Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Түйе палуан Темірхан - АРҚА АЖАРЫ

Түйе палуан Темірхан

«Жігітке жеті өнер де аз» деп дана халқымыз тегін айтпаған. Қазақ ертеден-ақ бетке мақтау айтпай, тек сырттай ғана жақтап, әр уақытта ер азаматқа еліне сіңірген ісіне қарап баға берген. Осы орайда, біздің өлкемізде де мақтауға тұрарлық азаматтар көптеп саналады. Солардың бірі – түрлі жарыстарда қазақ күресінен бірнеше мәрте жеңімпаз атанып жүрген Темірхан Ғайып.

Спортшының өмірбаянына тоқталатын болсақ, ол Қостанай облысының Жангелді ауданы, Аралбай ауылында 1994 жылы дүниеге келген. Әліби Жангелдин атындағы орта мектеп табалдырығын 2000 жылы аттап, 2012 жылы жақсы деген білім көрсеткішімен аяқтады. Оқушы кезінен үлгілі тәртібімен мұғалімдерінің ыстық ықыласына бөленді. Ол әжесі Мүгілсімнен мейірімділік пен отбасылық құндылықтарды бойына сіңіріп өсті. Әкесінен жауапкершілікті, еңбексүйгіштікті үйренді. «Әке балаға сыншы» дегендей, бала кезінде Темірханның бойындағы қасиетін байқаған әкесі оны мектептің спорт үйірмесіне береді.
Темірханның күреске деген қызығушылығын туғызған алғашқы бапкері Қайырбек Сағадат. Бізбен әңгімесінде жас спортшы: «Күреске қызыққаным сонша, үйіне барып жаттыққан кезім де болды», – деп балалық арманы мен ынтасын жігерлендірген ұстазының зор еңбегін атап өтті. Ол ұстазының қолдауы мен өз еңбегінің арқасында осындай дәрежелерге жетті. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ, спорттық сайыстарға қатысып, топ жарып жүрді.
Қазақ күресінен 60 келі салмақ дәрежесінде Қостанай облысының чемпионы болып, спорт шеберіне үміткері атағын 2015 жылы алды. 2015 жылы Қостанай қаласында өткен Президент турнирінде 60 келі салмақта екінші орынды жеңіп алды. Ал, жеңіл атлетикадан президенттік сайыстарда үнемі алдыңғы лектен көрініп жүрді. Арқалық қаласындағы Торғай гуманитарлық колледжінде оқуын тәмамдағаннан кейін облысымыздың Аршалы ауданының Михайлов орта мектебіне дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасты. Қазіргі уақытта осы мектепте еңбек етіп, сонымен қатар, шәкірттерін қазақ күресіне жаттықтыруда.
Темірхан кәсіби маман ретінде әрдайым өз кәсіби шеберлігін, біліктілігін арттырып, осынау ұлттық спорт түрінен жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. 2015 жылы Көкшетау қаласында өткен жарыста 66 келі салмақта бірінші орынды жеңіп алып, облыс чемпионы атанды. Үстіміздегі жылы Қостанай облысы Жангелді ауданында өткен жарыста Түйе палуан атағын алды.
– Өзімнен кейінгі інілеріме айтарым, жақсы жетістіктерге жету үшін, ең бірінші ынта-жігер, ықылас, нақты мақсат керек және қажырлы еңбек ету міндетті. Сонда ғана нәтиже шығады. Менің ұстанымым, спорттың биік шыңын бағындыру. «Сен де бір кірпіш дүниеге кетігін тап та бар қалан» деп Абай атамыз айтқандай, өмірден өз орнымды тауып, артымнан ерген жастарға үлгі-өнеге болатындай бапкер болғым, еліме адал қызмет еткім келеді. Болашақ спорт шеберлерін дайындап, «Қазақша күрес» ұлттық спорт түрінің дамуына үлес қосу – менің алдағы мақсатым, – дейді спортшы бізбен әңгімесінде.
Осындай бала өсірген, «Атаның баласы болма, халықтың баласы бол» деп тәрбиелеген спортшының ата-анасына да алғыс айтсақ, артықтық етпес. Жас ұрпақтың тәрбиесіне жастайынан ден қойсақ, олардан ертеңгі күні бір-бір білімді де білгір азамат шығатыны анық. Ел қамын ойлайтын отандастарымыз көп болсын!
Гүлзат ҚҰРМАНҒАЛИҚЫЗЫ.
Аршалы ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар