Көкшетау тұрғындары Ресей автобустарын байқап көрмекші

«Көкшетау автобус паркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде Ресейдің «Рари ТЭК ЖМЗ» компаниясының Лотос маркалы автобустары қалаішілік маршруттарда сынақтан өткізіле бастады.

Алғашқы сынақ автобусымен қала әкімі Ермек Маржықпаев, әкімдік қызметкерлері, қалалық мәслихаттың депутаттары қала көшелерінің бойымен жүріп өтті.
«Көкшетау автобус паркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Әсия Шәрімованың айтуынша, аталмыш автобустар қаладағы №1, №10 және №16 бағыттарда бір апта бойы жолаушыларға қызмет көрсетеді. Осы аралықта жолаушылар тегін тасымалданатын болады. Бұл жоба қалалық әкімдіктің «Көкшетау қаласында жолаушылар көлігін жаңғырту» жобасы шеңберінде қолға алынып отыр. Аталмыш жоба бойынша қолданыстағы автобустардың 40-50 пайызын, яғни, тозығы жеткен көліктерді ауыстыру қарастырылған.
Осыған дейін аталмыш автобустардың тұтынушылық пайдалану мерзімі жəне экономикалық мүмкіндіктері сараланып, қоғамдық тыңдаулар өткізілген еді. Енді бүгіннен бастап Көкшетау қаласы бойынша «Евро-5» талабына сай үлкен жəне шағын автобустардың алғашқылары жолаушылар тасымалдауға кірісті.
Жаңа көліктер бейнебақылау, кондиционер, сымсыз интернет желісі және жылыту жүйесімен жабдықталған. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін көтергіш те бар. Бұл автобустардың біреуінің құны 50 миллион теңгеден асады. Бұл шағын Көкшетау қаласы үшін қыруар ақша. Дегенмен, автобустардың экологиялық жағынан алғанда осы күнгі қолданыстағы көліктерден оқ бойы ұзап кеткені байқалады. Осы орайда, қала әкімі автобустардың еуроэкологиялық талаптарға сай екенін айта келе, кейбір кем-кетігін де компания басшыларына ескертіп өтті. Мәселен, 26 орындық автобустың ішіндегі баспалдақтар жолаушылардың мініп-түсуіне қолайсыздау. Оған қоса, түрегеліп тұрған адамдарды есептегенде 70-тен астам жолаушы еркін сияды деген автобусқа бар-жоғы 40-тан астам адам әрең кірді.
– Сондықтан, нақты бір шешім шығармас бұрын сынақ мерзімінде мамандар бұл автобустарды бастан-аяқ зерттеп көреді. Сонымен қатар, жолаушылардың пікірлеріне де құлақ түретін боламыз, – деді қала әкімі.
Жалпы, сынақ мерзімі арқылы бұл автобустардың біздің қалаға жарайтын-жарамайтыны анықталады. Содан кейін ғана дилерлер мен автобус шығарушылар қалалық әкімдіктің шешімімен қандай автобустардың қолданысқа қажет екенін анықтайтын болады.

Аслан Оспанов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар