковнигі Ляпин.
Полк штабының бастығы,
майор Чулой.
Содан «Асқардың майдандағы досы табылыпты» деген ақжолтай хабар сол күні-ақ ауылда ауыздан ауызға тарап кеткен. Кешкісін ет асылып, ағайын-туыс «қайырлы болсын» айтуға папам үйіне ағылсын. Ас арасында әрине, ол кісінің асықтыруымен Полтаваға хат та жазылған. Хатты оқуын оқып бергенімізбен, мұндай жауапты іс бізге қайда. Қаруласының аман-есен бар екенін, расында көп жыл Чкалов ауданының Октябрь селосында тұрып, бертін ғана ауылға оралғанын, хатты алып, ақ түйенің қарны жарылып жатқанын өзіндей соғыс өртін белуардан кешкен кенже інісі, екі тілге бірдей мәттақам Бітти ағам тәптіштеп тұрып жеткізген.

 

II. Қауышқан құшақтар

 Сол хабар үлкен сапардың басы болып, арада бес-алты хат жүргеннен кейін Полтава жағы қоярда қоймай, папам жолға жиналды. 1971 жылдың жазы, Үстінде қара шұғадан китель үлгісімен тіктірген су жаңа кәстөм, басында сондай бір қаралық шляпа. Қоржыны сәлем-сауқатқа толы, бүкіл ағайын-туыс болып шығарып салдық.
Содан Украинада аунап-қунап бір ай жатты. Аэропортта күтіп алғаннан аяғын жерге тигізбей, бүкіл тарихи-мәдени орындарды аралатқан, өздері майдан жолымен жүріп өткен жерлерге, қаза тапқан қаруластар басына апарған. Көктем-күзде екі тізесі сырқырап, аяғы бастырмай қалатын еді. Соған дейін дәрігерге көрсетіп, емдеткеніне не дерсің. Келгенінде соның бәрі қолдан қолға өткен бір-бір сырлы фотосурет еді. Арасында өзі сабақ беретін Полтава жоғары әскери командалық байланыс училищесіне алып барған кездесуге дейін бар.
–Қазақстаннан келген қарулас досым деп сахнаға алып шыққанында, бүкіл зал ду қол шапалақтап тұрып алды. Аэропорт басында да екеуіміз жылап көрісіп, жылап қоштастық,–деуші еді, жарықтық.
Басқа базарлық өз алдына, «ауырған аяғыңа жылы болсын» деп беріп жіберген қонышы ұзын, жұп-жұмсақ, қолдан басқан қарағайдай қара пиманы айтсайшы. «Сашкемнің бергені» деп кисе де, көзден таса қылмай, күтіп киетін.
Қос майдангер достығы осылай хат-хабармен жалғасып жатты. Келесі жазда енді қарулас досын елге папам шақырды. Көңіл кең болғанымен, баспана жағы тар, ескілеу еді. Сол кезде сирек жылтыр сырды тауып, еден мен есік-терезені жайнатып, қора-қопсы, албардың бәрін лезде түзеп берген кеңшар директоры Иван Шкуринский мен бөлімше басқарушысы Орынбай Әлжанов ағамызға рахмет. Не керек, «Асқардың майдангер досы келгелі жатыр» деп бүкіл ауыл дүр-дүр етеді. Ақыры сол қуанышты күн де келіп жеткен. Төргі бөлмеге жайылған кең дастархан. Ағайын-туыс, елдің үлкендері мен шаруашылық басшылары. Подполковник, кеудесінде үш Қызыл Жұлдыз ордені, әскери киімдегі Алексей ағамызға тост берілді. «Не айтар екен» деп көз алмай, есік жақта алып-ұшып тұрмыз. Асқар папамның сол бір ерлігінің кілті мына отырғандарға сонда ашылған.
–Мен соғыста рота командирі едім. Жаудың дзотын жоюға бұйрық алып, екі күн бойы қарша бораған оқтың астынан бас көтеру оңай соқпаған. Қайткенде де, дзотты жоймаққа қарамағымдағы жауынгерлерді кезекті бір шабуылға көтере бергенімде, ауыр жараланып, ес-түссіз құлаппын. Содан қансырап, өлім аузында жатқанымда, бас көтертпейтін оққа қарамай, жаныма жер бауырлап осы Асқар келіп, қауіпсіз жерге алып шығыпты. Настоящему сыну казахского народа, тебе Асқар, я жизнью обязан. И за это с огромным желанием приехал к тебе, мой спаситель…
Адам деген жақсылықты бұдан асырып қалай айтушы еді. Орыстың асыл азаматы ауылдың біркелкі өмірін ажарландырып жіберген сол бір екі аптада. Күнде қонақ, күнде шақырыс. Көкшетау, Бурабай. Папамның соғыс көрген туған інілері Хасен, Көпей ағаларымыздан бастап, ауылдағы көзі тірі әрбір майдангер бір-бір қойдың басын тартып, сирек қонағына төрін ұсынып қалуға бар. Ара-арасында жұмыстағы Орал ағам келіп, домбырасын тартып, өнері жеткенше біраз шүйіркелесіп, көңілдерін аулап кетеді. Бір күні қадірлі меймандарды папамның қабырғалас көршісі Андрей Вайс қонаққа шақырды. Ұлты неміс екені бесенеден белгілі. Әсіресе, әйелі ұнамсыздау еді. Өзінде бір нацистік зіл бар болатын. Басқа үйлердің бәріне ойнап-күліп, екі айтқызбай-ақ барып жүрген мейманымыз, кезек неміске келгенде шалқасынан түссін. Жұбайы Зоя мен немересі Юрийді жіберіп, өзі «ауырып тұрмын» деп бармай қалғаны сонда-ақ біраз ой салып еді. Соғыста көрген барлық зәрезабы үшін бұл ұлттан көңілі қалған-ау деп топшылаймыз әлі күнге.
Екі арада хатпен бірге посылка да жүруші еді. Папам түтінге салып, не тұздап жылқы мен қойдың жылы-жұмсағын жіберсе, ол жақтан жеміс, үнді шайы, киім-кешек келетін. Осы посылка дегеннің де қызығы бар. Жаз айында бірде сол етке бүлінбесін деп уксус қосса керек. Мұны естіген біреулер ескертіп телеграмма сал дейді. Осыған алаңдаған аңқау папамыз онысын «острожно, уксус!» деп екі-ақ сөзбен қоя берсе, әр жақтан «поняли» деген бір-ақ ауыз сөзбен жауап келсе керек. Рас па, әлде ойыншыл қулардың шығарып алғаны ма?!. Ол жағын білмедік. Білетініміз, бұл бір бұрын-соңды біздің жақ кезіге қоймаған екі ұлт өкілінің, екі майдангердің араға қаншама жыл салып, бір-бірін іздеп тапқаннан кейінгі өле-өлгенше керемет бір достығы еді.

 

III. Парыз жалғасы

 1982 жылы қайтарынан сәл ғана бұрын папамызды қиырдағы сол Полтаваға және бір сапар шектіріп, екеуі де майдангер – Сашкесі, Зоясымен дидарластырып, қазақша айтқанда бақылдастырып келген қандай құдіретті күш екен?!. Келді де Отаны, қарулас досының алдында соңғы парызын өтеген солдаттай 73 мүшелінде бір-ақ күнде жүрек талмасынан кете барды. Артынша «мен де ауырып жатырмын, әттең ұшып барар едім, дәрмен жоқ» деген командирінің телеграммасы жетті…
Мынау сол сұрапыл соғыста ел-жұртының намысын қолдан бермеген Асқар папамның ерлікке толы майдан жолының тағы бір үзігі. Сол дивизия, сол полк. Тек командирлері подполковник Пономарев пен майор Голосюк.
Ойлап отырсам, мен де әскерде санинструктор болған екенмін. Өзімді жақсы көріп, көп еркелеткен сол папамның жолын жалғастырғаным ба бұл, кім білсін. Өзі де талайды оқ астынан алып шықса, алып шығатындай денелі, зор кісі еді. Санитарлық ротаға тектен-тек түспегенінің, ажал аранына қаруласын қайраттанып бермегенінің де бір мәнісі осында жатса керек. Тарихта біз жазған осы достықпен аты қалды. Қайтқаннан кейін өзімізге қараған алты үйге командирімен түскен суретін бір-бірден үлкейтіп алған едік. Өткен күннен ендігі ескерткіш сол. «Портрет» деген өлең де ана жылы соның негізінде туған.
Шіркін, сондағы Полтаваға да бір сәтін салып, өзін қанды шайқаста тура келген ажалдан арашалап алып қалған қазақ солдатын хан көтеріп өткен орыстың арда ұлы – Алексей Николаевич Слюсаревтің да басына бір тәу етіп келсе артық болмас еді!..

 

Бұйрық №27/Н
22 декабрь, 1944 жыл.   
КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиуымының атынан марапаттаймын:
«Ерлігі үшін» медалімен
30. Санитарлық ротаның санинструкторы, медициналық қызметтің кіші сержанты Төреғожин Асқар – 1944 жылдың 23 ноябрінен бастап Чехославакияны азат ету үшін болған қанды шайқастарда қорғаныстың алдыңғы шебінде жиі-жиі өз басын ажалға тігіп, ұрыс даласынан бір топ жаралы жауынгерлер мен офицерлерді алып шықты және оларға дәрігерге дейінгі алғашқы медициналық көмек көрсетті.

 

 Портрет

 Озар-ау, уақыт ілгері,
Кейде өткен тербеп жүр мені.
Біз барда білем, ол да бар,
Жақсыдан қалған бір белгі.

Сыр емес, түйсем, жай ғана,
Ұрпағы жыр ғып айта ма?!
Бір ұшы оның біздің ел,
Бір ұшы сонау Полтава.

Толқыған шалың кенеттен,
Достық-ай, нұрлы ең сен неткен!
Елеусіз менің қартымды,
Отыз жыл тынбай іздеткен.

Елеңдеп, елтіп қалыстық,
Сол күн-ай, ойда әлі ыстық.
Екі қарт, яки, екі ел,
Ортақта жатқан табысып.

Жас алса көзге майдангер,
Іштей бір тынып қалған ел.
Кештің-ау, сондай сезімді,
Атам да толқып барған жер!

Ерге бір парыз осы ма,
Тағдыры, жаны қосыла,
Сағынса түкке қарамай,
Данам-ай, тартар досына.

Еңселі мінез, нар кеуде,
Бас игізері бар кейде.
Өзі жоқ, сырын сұрайтын,
Тұр алты сурет алты үйде.

Өмірде достық осы деп,
Сендерде-ау, айтар қасиет,
Жүректе жүрген асылдар,
Төрімде тұрған портрет!

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар