Адам өнегесі – өмірлік өнеге

Ағымдағы жылдың қараша айының соңғы онкүндігінде, дәлірек айтқанда, 25 қараша күні кезінде еліне елеулі, халқына қалаулы болып өткен асыл азамат Төрехан Мұхаметұлы Ивахиннің рухына арнап жаңа мешітіміздің асханасында дұға берілді. Алыс-жақыннан келген туыстар, құда-жекжат, ұрпақтары еске алып, жақсы лебіздерін білдіріп жатты. Төрехан жездемнің еліне, халқына сіңірген еңбегі орасан зор, ел игілігі үшін атқарған үлкен қызметтерін айтпағанның өзінде, адами қасиеттері, қарапайымдылығы, өз ісіне адалдығы бір төбе.

Жездемнің асыл жары, Мәкен апайым (бұл кісінің анасы Ақжан менің әкемнің туған апасы) балаларын қоғамдастырып, осы шараны ұйымдастырды. Анасы, әкесі Қалиақпар да (кезінде «Алабота» совхозының малшысы болған) дінді қастерлеп өткен адамдар еді. Осы кісілердің перзенті Мәкен апайым да дінге берік жандардың бірі, намазын қаза қылмауға тырысады, жасы 80-нен асса да Рамазан айының оразасынан басқа да нәпіл оразалар тұтып, нәпіл намаздарға ден қояды. «Умра» қажылыққа барып келді. Не нәрсе болсын сабырлылық танытып, ақылмен шешуге тырысады. Олай істеу, бүгінгі күні жақсылар жақсымын деп айта алмайтын, жамандар жақсымын деп айғайлайтын заманда оңай шаруа емес. Жездем мен апайым менің әке-шешеммен туыстық жақсы қарым-қатынаста болды, өте тығыз араласып тұрды. Кезінде жақсы отырыстарының куәсі болдық. Салиқалы ойлар, әдемі әзіл тартымды әңгімелер…
Ата-анам Мәкен апайды еркелетіп «Мәкіжан» деп атайтын. Менің әкемді туыстары «Бөпей» дейтін. Екі жақ та бір-бірінің қадіріне жете білді. Сол сыйластықтарын көрген, көңілімде қалған жарқын іздер қалам тартуыма себеп болып отыр. Адам баласы бірін-бірі қастерлеп, құрметтей білгенге не жетсін, қазақи ашық-жарқын көңіл, шын ықылас, таза ниет еді бұл адамдарды біріктірген. Ата-анам да өмірден озған. Жақсы ата-ана балаға 40 жыл азық дегендей, ол кісілердің кезінде абыройлы, сыйлы болғандығын әлі күнге өзге адамдардың ықылас ниеттерінен, ерекше ілтипаттарынан сезінудеміз. Ал, Мәкен апайым сияқты, өмірден түйгені көп, кейінгі жас толқын ұрпақтарға айтары мол, қазыналы қарттарымыз жасай берсін дегім келеді, өліге иман, тіріге береке берсін Жаратқан иеміз.
Тірі өледі, төсеніп жер жастығын, Аты өлмейді, өлсе де өзі жақсының дегендей, өткенімізді құрметпен еске алып, барымызды қастерлей білейік, ардақты ағайын!

Айтжамал НЫҒМЕТҚЫЗЫ.
Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар