Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ер адамның бедеулігі. Ол – ұлт болашағына қауіпті! - АРҚА АЖАРЫ

Ер адамның бедеулігі. Ол – ұлт болашағына қауіпті!

Айкүн мен Арман жора-жолдастарының үйіне барса, олардың шуылдаған балаларының қылықтарына қызыға қарап, айналып-толғанып кетеді. Тіпті, кей кездері мереке-мейрамдарда туғандары мен достарының балаларын өз үйлерінде алып қалуға өздері сұранып тұрады. Ет жақын бауырлары мен жолдастары өздерінің ұл-қыздары дүниеге келгенде ырымдап, кіндік шеше-кіндік әке де етті. Сол кіндік балаларының асты-үстеріне түсумен келеді. Айкүннің қайын енесі мен анасы қазақта бар ырымның барлығын жасап көрді. Алладан үміттерін үзген емес.
Айкүннің анасы қызының бала көтермей жүргеніне алаңдап, неше түрлі емші-тәуіптердің телефондары мен мекен-жайларын да алып берді. Ол біріне барса, енді біріне хабарласпады да. Себебі, барлығының айтары бір, «сенің балаң болады, тек күйеуіңе емделу керек». Ол өмірлік серігі – Арманға емшілерге барып келген сайын дәрігерге барып тексерілуін, қазіргі заманда медицина саласының дамығандығын, туындай қалған кез-келген мәселенің бір шешілетін ұшы барын, оған намыстанудың қажеті жоқтығын қаншама айтып, түсіндірсе де, күйеуі «менің тұқымымда баласыз өткен еркек кіндікті жоқ, сондықтан, кінәрат менен емес. Өзің емделіп алшы, сосын барлығы болады» деумен жүре берді. Айкүн қаладағы әйелдер консультациясынан бастап, барлық жекеменшік клиникалардың табалдырығын тоздырғалы қашан. Барлығы да оның анализдері дұрыс, бала көтеруге мүмкіндігі бар екендігін анықтады. Сол анализдерін күйеуіне көрсетіп, тіпті, дәрігерге көрінуіне қанша жалынса да, бармады. Айкүн күйеуіне дәрігерге көріну керектігін өзінің ең жақын жолдастары, өзінің туған бауырлары, тіпті, қайын енесі арқылы да айтқызып көрді. Алайда, барлығы нәтижесіз.
Жаңа жылдың қарсаңы еді. Айкүн Арманға: «Ертең екеуіміз осымен сегізінші жаңа жылды бірге қарсы аламыз. Үйде екеуден екеу ғана отырғанша, ауылдағы ата-анамызға барып, туған-туыс, бауырларымызбен қарсы алсақ қалай болады?» деді. Арман ауылға баруға келісіп, екеуі орталық базарға барып, жаңа жылдық сыйлықтар мен дастарханға қоятын азық-түлік, кішкентайларға тәттілер алмақшы болып, орталыққа шықты.
Машиналарын автотұраққа қойып, енді базарға кіре берер тұста, алдарынан сығанның кемпірі шығып, «сендердің балаларың жоқ екен, келіңдер мен бал ашып берейін, жолдарыңды ашамын, балаларың болады» деп екеуінен қалар емес. Арман сенбеді, бірақ, Айкүн тоқтаған соң, амалсыздан олардың қасына барып, тыңдап тұрды. Әлгі сыған кемпір келіншегіне: «Сендерде барлығы бар, үй, жұмыс, ақша. Достарың мен туыстарың да көп. Бірақ, адамның бақыты баламен. Қызым, сенде ешқандай кінәрат жоқ. Барлығы мына күйеуіңе байланысты. Дәрігерге апарып, емдет. Емделсе, бір жылдан кейін ұлың болады» деді. Арман: «әлгі кемпірдің сандырағы не? Мені белсізсің деп тұр ма? Жоқ, мен ешқайда да бармаймын. Ауылға да, дәрігерге де» деп ашуланып, машинаға қарай кетіп қалды. Сөйтіп, олар базарға кірместен, үйлеріне қайтты. Жаңа жылды екеуі ғана қарсы алды. Тіпті, қаладағы бауырларына да, дос-жаранға да бармады. Арман бір ай бойы әлгі кемпірдің айтқанынан есін жия алмады. Дәрігерге баруға қаншама дайындалса да, «егер менің анализ тапсырып жүргенімді бір таныстарым көріп қалса, не істеймін? Ал, егер тіпті,
менің анализдерім дұрыс болып шықса, онда Айкүн екеуіміз мүлдем баласыз өтеміз бе?» деп, көп ойланды. Өздерімен қатарлас үйленген жолдастарының қазір төрт баласы бар. Соларды көргенде ет-жүрегі елжіреп, ішін өксік кернейді…
Күндер өтіп жатты. Жұмыс кезінде Арман жеке мәселелерім бар еді деп, бірнеше рет жұмыстан сұранды. Жекеменшік клиникаға барып, дәрігерге көрінді. Шынымен де, кінәрат өзінен болып шықты. Бір жылдан астам уақыт емделді. Дәрігердің емі аяқталған соң, үш айдан кейін келіншегінің ащыға тәбеті ашылып, тұздалған балық, қияр, шұжық секілді тағамдарды сұрай бастады. Айкүн бұл өзгеріске өзі де түсінбей қойды. Бір күні жұмыста отырып, Айкүннің басы айналып кетті. Жедел жәрдем келіп, ауруханадан бір-ақ шықты. Мамандардың тексерісінен кейін ол өзінің екіқабат екенін біліп, мұны Арманға айтқанында, оның да қуанышында шек болмады. Бірақ, ұлы дүниеге келгенше, Арман дәрігерге барып емделгені жөнінде жарына да, басқаға тіс жармады.
Міне, Арман мен Айкүннің шаңырағына бақыт келді. Ер адам шаңырақтың жылуын сақтайды, әйел жарық сыйлайды, ал, бала бақыт ұялатады. Немерелері дүниеге келгенге қуаныштарында шек жоқ ата-аналары артынан әлі де қара домалақтар ерсін деген ырыммен Жалғас деп атын қойды…
Бұл бір ғана отбасының басынан өткен оқиға. Ал, мұндай жағдайға душар болып отырған жас отбасылар қаншама. Бір-біріне қолдау білдіріп, екеуі бірдей емделудің орнына, әйел байғұсқа барлық кінәні артып, айырылысып жатқан ер азаматтардың да бұл жерде кінәсі бар екенін ұмытпауымыз қажет.
«Ұлы сөздің ұяттығы жоқ» демекші, бүгінде ерлер арасындағы белсіздік немесе бедеулік дерті өткір мәселеге айналып отыр. Қазақ халқының менталитеті болар, ер адамдар мұндай мәселемен дәрігерге баруды өздеріне ұят санайды, тексерілуге арланады. Соның салдарынан қаншама қыз-келіншектер өздерін кінәлі санап, психологиялық тұрғыдан жапа шегеді. Тіпті, біреулері бала болмаған соң, бес-алты жыл ішінде ажырасып, басқа біреуге тұрмысқа шығып, мына жарық дүниеге сәби әкелуде. Осылай дер кезінде дәрігерге көрініп, емделмеген ер азаматтар өздерінің бақ құстарын жоғалтып алғандарына өкіне ме екен деп те ойлайсың. Осының салдарынан қазіргі таңда «бедеу неке» деген ұғым жиі қолданылатын болды.
Бұқаралық ақпарат құралдарындағы статистикалық мәліметтерге жүгінсек, елімізде бедеулік көрсеткіші жыл сайын 15 пайызға артып отырады екен.
Бүгінде республика бойынша 350 мыңнан астам отбасы бала сүю бақытынан айырылған. Осы орайда, облыстық аурухананың урологиялық бөлімшесіне хабарласып, ондағы мамандардың да ой-пікірін сұрап, білдік. Дәрігерлердің айтуынша, еліміздегі ер азаматтардың әрбір бесінші, алтыншысы ұрпақ өрбітуге дәрменсіз екен, яғни, урологиялық ауруларға ұшырау себебінен бедеулікке тап болып отыр. Қазір кез-келген әрбір екінші және үшінші ер адамның бірі простатитпен ауырса, жас жігіттеріміздің басым бөлігі жыныс мүшесінің түрлі ауруларына және бүйрек дертіне шалдыққан. Өйткені, ерлер әйелдерге қарағанда дәрігерге үш есе аз көрінеді. Соның салдарынан ауру алғашқы кезеңінде анықталмай, асқынып кетіп жатыр. Оның үстіне әртүрлі әлеуметтік мәселелер де ер азаматтардың денсаулығына кері әсерін тигізуде.
Айта берсек, ерлердің денсаулығына қатысты проб-
лема көп. Соңғы уақытта бұл мәселеге мемлекет тарапынан да назар аударылуда.
–Бұрын бедеулік, белсіздік дертіне 45-50 жас аралығындағы азаматтар шалдықса, қазіргі күні 25-30 жастағы жігіттер де ұшырап жатыр. Оған себеп – экологиялық жағдайдың нашарлығы, салауатты өмір салтын дұрыс ұстанбау, жыныстық қатынасқа ерте түсу, кездейсоқ жыныстық қатынастардың көп болуы, инфекциялық аурулар. Осының барлығы ер азаматтарды белсіздікке ұшыратады. Сонымен бірге, қазір жігіттердің басым бөлігі спортпен айналыспайды, артық қозғалмайды. Оған қоса, қоғамда инфекциялық, вирустық аурулар өршіп тұр. Көпшілігі өздерінің түрлі инфекция таратып жүргендерін байқамайды. Сондықтан, ер азаматтар, оның ішінде жастар кездейсоқ жыныстық қатынас кезінде арнайы сақтану құралдарын пайдалану керек. Қаралуға келген азаматтардың барлығына да осы мәселені ашық түрде айтамыз. Бұл айтуға ұят нәрсе емес. Керісінше, сақтану арқылы түрлі аурудан қорғануға болады. Себебі, бүгінде аурудың түрі көп, әрі ол ауру түрлері жыл өткен сайын жасарып барады. Азаматтар мүмкіндігінше жылына бір немесе екі рет медициналық тексерістен өтіп тұрғаны абзал, – дейді облыстық аурухананың урология бөлімшесінің меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер Абай Қасымов.
Дәрігердің айтуынша, урологиялық аурулардың жиі таралуына қазақ халқына тән ұяңдық та өз әсерін тигізіп отыр. Жасөспірімдердің көпшілігі ауруын байқаса да айтуға ұялып, жасырып жүреді. Сөйтіп, ауруды асқындырып алады. Бұл жас отбасылар арасындағы бедеуліктің көбеюіне әкеліп соғады.
Мәселен, жастар некеге тұрғаннан кейінгі бір жыл ішінде әйел жүкті болмаса немесе екі жыл ішінде сәби сүймесе, ол бедеулік болып есептеледі. Қазір «ерлер бедеулігі» деген термин де дүниеге келді. Еліміздің медицина саласына жаңа технологиялар енгізіліп, ауруды ерте анықтаудың түрлі әдістері қолданыла бастады.
Қазір бедеулік мәселесі ер мен әйел, яғни, екі жақтан да қарастырылады. Ал, белсіздік дерті тек урологтардың мәселесі болып қалмай, үлкен әлеуметтік алаңдаушылық туғызуда.
– Соңғы 2-3 жылдың ішінде гендерлік саясат негізінде жыл сайын облыс орталықтарында еліміздегі басты урологиялық ғылыми орталықтың ұйымдастыруымен әр аймақта «Ерлер денсаулығы мектебі» күндері секілді шаралар өткізіліп тұрады. Қазақстанның бас урологы Мырзакәрім Алшынбаевтан бастап, басқа да андролог, кардиолог, урологтар келіп екі-үш күндік дәрістер өткізеді. Ер азаматтармен жеке кездеседі. Бұл шаралар облыстық аурухананың базасында өткізіледі.
Әр аймақта «Ерлер денсаулығы және отбасылық өмірдің ұзақтығы орталықтары» ашылып жатыр. Мұндай орталық облыстық аурухананың емханасында ағымдағы жылдың қаңтар айының аяғында немесе ақпан айының бас кезінде ашылып, өз жұмысын бастайды. Қазір орталықты жоспарлап отырған нысанда жөндеу жұмыстары, тиісті құрал-жабдықтарды орнату секілді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Оның мақсаты – урологиялық аурулардың алдын алу, ерлер арасындағы бедеулік пен белсіздікті азайту. Аталмыш орталық енді қала және аудандардың тұрғындарына квота бойынша медициналық тегін көмек көрсететін болады. Ол автоматты ақпараттық жүйе арқылы жұмыс істейді.
Біз мұндай орталықты алғашқылардың бірі болып ашып отырмыз. Жалпы, ер азаматтар 15 жастан бас-тап өздері үшін денсаулықтарын жылына бір рет тексертіп тұрғандары дұрыс. Аудан орталықтарында урологтар болмаса, терапевт секілді мамандарға барып, көрінулеріне болады, – дейді Абай Алпысбайұлы.
Қай кезде де ер азаматтарға жүктелетін жауапкершілік жүгі мол. Қазіргі әртүрлі әлеуметтік мәселелер де ерлердің психологиясына кері әсерін тигізуде. Оның үстіне ер азаматтарда простата безінің қабынуы, эректильді дисфункция секілді ауруға шалдығу да белең алып кетті. Бұл аурулар – бейжай қарап отыруға болатын жеңіл ауру емес, ұрпақ өрбітуге тікелей қатысы бар дерт. Сондықтан, жылына бір рет уролог маманның кеңесін алып отырғанның артықтығы жоқ. Оның барлығы ер азаматтардың өздерінің болашағы, ұрпағы үшін қажет.

Ырысалды Шамшиева

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар