«Өзгерер, бәрі оңалар, Отаным – елім аманда!..»

Көкшетау қаласының құрметті азаматы, көрнекті ақын Төлеген Қажыбай – 75 жаста

Дүние жалған

«Қазықұрттың басында кеме қалған,
Ол әулие болмаса неге қалған?..»
Неге қалған дейсің де жауап таппай,
Ойға сүңгіп кетесің, дүние жалған.

Батқан сайын ой-теңіз тереңіне,
Талпынасың тірліктің кемеріне.
Сауалыңа жауап жоқ бұл тірліктің,
Тірлік болып, сірә, да керегі не?

Күйі бөлек тірліктің сыры жұмбақ,
Өткеніңе өкінбе сірі тулақ.
Бүгініңе тойынған тасыр жандар,
Келер күннен ойы аулақ, пұлын қумақ.

Дүниеде керек-ау құлын басқа,
(Не деп кетті дейсің-ау, шіркін қасқа).
Тірлік үшін тамақ жеу айып емес,
Тамақ үшін күн кешу сұрқы басқа.

Солай-солай сан сауал жамырайды,
Жауабыңа тағы да ол жарымайды.
Жетім қозы секілді қайран көңіл,
Әрнемеге ұмсынып маңырайды.

«Қазықұрттың басында кеме қалған,
Ол әулие болмаса неге қалған?..»
Тылсым жұмбақ шешусіз жатыр әлі,
Осынысымен қызық-ау дүние жалған.

Қызыл қурай

Зират анау үлкен ауыл шетінде,
Өтер ғұмыр, өкін мейлі, өкінбе,
Қайран ана мүрдесінде өксиді,
Қызыл қурай қызыл желдің өтінде.

Қызыл қурай қызыл желге сыңсиды,
Бұл тірлікті кім тәрік қып, кім сүйді.
Тәрки дүние базарынан көшкенше,
Күймей-сүймей жүрек қалай тыншиды.

Тыншымайды, талпынар-ау, талпынар,
Талпынар да жүрек шаршап алқынар.
Алқынғанда қолтығыңнан демеу боп,
Жан табылса жарар еді-ау хал сұрар.

Уақыт озар, мүрде тозар шаң басып,
Жылдар жылжыр бір-бірімен жалғасып.
Жылмен бірге жаңғырады жас ұрпақ,
Көш-керуен келе бермек алмасып.

Зират анау үлкен ауыл шетінде,
Барар жер сол, бекін мейлі, бекінбе.
Осы араға келген сайын өксимін,
Қурайдайын қалған желдің өтіне.
Өңеш философиясы

Тазқара құстың талғамай жұтар өңешін,
Қасыңда жүрген кейбіреулерден көресің.
Көресің де,
Ұяттан қыздай өртеніп,
Басқалар үшін бетмоншағыңды төгесің,
Терлігін дымдап, жортаққа түсер тепеңдеп,
Жүргендер қанша байлыққа батпан жетем деп,
Соларды көріп,
Қаласың кейде қопаңдап,
Сол өңеш, сірә, менде де жоқ па екен деп.
Тоқтық пен жоқтық десек те әмән егескен.
Күн кешу қиын алдамшы жалған елеспен.
Құлқынның құлы
Қоғамға хауіп қашан да,
Өмірді мынау өлшеген қызыл өңешпен.

Жеңеше

Жеңешем, жаның жадау, көңілің қаяу,
Сарғайған сағыныштан санаң ояу,
Басыңа орнады ма бір-ақ күнде
Қоңыр күз, қоңыр тірлік, қоңыр бояу.

Қабақты қаусырмалы қырау шалып,
Жүрмісің болмашыға қажып, налып,
Ардақтым, жаси бермей, есіңді жый,
Тірліктің түндік атты отын жағып.

Білемін көкірегіңді күйік шалған,
Арылу оңай болмас заһар зардан.
Сені де жер соқтырып кете барды-ау,
Біраз күн алдарқатқан мынау жалған.

Жаз жетіп, шырай кіріп, жадырармыз,
Қыс түсіп, ызғар шалып, қабынармыз.
Тірліктің толқынынан таппай оны,
Біз әлі сан қосылып, аңырармыз.

Сарғайған жапырақ боп төгілер күз,
Көктем кеп іргемізден сөгілер мұз.
Бірақ біз ұшыраспай оныменен,
Әлі де қосылып, егілерміз.

Көк бөрі

Жебелеп таудың бөктерін,
Сыдыртып сайдың өткелін.
Балағың батпақ, бауырың саз,
Жапанда жортқан көк бөрім.
Тағатсыз тажал араны,
Тайынбай тасты қабады.
Желіден жемтік айырып,
Қиядан шалар қараны.

Жаңқалап тонның қабатын.
Қиыннан апан қазатын.
Қиқулап түссең соңынан
Қайыстай бауырын жазатын.

Жемтігін жығып еңсермей,
Соққыға шыдар теңселмей.
Салыңқы кеуде, аш құрсақ,
Тырнағы болат семердей.

Тірсегі маймақ сірідей,
Шүйдесі шомбал күбідей.
Жайратып салып атанның,
Суырар өтін тірідей.

Қайсарлық бойын билеген,
Қамырдай жауын илеген.
Батпанды білек батырдай
Аунатып шаңға сүйреген.

Жанары төгіп ызбарын,
Сездіріп өлім ызғарын.
Ақтүтек боран ақшұнақ
Бөгесін емес мұз-қарың.

Азуы қанды қақпандай,
Ашуы түтек ақпандай.
Бүлігі таңғы ауылды,
Бір қосын қалмақ шапқандай.

Төзімі темір тегештей,
Жүрісі сыпсың елестей.
Қулығы құрдым тұңғиық,
Аңшылар айтқан кеңестей.

Жүрсе де тағдыр жылатып,
Қайтемін көңіл жұбатып.
Адамның досы – иттен де,
Қасқырды тұрам ұнатып.

Таққа отыр, мейлі көң шығар,
Ізіңе ертең шөп шығар.
Итініп иттей жүргенше,
Қасқыр боп өткен жөн шығар…

Құрметті Төлеген аға!

Бүгінгі таңда қазақ әдебиетінің ірі өкілі болып саналатын Төлеген ағамыздың прозасы мен поэзиясы, драмалық туындылары Ақмола, Көкше елі атынан, оның әдебиетшілер қауымынан қасиетті сөз өнеріне, ұлттық жан дүниеміз бен болмысымызға қосылған өз алдына бір бөлек қомақты үлес деп білеміз.
Бұл орайда, көрнекті қаламгердің жастық шағымен бірге, орта жас, одан бергі мосқал тартқан жылдар бедерінде де талант тегеурінін, өзін-өзі суреткерліктің ұшы-қиырсыз ұтымтал мезеттерімен тербеген ой ұшқырлығын, қалам қарымдылығы мен шабыт шалқарын ұдайы біркелкі, тең ұстап, ардың ісі – әдебиетке үлкен ыждаһаттылық, адалдық танытуын ерекше екпінмен атап өтсек дейміз.
Мұның өзі әдебиеттің қай жанрына салса да шалдықпай, ылдидан төске өрлейтін Төлеген Қажыбайы бар туған Көкшетауының осы бір қаламы құтты қаламгерімен, қоғам қайраткерімен еңсесі биік те көші жүкті, жұлдызы жоғары да бәсі мықты екендігін қоса айғақтай түскендей.
Оқырманыңызды тағы бір елең еткізіп, сүйсінте түсіп отырған жаңа туындыңыз – «Қансоқта» дилогияңызбен аса абыройлы жеткен 75 жасыңыз құтты болсын! Дүлдүл сөзіңіз төгіліп, сыршыл шабытыңыз шығандай берер дара дарыныңыз әлі де өз өміршеңдігін танытып, жерлестеріңізді келер күндерде де ойыңызда пісіп, кезегін күткен тың дүниелеріңізбен қуанта береріңізге сеніміміз мол.

«Арқа ажары» газетінің ұжымы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар