Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бейіс Хазірет - АРҚА АЖАРЫ

Бейіс Хазірет

Атбасар ауданының солтүстік өңіріне қарай Қалқұтан өзені мен Байжігіт сайы және Жалтыркөл маңында шағын ауыл бар. Бұл ауылдың атауы Бейіс хазірет деп аталады. Ауылдың бұлай аталуының өзіндік себебі бар. Өйткені, осы өңірде өз заманында атақты Науан хазіретпен бірлесе патша үкіметінің қазақтарды күштеп шоқындыруға арналған отаршыл өктем саясатына қарсы тұрып, олардың бұл ойын жүзеге асыртпаған қазақ тұлғаларының арасында осы Бейіс хазірет те болыпты.

Ертеде патша заманында бұл ауыл Рыстыбай, Арыстыбай, Тұлысбай деп сол кездегі ауылдың тізгін ұстарларының есімдерімен аталған екен. Патша үкіметінің отаршылдық саясаты өткен ғасырда күшейе түсіп, ішкі Ресейден көшіп келген орыс мұжықтары қазақ жеріне қоныс аудара бастады. Оларға жергілікті халықтың қарсылығына қарамай, жер берілді. Сол тұста бұл ауылға шебер қолды орыстың ұстасы Митрофан Дорошенко қоныс теуіпті. Ол қасындағы орыс мұжықтармен бірлесіп ағаштан үйлер салады. Сөйтіп, ауыл өзгеше күйге ене бастайды. 1879 жылы ауылдастары оның құрметіне жаңажайды Митрофановка деп атап кетеді. Бұл атау кеңес заманында еш өзгерместен тәуелсіздігімізді алған кезеңге дейін жетті. Жасыратын не бар, сол тұста ежелгі Атбасар өңірінде бірлі-жарым елді мекендерден басқалардың бәрі орыс тілінде аталатын.
1999 жылы Атбасар аудандық мәслихатының шешімімен ауылдың атауы өзгертіліп, Бейіс хазірет деп аталды. Сол жылдары хазіреттің құрметіне ас беріліп, жерлестері атап өткен болатын. Атбасар аймағында мұсылмандықты насихаттаған, Алласын аузынан тастамаған Бейіс Тәктенұлы 1849 жылы Баянауыл өңірінде дүниеге келген. Тегі орта жүз Арғын тайпасынан Сары Қозған руынан тарайды.
Ата-анасынан жастай жетім қалған бала жоқшылықтың тауқыметін тартып ер жетеді. Етек-жеңін жинап азамат атанған кезінде 1865 жылы Ташкент қаласындағы Көңілташ медресесіне оқуға барады. Кейін Бұқарада білімін жетілдіріп, жалғастырады. Осында 1870 жылға дейін оқиды. 1871 жылы Меккеге қоныс аударады. Ханафи мазхабы бағытындағы білімін шыңдайды. Жат елді жерсініп бой үйретеді. Сол жылдары Меккедегі Хамидия медресесіне түсіп, білім алады. Осында оқып жүріп Шафии мазхабының негіздерін үйренеді. Оқуын аяқтаған соң, Медине қаласындағы Махмудия медресесінде білімін жетілдіреді.
Білімге деген құштарлығы оны Каир қаласына жетелейді. Осы шаһарда Әл Азхар оқу орнын аяқтайды. Бұл уақытта арабтар Осман империясына бағынатын. Бейіс хазіреттің есімі сол кезде Биһишт әл Басари деген атпен кеңінен таныла бастайды.
1891 жылы қамал бұзар қырық жастан асқан кезде Уфа мұсылман мәжілісінің шақыруымен Ресейге келеді. Ресей империясының қол астына кіретін мұсылмандарды шоқындыруға қарсы тұрады. Сол уақытта ол Ресей мұсылман мәжілісінің белді мүшесі еді. 1897 жылы Қаратүбек деген жерде жергілікті қазақтардың қолдауымен медресе ашады.
Меккеде жүргенде ол Құнанбай қажы салдырған тәкиесінде тұрыпты. Меккенің әкімі Аун әл Рафиқпен жақын таныс, байланыста болған екен. Осы қарым-қатынастың арқасында Бейіс хазіреттің құрметіне Меккенің әкімі қажылыққа барған қазақтардан «Ксива» сыйлап жібереді екен.
Оның үстіне Осман империясының патшасы Абдул Хамид ІІ-ге Мемлекеттік думаның депутаты Шәймерден Қосшығұлов арқылы хат жазады. Түрік сұлтаны арқылы ІІ Николайға хат жіберткізіп, бауырлас қазақ халқының шоқындыру саясатына ара түсуді сұрайды. Осылайша солтүстік өңірлерде тұратын қазақтарды шоқындыруға қарсы шыққан ол, ақыр соңында көздеген мақсатына жетеді.
Кейін туған жері Атбасар өңіріне оралған соң, 1913 жылы Бейіс хазірет уездік татар оқушылары қоғамының мүшесі болады. Бұл уақытта бірінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан ел ішінде дүрбелең басталған кез еді. Патша үкіметіне қарсы болған Алаш қайраткерлерімен бірлесе отырып, ол Алаш үкіметін құрысуға көмектеседі.
Бейіс Хазірет 1917 жылы қайтыс болады. Сүйегі Атбасар ауданында жерленген. Оның өмірден өткеніне 100 жылдан асты. Осы орайда ұрпақтары Елордасы Астана қаласында хазіреттің рухына құран бағыштап, ол туралы жазылған кітаптың тұсаукесері де өткізілді.
Темірбек ҚАСЫМЖАНОВ.
Атбасар қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар