Өмір жүгін арқалап барады Ана!..

Жанымды езгілеген зілдей мұңды ауық-ауық дем алып, ауыр қозғалған пойыздың өзі әрең көтеріп бара жатқандай. Көрпемді қымтанып көз шырымын алайын дегем. Көз алдымда нәзікжандылардың мықшаңдап тауар тасыған, бір өзі сегіз сөмке сүйреп бара жатқан қарт ананың жан аярлық кейпі көлбеңдеп кетер емес. Көзімді тарс жұмдым. Астан-кестен көңілден ұйқы қашқан…

Сапарласым алпысты алқымдаған, көрген-түйгені көп орыстың кемпірі. Жол бойы өз тағдырын жылап айтып, өзін жақынырақ таныстырып жатыр. Сөйтсем, кезінде түкірігі жерге түспейтін қат мамандықтардың бірі геолог қызметін атқарған, оның үстіне белді бір қызметтің тізгінін ұстаған азаматша екен.
– Саналы ғұмырымыз бақытты іздеумен өтетіні өкінішті. Адамдардың қателігі өмірдің өткінші екендігін ұғына бермейтіндігінде. Мен де сондай сормаңдайдың бірімін ғой,–деп бастады ол әңгімесін жол қысқартпақ ниетпен.
– Ғұмыр бойы жолдасымыз екеуміз молшылықта өмір сүрдік. Қызмет бабымен бармаған жеріміз, баспаған тауымыз қалмады. Жолдасым өмірден өткеннен кейін қайғының қара бұлты басыма төніп, бірнеше етжақын адамымнан айрылдым. Кезінде әр балаға арнап сатып алған қаладағы көп пәтерлер бос қалды. Жалғыз сүйенішім немерем. Ол болса шетелде тұрамын деп елден кетпекші. Қарағандыға бара жатырмын. Үйренген ортам, көрші-қолаң, көзтаныс көп адам туғанымдай боп кеткен. Жүз мың теңге көлемінде зейнетақым бар. Қағажу күй кешіп жүрген жайым жоқ. Шет елде нем бар менің?,– дейді ол.
Мен үнсіз, бірақ зейін қойып тыңдадым. Әңгіме жол қысқартады демекші, таң бозарып атып қалғанын да байқамасам керек. Пыс-пыс етіп, пойыз да ұйқы сұрап шаршаңқы жүріп келеді. Беу, шіркін, дүние-ай! Бәз біреулер қаңырап бос қалған пәтерін уайымдаса, біздің аналарымыз, арба сүйреп жүрсе де, әр күніне шүкіршілікпен қарайды.
– Ыстық самса, тандыр нан, тәтті тоқаштар сатып алыңыз!, – деп вагонды басына көтеріп, купені жанай өткен жас қыз-келіншектердің дауысына еріксіз көңіл аудардым.
–Тәте, алма алыңыз. Бір келісі 300 теңге. Бір пакетінде 10 келі. Үш мың теңгеңізді бере қойыңыз,– деп көрші купедегі бір әжеге әлгінің бірі алмасын сатып жіберді.
Мен де қолымды қалтама жүгірте беріп едім жанымдағылар бірауыздан қазір Сарышағанға жетеміз, сол жердің балығы керемет тәтті болады, ақшаңды шығын қылма деді. Байқасам, пойыздың іші кішігірім сауда алаңы. Не сатпайды десеңізші, азық-түлік, киім-кешек, сырға-моншақ, жүзік, тіпті телефонға дейін сатады екен.
Көйлек сататын қыздар үстіне өздері саудалап жүрген көйлектерді киіп алып, жарнамалайды. Солардың бірі – Гүлдария.
– Бала күтіміне байланысты бір жылдай үйде отырдым. Негізгі жұмысым осы. Пойыздарға мініп, вагон аралап көйлек сатамын. Киім-кешекті Бішкектен тасимыз. Анам саудагер болған. Мен де соның жолын жалғадым. Үйді апталап көрмейтін күндер болады. Жуынып-шайынатын жер жоқ, отырып ұйықтап, жүгіріп жүріп жүрек жалғап аламыз әйтеуір. Мені сағат санап күтетін балаларымды қатты сағынамын, солардың бақыты үшін, жігерімді құм қылмай, мойымай ала дорбамды арқалап, вагон аралап сауда жасаймын. Ғұмырымыз осы пойызда өтіп жатыр, дейді ол ағынан жарылып.
Иә, шынтуайтында, сәл қиындыққа тап болса, заман мен өзгені кінәлауға құштар кейінгі жастарды көргенде адал өмір сүріп, еңбекпен нанын тапқан, замана жүгін арқалап жүрген осындай арулар ойыңа оралатыны бар. Жұмысы қиын болса да, еш кейімей, уақытпен санаспай, шаршадым, жұмысбастымын деместен, үйдің де, түздің де қамын күйттеп жүгіріп жүреді. Қыстың қақаған аязына төзіп, күздің қара суығына көндігіп, жаздың аптап ыстығына да шыдап баққан апайларымыздың арасында осылайша денсаулықтарын құртқандары қаншама. Шіркін-ай, қолдан келер дәрмен қандай! Бала-шағасының қамы үшін қос білегін сыбанып, пойызда сауда жасаған қазақ әйелдерінің басым көпшілігінің бәз тіршілігі осындай. Бірі жабырқау, бірі ызалы, бірі күнін көру үшін саудамен айналысатын апа-жеңгелерімізге қарап, түрлі тағдырдың куәгері боласың.
– Мен Қытайдан тауар сатып алуға бара жатырмын. Жолды дұрыс білмеймін. Алыс сапарға алғашқы рет шығуым. Пәтер жалдап тұрамыз. Балаларды асырау керек. Отағасының тапқан-таянғаны жетпейді. Базарда өзге біреудің затын сататынмын. Аяқтан өткен суықты білсеңіз ғой. Болашағымды елестетуге де қорқамын,– дейді Сәуле есімді саудагер қыз біздің әңгімемізге тұздық қосып.
Көрші купедегі жетпіске аяқ басқан әже намаз оқып отыр. Ол кісі де киім-кешек сатып алуға Қытай асып барады.
– Құлыным менімен жүр, мен осылай отбасымды асырап жүргеніме ондаған жыл. Зейнетақым 54 мың теңге. Қалада бұл ақша ма? Балам өмірден өткен. Ұлымнан қалған екі немеремді жеткізу үшін жасап жүрген амалым ғой, – дейді апа Сәулеге қарата айта отырып, өз сырымен бөлісті.
Пойыз. Вагон толы адам. Басым көпшілігі саудагерлер. Алма бетін күн қақтаған арулар. Жігері жасымағандары, өмірге ашынғандары бар.

… Әлі күнге дейін сегіз сөмке арқалаған ана көз алдымда тұрады. Ала дорбасын емес, өмір жүгін арқалап бара жатқандай ол!..

Ұлмекен Шаменова.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар