Дос туралы сөз

Сайлау құрдасым 63 жасқа толды. «Бұған жеткен де бар, жетпеген де бар» дегендей, аман-есен, абыройлы жүріп, әуелі асқаралы 60-ты бағындырды. Енді міне, парасатты Пайғамбар жасына да келіп отыр.

Осыдан бір мүшел жас бағдарында Шағалалы
ауылында алғаш танысқан, қыпша белді, ашаң жүзді келіншегі Дәметкеннің қолынан дәм-ауыз тиіп, алғаш төріне төрлеткен үйім осы Сайлаудікі болатын. Анасы Балғын: – Айналайын, аман жүрсің бе? – деп үнемі іш тартып, мейірім-шуағын төге қарсы алатын. Сонау бір жылы жазда Сәкең өз көлігімен ел аралатып, жер көргізіп, жолай кездескен ауыл-аймақ, жер-су аттарына қатысты әсерлі әңгіме өрбіте отырып, Ақан сері еліне (Қоскөл ауылы) апарған-ды. Ақан сері ескерткішіне тәу етіп, құдығынан су ішіп, сондағы түскен естелік суреттеріміз отбасылық құнды жәдігер ретінде сақтаулы. Сол сапарда Сайлаудың сыршыл шежіреші, өз өлкесінің өткен тарихын әсерлі әңгімелеумен бірге, әсем әнмен өрнектеуші әншілігіне де көз жеткізіп, тәнті болғанмын. Кейін басқа да қырларынан тани бастадым.
Бірде майдангер әкем жайлы естелік жазып едім, оқып көрші, – деді. Оқыдым, тұщындым. Жеңістің 60 жылдығына орай, «Қайран біздің әкелер» деген мақаласы облыстық баспасөз бетінде жарияланды. Бертініректе, – шешем жайлы естелігімді оқып көрші–деп келді. Артынша «Арқа ажарында» Балғын анамыз жайлы алғаусыз перзенттік ыстық ықыласқа, жүрек тебірентерлік жылы мейірімге толы сағыныш саздары жарық көрді. Осылайша ол ойы сергек, жады мықты, төселген, тәжірибелі қалам терберлік қарым-қабілетін байқатты.
…2012 жылдың күзі. Қыркүйектің шуақты күндерінің бірінде жұмыстан бірге қайттық. Жолай біздің жақында сатып алып, жөндеп кірген үйіміздің жанына келгенде ол маған:
–Кеше бір түс көрдім. Түсімде сен осы жаңа үйіңде көп қонақ шақырған екенсің. Кеңінен жайылған дастархан басында Әбділдә Тәжібаев, Әбдіжәміл Нұрпейісовтер бастаған кілең ығай мен сығайлар. Қақ төрде отырған ақсақалды кісіні Тұрмағанбет ата, – деп таныстырдың. Сірә, шығармашылығыңда табысты болып, абыройға жетесің-ау деймін, – деді. Мен тосылып қалсам да, көңілім көтеріліп, қуанып, «Жақсы түс жарым ырыс» – деген Сәке. Бір-біріміз жайлы түс көріп жүрсек, көңіліміздің түзулігі, пейіліміздің ақтығы болар. Жақсылық өзіңе де жұғысты болсын! – дедім шын көңіліммен толқып. Айтса айтқандай, 2013 жылы ақпанда «Текті сөздің төресі – терме» республикалық мүшәйрасында жүлдегер атанып, Алланың нәсіп етуімен сол жылдың наурызында тегін жолдамамен Үміра қажылыққа бару бақытына ие болдым.
Келесі жылдың сәуір айында «Қос таған» кітабым жарық көрді. Ал, мамыр айында Сайлау досым екеуміздің қызмет бабымен Қызылордаға жолымыз түсіп, Жосалының әкімі Асқар құрдасым Сәкеңе Сыр сүлейлері жыр-термелерінің дискісін, «Қармақшы таңы» газетінің бас редакторы Алтай құрдас Тұрмағанбет Ізтелеуовтың екі томдық таңдамалы шығармалар жинағын сыйға тартты.
Осы Қызылорда сапарынан Сәкеңнің үлкен әсер алып, тың толғаныстарға түскен сәттеріне де куәгер болдым. Соның бір-екеуіне тоқтала кетейін. Теміржол вокзалынан басталып, тура созылып «Тағзым!» алаңындағы мәңгілік от алауға барып тірелетін үлкен де кең көшенің Е.Н.Әуелбековтің атында екенін көргенде Сайлау досым тамсанып, таңданысын жасыра алмай шын ризашылығын білдірді. Ал, қармақшылық інім Мұхит өзінің республикалық «Қазақ елі» газетінде жарияланған «Чаглинка ма, Шағалалы ма?!» атты мақаласын оқып бергенде, сол газетті аттай қалап алып, өзімен бірге елге алып келіп, түрлі ортада әңгіме арқауы етіп жүрді. Сондай-ақ, Жалағашта аудандық оқу бөлімінің меңгерушісін бізбен мейрамхана дастарханында дәмдес қылып қана қоймай, ол жігітке аудан орталығындағы 6 мектептің директорларын кабинетіне мөрлерімен, сол жылғы мектеп бітірушілердің тізімдерімен жинап, бізбен кездестіруді құнттап тапсырып, ертеңіне өз қызмет көлігімен екі ауылдың мектебіне апарып, кездесу ұйымдастырған досым Серғазы Жалғасұлын бұл кісі осы ауданның әкімі болар дегені бар. Мен Серғазының аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы екендігін айтқанымда таң-тамаша қалып, басын шайқай берді. Не керек, сол жылы Қызылорда облысының Жалағаш, Қармақшы аудандарынан Шағалалы Агробизнес колледжіне «Серпін» бағдарламасы бойынша 75 оқушы қабылданды.
Ал, Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата кешеніне барып зиярат жасағанымызда, «Ақсақ қыз» жайлы аңызды тамсана тыңдап, фотоаппаратын Ақсақ қыздың оқшаулау тұрған мұнара-кесенесіне бағыттай берді. Сол сапарда Сәкең мамырдың аяғында сарығалдақ гүлге малынып тұрған жиде бұтақтарын сойдақ тікендеріне қарамастан құшырлана иіскеп, сыдырып алып, танауына тығындап, мәз болғанымен қоймай, паһ-шіркін, мына гүлдерден «духи» иісі аңқып тұр ғой! – демесі бар ма.
Сәкеңнің құдай қосқан қосағы – Дәметкен Шығыс Қазақстанның тумасы. Жыл сайын жазда екеуі қол ұстасып, Өскемен, Қатон-Қарағайлатып қайтады. Бұл жолғы Қызылорда сапары да досымның көңілінен шыққанына қуандым.
Бірде ұжым басшысы бәрімізді суыт жинап алып, әріптесіміз Шырынкүл Тойғанбаеваға (аты-жөні өзгертіліп алынды) қатты шүйлікпесі бар ма?! Осылай да, осылай, Сіздің бұл істеген әрекетіңіз біздің ұжымға үлкен нұқсан келтіргелі тұр. Сондықтан, арызыңызды жазып, өз еркіңізбен жұмыстан кетпесеңіз, Еңбек Кодексінің тиісті тармағы бойынша жұмыстан шығаруға мәжбүр боламын, – деп тоқтады. Осыған байланысты пікір айтқан бірер әріптесіміз де, – бұл заңсыздық қой, – деп істің қара бояуын қоюлата түсті. Осы сәтте қол көтеріп сөз алған Сайлау аса байыпты да байсалды қалыпта сөз саптап. – Көріп отырсыздар ғой. Біз бәріміз жабылып, Шырынкүлді жардың басына апарып қойдық. Ол болса құзға құлағалы тұр. Кемшілік кімде жоқ. Тіпті, заңгерлер мен депутаттар да заңды бұзады емес пе! Өмір болған соң солай. Бәріміз де періште емес, пенделерміз. Әріптесіміздің жіберген қателігін кешіріп, оған қол ұшын беруіміз қажет. Жол ортасына келген кісіні жардан итермейік, ойланыңыздар! – деп салиқалы ой, салмақты пікір айта алды. Қызбаланып тұрған басшымыздың да райынан қайтқаны байқалып, іс аяғы насырға шаппай оң шешілді, әйтеуір.
Осы жерде Шағалалы агробизнес колледжінің жоғары санатты аға оқытушысы, 2006 жылы ел тәуелсіздігінің 15 жылдығына орай, Елбасының арнайы қабылдауында болған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің маманы Сайлау Кәрібайұлы Ыбыраевтың қызмет бабындағы жеткен жетістіктері мен табыстарын тізбелеуді мақсат етпей, оның жеке тұлғалық адами сипаттарын аз-кем сөз еткен жайымыз бар.
Айтпақшы, Қызылорда өңіріне барғанда Сәкең Сыр бойының жыр-термелерін еліте тыңдауымен бірге, арасында өзі де Арқаның асқақ әндерін нақышына келтіре орындап, менің жерлестерімді тәнті етті. Бір-екі жерде жыр-терме айтуға құлағы бостау келтірілген домбыраны қайта күйге келтіріп жатпастан, «Балқадиша» мен «Маңмаңкерді» сүйемелдеусіз-ақ айтып, жиналған ортаның ду-ду қошеметіне бөленді. Әлі күнге хабарласқандар амандығын сұрап, сәлем айтып жатады.
Айтқандай, Сайлау құрдасымның жақында, оңашада «мен бір құран аяттарын жаттап едім, тыңдап көрші, дұрыс оқи алар ма екенмін», – деп қуантқаны да бар.
Ежелден ел арасында егде кісілерге қарата «жақсы қартайыпты» деп айтылатын сөз бар ғой. Қазіргі кезде ғой, «қартаймапты, әлі жап-жас» деп алдаусыратып жүргеніміз. Табиғат өз дегенін орындаса керек-ті.
Иллаһим, ретімен, орнымен қарттыққа қол артып, абыройлы ақсақал бола алсақ қой, шіркін. Бүгінгі күні Пайғамбар жасына жетіп екі ұл, бір қыздан немере-жиен сүйіп, құда-құдағи десісіп, құйрық бауыр жесісіп отырған Сайлау досыма жан жарың Дәметкен екеуіңнің көрер қызығың ортаймасын, шөбере сүйіп, сау-сәлемет, ұзақ ғұмырлы болып, ұрпақтарыңмен мың жасаңдар! – демекпін.
Тынымбай ДОСБАТЫР,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Зеренді ауданы.

Суретте: (солдан оңға қарай) Сайлау Ыбыраев, Орал Рахымов және Тынымбай Досбатыр.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар