Мұражайдың берері мол

Елбасымыздың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ел, жер тарихын адамдардың әсіресе, жас ұрпақтың санасына сіңіру, олардың бойындағы отансүйгіштік қасиетті дамытудағы маңыздылығы айтылған.

Осы орайда, облыс соттарында соңғы жылдарда сот тарихы мен оның қалыптасуына еңбек сіңірген тұлғалардың еңбек жолы жайында сыр шертетін мұражайларды ашуға жете көңіл бөлініп келе жатқандығын айта кеткен артық болмас. Мұндай музейлер облыстық соттан бас-
тап бірқатар аудандық және қалалық соттарда ашылып, жұмыс істеуде.
Таяуда облыстық соттың төрағасы Досжан Әміровтың атына Отан соғысының ардагері, Есіл аудандық сотының бұрынғы төрағасы Әбдірахман Қалимуллиннің қызы Нұрия Қалимуллина мен аудандық соттың отставкадағы судьясының жұбайы Людмила Ивановадан хат келді. Н.Қалимуллина өз хатында Есіл аудандық сотының қазіргі төрағасы Қазыбек Әбішевтің шақыруымен аудандық соттың мұражайында болғандығын, ондағы көргендері өзіне қатты әсер еткендігін жазады. «Мұражайда жәдігерлер көп екен және сот тарихын көз алдыңа әкелетін бағалы құжаттар мен ескі фотосуреттер, судьялардың тұтынған түрлі заттарына дейін бар. Судьялар киген мантиялар мен өткен ғасырдың 50-60-шы жылдарында жарияланған мақалалардың көшірмелерін оқығанда, сол дәуірге саяхат жасап қайтқандай әсерде болдым. «Жақсының өзі өлсе де, аты өлмейді» дегендей, әкем туралы жазылған дүниелер мен ескі фотосуреттер, құжаттар көп сақталған екен. Осындай жақсы істің басы-қасында болып, ұйымдастырған аудандық соттың бұрынғы төрағалары мен судьялары Б.Нұрмағамбетовке, Б.Сальдинаға, Г.Анарбекова мен Р.Шақуановқа айтар алғысым шексіз. Осы мұражайды ашуға біраз еңбек сіңірген облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Ғибадиловке, БАҚ-пен жұмысты үйлестіруші, облыстық соттың судьясы С.Қияшеваға және соттар әкімшісі ақпаратпен қамтамасыз ету бөлімінің басшысы К.Домалақоваға да зор алғысымды білдіремін» деп жазады ол хатында.
Отставкадағы судьяның жұбайы Людмила Иванова да өз хатында осындай мұражайды ашып, сот тарихы мен онда еңбек еткен адамдардың есімдерін ел есінде сақтау үшін жасалған жұмыстарға үлкен ризашылығын білдіріпті.
Жас ұрпақтың бойындағы отансүйгіштік, елжандылық қасиеттерді орнықтыруда ел, өлке тарихымен бірге әрбір мекеме, кәсіпорын ұжымының тарихын насихаттаудың да маңызы зор екендігі анық. Облыстық сотқа қызметке келген жас мамандар мен судьялар еңбек жолын ең алдымен сот мұражайын көріп, ондағы аға ұрпақ өкілдерінің ерлік еңбек шежіресімен танысудан бастайды. Облыс соттарында бұл жақсы дәстүр одан әрі жалғасатын болады.

Кәкімбек ЫСҚАҚОВ,
Ақмола облыстық соты соттар әкімшісінің ақпаратпен қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар