Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қайран, қор болған қой жүні мен терісі!.. - АРҚА АЖАРЫ

Қайран, қор болған қой жүні мен терісі!..

Бұрын халқымыз өз тұрмыс-тіршілігінде кеңінен пайдаланған қойдың терісі мен жүні бүгінгі таңда керексіз болып, аяқ астында шіріп жатқандығы қинайды.

Атам қазақ қой терісін түр-түріне қарай елтірлік, тондық және былғарылық тері деп бөледі. Елтірісіне биязы, биязылау және ұяң жүнді қойдан алынған тері жатады. Ертеректе бұл терілерден жоғары сапалы табиғи және боялған елтірі дайындалып, шапан, бас киім, жаға және өзге де киімдер тігілетін. Сондай-ақ, елтірлік теріні бояп, ішік, өзге де бағалы елтірі бұйымдар тігіп отырды. Тондық қой терісіне жүнінің ұзындығы 2,5 сантиметрден жоғары қылшық жүнді қойлардың терісі жатқызылады. Бұл теріден қаптал тон, тұлып, қысқа тон және жүні ішіне қаратылып жасалған өзге де жылы киімдер тігілді. Былғарылық теріге жүнінің сапасы нашар, елтірі және тон жасауға жарамайтын терілер жатады. Бұл терілер тауарлардың алуан түрін шығару үшін құнды шикізат болып табылады.
Ал, қой жүнінен киіз басылып, иірілген жіптерінен киім мен кілем тоқылатын. Сондай-ақ, тұрмыстық пайдаланатын бұйымдар жасалды. Бүгінгі таңда жүн мен терінің пайдасын көріп жатқан ешкім жоқ сияқты. Кезінде ата-бабамыз үшін соншалықты құнды болған шикізат далада жатыр. Кәдеге жаратқан күнде бар болғаны даладағы қора-қопсының жыртығына жамау еткен.
Мәселен, Ерейментау ауданында 45,4 мың бас ірі қара, 23,2 мың жылқы және 97 мыңнан астам қой-ешкі бағылады. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Гүлнәр Жүнісова өз сөзінде қойдың терісі мен жүні аяқ астында қалып жатқанын, тек ірі қараның терісін делдалдар сатып алатынын айтты. Осы аудандағы «Әлдібеков» шаруа қожалығы үш жүзден астам ірі қара, жүз елу жылқы және жеті жүз қой бағады. Қожалық басшысы Қосман Әлдібеков те қойдың терісі мен жүнін жағып жіберетіндерін қынжыла жеткізді. Осыған қарап, олар неге керексіз болып қалды деген ойға қаласың.
Алайда, бүгінгі күні осы қойдың терісі мен жүнін пайдаланып, сан түрлі тауарлар шығарып, мол пайда тауып отырған елдердің бар екендігін көргенде ішің ашиды. Ол ол ма, осы шикізатты пайдаланып, бұдан шығарған заттарын әлемдік брендке айналдырған, сөйтіп, қой жүні мен терісінің арқасында-ақ әлемге танымал болған мемлекеттерді қайтерсің. Ендеше қой терісі мен жүнін неге пайдалана алмай отырмыз? Елде аталмыш шикізатқа деген сұраныс неге жоқ және аяқ астында жатқан осы байлыққа деген немқұрайлылық қашанға дейін жалғаса бермек? Бұл сауалдарға әзірше жауап беретін ешкім жоқ сияқты. Қорғалжын аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Дінмұхамет Байсов өз сөзінде қазір ауылдарда төрт түлік малдың өте көп мөлшердегі терілерін кездестіруге болатынын айтты.
– Терілер қазір ешкімге керексіз болып қалды. Оның үстіне ауылдарда жүздеген тонна жүн де аяқ астында жатыр. Ол да ешкімге керек емес. Тиісті мекемелер мен кәсіпкерлер бұл жағдайға бір мезгіл көңіл бөліп, тері мен шикізатты өңдеуге, сөйтіп, бұдан халыққа пайдалы тауар шығаруға талпынса игі іс болар еді. Ұлыбританияда қазір он миллион қой бар екен. Осы қойдан алынған өнімдер бүгінгі күні бүкіл әлемге танымал. Ал, біздің қойдың жүні он есе артық болса да шашылып далада жатыр. Бұл немқұрайлылық қашанғы жалғасады? Қашан біз тері мен жүнді өңдеп, оны кәдемізге жарата алатындай жағдайға жетеміз, – дейді Дінмұхамет Байсов ішкі қынжылысын жасыра алмай.
Осыдан кейін біз теріні өткізу жөнінде «Астана Продукт» серіктестігінің басшысы Серік Рақымбековпен хабарластық. Ол өз сөзінде «Бакара» ет комбинатында сойылған ірі қараның терісін астаналық компанияның бірі сатып алатынын айтты.
– Елді мекендерде жүн мен терінің көптеп жиналып қалғандығы рас. Мұндағы мәселе терінің сапасында жатыр. Өйткені, малдар көбіне үйде сойылып, терісіне пышақ тиеді. Сөйтіп, ол пайдалануға жарамай қалады. Терінің сапасын сақтау үшін мал арнайы орындарда сойылғаны жөн. Ет комбинатында малдың терісі арнайы техниканың көмегімен сылынып алынады. Бұл – сапалы терілерді елімізде өңдеуге немесе экспорттауға жол ашады, – деді серіктестік басшысы.
Біздің өңірдегі қой жүнінің тек 18 пайызы биязы жүн екен. Қалғаны қылшықты жүн. Бұған әлемде сұраныс аз. Қылшықты жүнді бұрын тек Ресей әскердегі жауынгерлеріне арнап тон тігу үшін сатып алатын. Қазір оны алмайтын көрінеді. Сондықтан, қылшықты жүннің берері шамалы. Ал, биязы жүнді қой санын арттыратын болсақ, пайдасы мол.

Бүгінгі таңда Көкшетау қаласындағы киіз өңдейтін фабрика жақын маңдағы елді мекендерден қой жүнін сатып алып, оны өңдеп, киіз бен пима басып шығарады. Дегенмен, кәсіпорынның облыс аумағындағы барлық қой жүнін өңдеуге шамасы жетпейді. Мәселен, Щучинск-Бурабай курортты аумағының іргесіндегі Қарабауыр ауылында орналасқан «Князь» шаруа қожалығы осы фабрикаға әкелген қой жүнін киіз бен пимаға айырбастайтын көрінеді. Қожалық басшысы Сайран Қасымов та қойдың терісі аяқ астында қалып жатқанына қынжылады. Қазақ халқы жүн мен теріні көп жылдар бойы өзінің тұрмыс-тіршілігіне шебер пайдалана білді. Енді бұл сала мүлдем назардан тыс қалып, төрт түлік малдың өнімі айдалада шашылып қала берсе, жүнмен және терімен бірге халқымыздың ғасырлар бойғы қолөнері, әдеп-ғұрпы құрдымға кетер ме деген қауіп те жоқ емес. Өйткені, елде текемет басып, алаша тоқитын да ешкім қалмауға айналды. Қалай болған күнде де жүн мен теріні кәдеге асыруды мықтап қолға алған жөн. Бұл орайда тіпті, тері мен жүнді пайдаланудағы ата-бабамыздан келе жатқан бұрынғы әдіс-тәсілдерді қазіргі заманға лайықтап қолдануға да болар еді.

Рамазан Тілеуов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар