Ел тарихын екшеген қаламгер

Біз бірге оқыдық. Ол кезде Көкшетау қаласындағы №3 Мәлік Ғабдуллин атындағы қазақ орта мектебінде облысымыздың шартараптан жиналған көгенкөздер көп болатын. Сыныптастарымыздың арасынан әдебиетші ғалымдар, дәрігерлер, өзге де мамандық иелері молынан шықты. Қаламы қарымды жазушы да бар.

Бала Төлегеннің бойындағы жылт еткен талант ұшқыны сол кездің өзінде байқалатын. Атам қазақта не нәрсе болсын тегінен дейтін ұғым бар. Төлегеннің тегі жақсы. Бала шағынан жыр әлеміне қанаттандырар, нәр алар қайнар көзі, бастау бұлағы – өзінің немере ағасы, қазақтың белгілі ақыны Жақан Сыздықов болды. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, болашақ ақынға немере ағасының өнердегі өнегелі жолы, поэзиядағы биік үні қатты әсер еткен. Қиын-қыстау жылдардағы балалық шақ ерте есейтіп, сезімтал, өмір сырын ерте аңғартуға себепші етті.
№3 мектепте оқып жүрген кездің өзінде-ақ болашақ ақынның алғашқы өлеңдері қабырға газетінде, баспасөз беттерінде жарияланып тұрды. Мектепті бітірген соң Қарағаш сегізжылдық мектебінде бір жыл мұғалім болып жұмыс істеді. 1961 жылы Алматыға оқуға аттанып, Абай атындағы педагогикалық институтының филология факультетіне түсіп, оны 1966 жылы бітіріп шықты. Алғашқы еңбек жолын облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде әдеби қызметкер болып бастады. Міне, сол кезде оның қарым-қуаты, бойындағы толайым таланты тамаша қырынан танылды. Ел сүйіп оқитын облыстық газет бетінде кешегі сыныптасымыздың жүйрік қаламынан туған көлемді очерктер, сараптама, сын мақалалары жиі-жиі жарық көре бастады. Өзіміздің қатарымыздан шыққан талапты жанның табысына біз де қуанып жүрдік. Төлегеннің басты қасиеті, ол кешегі кеңес заманында да рухани мәселелерге – еліміздің тарихына көбірек көңіл аударды. Ол кезде ел ішінде әңгіме білетін, шежіре тарқататын көнекөз қариялардың бар кезі. Сол қазынаны молынан алып қалған Төлегеннің өзі де бүгінгі күні абыз деңгейіне көтеріліп отыр.
Жазудан қолы қалт ете қоймайтын қаламгер облыстың рухани-мәдени шараларына белсене араласты. Әсіресе, ақындар айтысын ұйымдастырған еңбегі қандай тамаша. Өңір мәдениетіне қосқан елеулі еңбегі үшін 1980 жылы «Қазақ ССР-інің еңбеқ сіңірген мәдениет қызметкері» атағын алды. Бұл әбден лайықты баға еді. Қазақстан Журналистер одағының Ахмет Байтұрсынов атындағы сыйлықтың иегері болды. Өзінің ақ адал еңбегінің арқасында. Ешкімнің талас-тартысы жоқ, пешенесіне еңбегімен жазылған дүние.
«Жол басы» атты өлеңдер жинағы, «Айналайын атыңнан» атты повесть пен әнгімелер жинағы, «Құланның қырғыны», «Жанымның жапырақтары» өлеңдері мен поэмаларын оқырман қауым жылы қабылдады. Жоғарыда бір сөзімде Төлеген Арқаның әншілік дәстүріне, сал-серілердің ғұмырына ерекше назар аударғандығын айтқан болатынмын. Оның «Махаббат әні» повестер мен әңгімелері ақиық әнші Біржан сал өмірінің бір белестерін қамтиды. Кейін «Өмір, сені жырлаймын», «Қанкешу» романы жарық көрді. Бұл да Төлеген ақынның ойлы оқырманға олжа салған қомақты дүниелері еді. Әдеби ортадан шалғайда жүрсе де, шабыты шымырлай қайнап, шамырқана түсті. Күні-түні бас көтертпейтін газет жұмысында жүріп, осыншама дүние жазудың өзі жанкешті еңбекті қажет етеді. Бірақ, бір ұтымдысы Төлегеннің бойында толайым талантпен қатар, табанды еңбекқорлық та бар. Сол қос қасиет ақынның қос қанаты іспетті.
Қазақтың ең соңғы қүрескер ханы Кенесары Қасымұлының 200 жылдығына арналған «Хан Кене», «Алдияр» толғаулар, дастандар, драмалар жинағы 2002 жылы оқырмандарға ұсынылды. Үлкен шығармаларының бірі –«Жеті желі» атты кітабы. 2005-2006 жылдарда қаламгердің «Ақиқат жолы – алыс жол», «Путь к истине» және «Тұлғалар тағылымы» жарық көрді. Қаламгер прозалық шығармалармен қатар, драмалық дүниелерге де қалам сілтеді. Бүгінде тоғыз драманың авторы.
Ақын Төлеген Қажыбаевтың жалынды жырлары орыс, украин тілдеріне аударылып, біраз жұртқа танылды. Демек, Қажыбаевты қазақ қана емес, әдебиетті, поэзияны сүйетін өзге өлкенің өрендері де таниды деген сөз. Аудармашы ретінде ақын И.Тарабарин, Л.Кривощековтың, «Теңіз қарлығаштары» атты эстон поэзиясының антологиясы, «Тау бұлағы» атты Солтүстік Кавказ ақындарының өлеңдерін аударуға қатысты.
Ақын, жазушы, драматург, журналист Т.Қажыбаевтың шығармалары оқырман қауымның жүрегін баурай беретін қызықты да әсерлі, мәнді де мазмұнды шығармаларға толыға бермек. Төлеген Қажыбайдың «Қансоқта» дейтін романы баспадан басылып шықты. Сиясы кеппеген күйінде алып оқып шықтық. Қолымызға қалам ұстап, жазушы атанбасақ та осы бір әдемі әлемге өгей емеспіз. Өйткені, баяғы бала күнімізден бері қазақтың көркемсөз өнерін қасиет тұтып, бабалардан қалған байрақты уәж, батуалы әңгімені зердемізге жинақтаған жанның біріміз.
Тәмам жұртты ақжарма сөзімен ұйытқан ақын Төлегеннің, замананың запыраны көкірегін тұз құйғандай ашытқан шешен Төлегеннің, топ бастаған көсем Төлегеннің айтпағы әлі сарқылмаған екен. Сарқылғаныңыз не, бағзы бір кезеңдегі бұлағай да алағай күннің өшпес ізі, көмсең де көмескі тартпас бейнесі көкірегін қоламтаның шоғындай қыздырып жүреді екен-ау. Кітаптың алғашқы бетінен-ақ ескіліктің есті бейнесін көз алдыңнан өткересің. Көкшетаудың шығыс жақ беткейін, Бурабайдың етегін ала қоныстанған бір қауым ел – Даңқойдың тарихы десек те болар. Жалғыз даңқойдың ғана емес, сол бір қысталаң заманда қыстығып күн кешкен, келімсекке есесін жіберген, жамандық атаулыны мұртына қырау қатып қарсы алған күндердің шерлі шежіресі десек, жаза баспас едік.
Романдағы кейіпкерлер бейнесі бояуы қанық, айшықты күйінде. Мына жарық дүниеде арайлап атқан таң мен қызарып барып батқан күннің бірін-бірі алмастыратыны тәрізді жақсылық пен жамандық та таразының басын тең басып алмасады да жатады. Әлмисақтан солай. Бәлкім Адам ата мен Хауа ана жаралғаннан бері. Төлегеннің романында да дәл осындай шиыршық атқан арпалыс бар. Әрине, пенде ғұмыр болған соң мәңгілік жыр – ғашықтар жыры да шертіледі.
Гүлайым мен Кенженің арасындағы нәзік сезімнің қауға тиген өрттей лап етіп жанып, жалыны шалқыған тұсын оқыған кезде өзің де ғашықтық отына бөленген екі жасқа тілектес боласың. Бір-бірін аңсаған, құмартқан жүректер сағыныса қауышып, мәңгілік бірге болса екен, мәңгілік бірге жүрсе екен дегенмен, қай заманда да шын ғашықтардың алдында терең қазылған ор тұрмақ. Бәлкім, ықылым заманнан бері осындай жол жазылды ма екен. Әйтпесе, ғашық атауының бәрі қосылып жатса, арттарында аңызға бергісіз әңгіме қалар ма еді. Қолдары жетпегендіктен, жолдары болмағандықтан күйкі тірліктің күйігі көкіректегі ыстық сезіммен қосыла лаулап, кейінгіге өнеге, өнеге емес өкініш болып есте сақталады ма, кім білсін.
Кенженің Досан болыстан сескенбеуі де, өз бойындағы өрлігі мен ерлігі төтеден шешім қабылдай алатындығы, айтқан сөзге беріктігі тәнті етеді. Замананың бейнесін жазушының суреттеуі де ғажап. Мысалы, мынадай бір сөз бар. Төрт ауыл Даңқойда Қасым мен Тасым және сен Досаннан басқа иіні бүтін киім киіп, қарны тойып тамақ ішкен кімің бар дейтұғын диалог бар. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін көрсететін жаңағы сөздің астарында үлкен бір әлеуметтік теңсіздік, тұрмыстық ахуал менмұндалап көрініп тұрған жоқ па?!
Басты кейіпкер Кенженің бай-бағландардың, оның ішінде Қасым мен Тасым тәрізді жуандардың босағасында жүріп, жылқысын бақса да әуел баста құдай тағала берген қуат сынықсүйем кемімейді. Кәдімгі тас қайраққа жанып алса, жарқылдап кететін алмас тәрізді. Сол қылығымен де Қасымға жағады. Жақпағанда қайтсін, Тасымнан асырап алған ұлы делқұл болса.
Көкшетау төңірегінің ақ қашып, қызыл қуған, ел шетіне үркіншілік заман келген аласапыран уақытын кестелі көркем тілмен бейнелейтін келісті роман кең тынысты. Шығарманың тілі де шұрайлы. Оқиғалардың бір-бірімен қапталдаса келіп, қабаттаса өрілуі кәдімгі он екі өрім сары-
ала қамшының жымдаса қабысқан, шебер қолдан шыққан өрімі іспетті. Сондықтан да, оқырмандарын еш жалықтырмайды.
Біресе жоқшылық өкшелей соңына түскен, енді бірде шабатасын сүйрете келген келімсектердің дөң айбатынан жасқанған Кенженің шетін оқиғаға баруы да меніңше әбден нанымды. Даланың көкжал қасқырын қапталдай қаумалап, барар жер, басар тау қалдырмай қуғанда, азу тісін ақситып ақ ажалдың өзіне аттан сап аттанбай ма, қасқайып қарсы тұрмай ма?! Бұл да сол сияқты. Жастайынан иленген терідей жаншылғанымен, жалыны басылмаған Кенженің ерлігі сүйсіндірмей қоймайды.
Жазушы Төлегеннің осы еңбегі оқырман қауымға, қара ормандай қалың елге не үшін қажет дейтін сауал қойып көрелікші. Қажет болғанда қандай. Өте қажет. Жақсы мен жаманды айыра білу үшін, ел тарихын зерделеу үшін.
Шығармадағы Сохатый бейнесі де нанымды шыққан. Бәлкім, жазушы қиялынан туған жиынтық бейне болуы әбден мүмкін. Бірақ ақиқатын айтқанда, момын жұртты басынғандар, басынып басына алғандар аз емес қой. Алаш жұртының ішінде де өр кеудесін келімсек жұртқа бастырмайтын тұғырлы тұтқалар, тұлғалар аз емес. Соның бірі біздің бағамдауымызда Сәт. Сәттің Сохатыймен алысқан жерін оқығаныңда денең түршігеді. Екі алып бірі жақсылық, екіншісі жауыздық тәрізді. Бұл өзі негізінде жалғыз Сәт пен Сохатыйдың ғана алысы емес, есіктен кіріп төр менікі дейтін өктемдік пен сол өктемдікке шыдай алмаған момындықтың мимырт шымылдығын сілки сыпырып тастағанда ар жағынан аңдыздап көрінетін ерен ерліктің әлі де алпыс екі тамырда жоғалмаған сұлбасы тәрізді. Сохатый қаншалықты қуатты болса да тұлпардың құлағында ойнаған дала ұлының қолынан қаза табады. Кітап тақырыбының кілті де дәл осы жерде жатыр-ау деп пайымдадық. Түкті кеудені қақ жарған алмас қылыш төңіректің бәрін қансоқта қылады. Жалғыз қар ғана емес, барша қазақтың даласы да қансоқта. Дәл тауып айтқан. Тек сормаңдай Сохатыйдың қанын ішіп жіберген жері әнтектеу. Қанша тепіреш көрсе де, адам қанын ішу дегеннің өзі сұрапыл, сұмдық дүние. Әлде ен даланың еркін өскен көкжал бөрісінің көрген жанның денесін түршіктіретін, иманын қасым қылатын салты ма екен.
Шығармада сол бір дәуірдің лебі айқын есіп тұр. Саяси әлеуметтік мәселе ғана емес, ел тұрмысы, халықтың әл-ауқаты да. Сонымен бірге ілкідегі тарих. Айталық Көшім ханның заманы. Кәпір Жарымақтың Ібір-Сібірдің байлығын астына басуы, Омбы мен Қызылжардың төңірегін келімсектердің қоныстануы. Осындай оқиғалардың өрбісуі арқылы тұтас заманның полотносын көз алдыңызға келтіре аласыз. Жарқын тұсы кем, көмескі, көмескіден гөрі қараңғылау, жаныңа жара салатын жұтаң суреттер.
Бірінші кітаптың соңы да шиыршық атып тұрған ішкі иіріммен аяқталған. Жазушы: «Иә, бұл өмірден жарқын жолсыз, бағыт-бағдарсыз күн кешуден азапты, ауыр ештеңе де жоқ екен. Сондықтан, Кенжеге жасаған ие қажымас қайрат пен сарқылмас қуат беріп, жаңа бір қансоқталы өмір жолына сала көр деп тіледік. Бәлкім жаңа қоғамнан өзіне лайық бірдеңе табылып қалар. Оның да мына жарық күннің астында өмір сүруге құқығы бар ғой». Міне, өмірлік пәлсафа деген осы. Бұдан асырып не айтарсың. Сөз соңын ұлттық әдебиетімізді ұлықтайтын көзі қарақты оқырманнан сүйінші сұрап аяқтағым келеді. Қазақ әдебиетіне ойып тұрып олжа салатын дүние өмірге келді. Естінің есінде жүрер, желкілдеп өсіп келе жатқан жас өркенге айнымас айқын бағыт сілтер, жақсылыққа ынтық қып, жаманнан жирентер ойлы кітап қашан да оқырманның жан азығы емес пе?!.
Шабдан ТОҚМУРЗИН,
еңбек ардагері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар