Көкше жұрты ақынын ардақтады

«Достар» мәдениет сарайында Көкшетау қаласының құрметті азаматы, көрнекті ақын, жазушы-драматург, журналист Төлеген Қажыбаевтың 75 жасқа толуына орай, әдеби-сазды кеш өткізілді.

Мәдени шара Төлеген Сыздықұлына арналған бейне роликтен бастау алды. Салтанатты жиынға қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айгүл Сәбитова қатысып, кеш иесіне құттықтау хатпен ескерткіш сыйлық табыс етті.
Немістің ұлы ақыны Гете: «Жер бетіне түскен әрбір сызық пен сызат ақындардың жүрегінен өтеді» десе керек. Жөн айтқан, дәл айтқан. Адам баласының тағдыр-талайы, қасірет-мұңы, арман-аңсарына алаңдамаған ақын жоқ шығар. Әдебиет сүйер қауым Төлеген Сыздықұлын әуелі ақын ретінде таныды. Тұңғыш туындысы «Жол басынан» басталған өлең керуені күні бүгінге дейін өзіндік ажар, бөлек бедерімен бел-белестерден өтіп келеді.
Ақынның шығармашылық кешінде арнау айтып, жүрекжарды тілегін жеткізген Иран сал Тасқара қазақы дәстүрмен той иесінің иығына шапан жапты.
Төлеген Қажыбайдың екінші бір қыры – жазушылығы. Жазушының «Қорқаудың ақыры», «Махаббат мұңы», «Қан кешу», «Аңсаған жүрек әні еді» деп аталатын бірқатар повестері мен әңгімелері сыншылар мен оқырмандар тарапынан жылы бағасын алған. Жазушының драмалық шығармалары да театр сахнасында үзбей қойылып жүр. Сан қырлы талант иесінің әдебиет әлеміндегі өзіндік орны жайлы облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл, ел ағасы Болат Көшімбаев, Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, ұлы Аян Қажыбай тереңінен талдап берді. Қоғам қайраткері Болат Көшімбаев өз сөзінде: «Ежелден киелі Көкшетау, аты аңызға айналған Арқа өңірі сал-серілердің, ән мен жырдың киелі бесігі саналған. Қазақтың ән мен жырын асқақтатқан кешегі Біржан сал мен Ақан серінің, Балуан Шолақ пен Үкілі Ыбырайдың есімін ерекше мақтанышпен айтар болсақ, атадан қалған саңлақ өнерге қылау түсірмей кейінгіге саф алтындай жеткізіп, ұрпаққа үлгі-өнеге бола білген арқалы ақын, жампоз жазушы, танымал драматург Төлеген Қажыбайдың да есімін ерекше ілтипатқа бөлеуіміз заңды. Ол санқырлы өнерімен ел алдына алдаспандай жарқ етіп шыққан ақын, көсемсөз шебері, қабырғалы жазушы-драматург, қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, бір бойына сегіз өнер сыйған, сегіз қырлы бір сырлы өнер иесі. Ақынның ғұмыр жолы өскелең ұрпаққа үлгі – өнеге. Сол себепті де, облыс орталығында Төлегеннің атында бір өнер мектебін ашу өздігінен сұранып тұрғаны сөзсіз, – деп ортаға ой тастады.
Төлеген Сыздықұлының өлеңдеріне композитор Құрмет Сақай бірнеше ән жазған. Аталмыш әндер республикалық өнер байқауында талай рет жеңімпаз атанған. Кеш барысында колледж оқушыларының орындауында ақынның өлеңіне жазылған тамаша әндер көрермен көңілін көкке өрлетті.
Әдеби кештің барысы қазақтың қара өлеңімен әдіптеліп, Төлеген Қажыбайдың сөзіне жазылған әндермен ажарлана түсті.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар