Көп науқастар донорлық көмекке мұқтаж
Бүгінгі таңда «Медициналық қызметкерлердің құқықтарын қорғау» республикалық қоғамдық бірлестігі 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында ағзаларды трансплантациялау жобасын жүзеге асыруда. Осыған орай, Астана қаласындағы «Ұлттық ғылыми онкология және трансплантология орталығы» акционерлік қоғамының бас маманы, жоғары санаттағы дәрігер Ғани Құттымұратовқа жолығып, әңгімелескен едік.
– Ғани Мұратұлы, алдымен ағзаларды трансплантациялау тарихынан хабардар етсеңіз.
–Ағзаларды трансплантациялау, яғни ауыстырып қондыру – сырқатты емдеудің басқа әдістері нәтижесіз болған жағдайда қолданылатын жалғыз әдісі. Ағзаларды, оның ішінде бүйректі ауыстыру отасы алғаш рет осыдан 60 жылдай бұрын сәтті жасалды. Қазір көптеген дамыған елдерде бүйрек ауыстырып салу күнделікті тәжірибеде қолданылатын ота болып табылады. Қазақстанда бүйрек ауыс-тырып салу әдісі 1980 жылдан қолданыла бастады. Бүгінге дейін жүздеген ота жасалды. Біздің елімізде бүйрегін ауыс-тыруды қажет ететін мыңдаған пациент барын ескерсек, салыс-тырмалы тұрғыда бұл, әрине, жеткіліксіз көрсеткіш.
– Олай болса, Қазақстандағы трансплантологиялық қызметтің бүгінгі күнге дейінгі жетістіктерін атап өтсеңіз.
– Жыл сайын елімізде шамамен 130 адамға бүйрек, 16 адамға бауыр және 2-3 адамға жүрек
ауыстырылып салынады. Олардың ішінде 2 пайызы ғана мәйіттік донордан алынған ағзалық мүше. Қазіргі уақытта елімізде әртүрлі мүшелерді ауыстырып салу бойынша жұмыс істейтін 7 клиника бар. Операциялық жабдықтар мен жақсы мамандар да жоқ емес. Донорлық ағзаға зәру болып отырған, соңғы үмітін соған артып отырған мыңдаған науқастармен салыстырсақ, бұл әрине, өте аз.
– Сонда қанша науқас донорға мұқтаж? Сырқат жандар отаға кезекпен, белгілі бір тәртіппен, талдау нәтижелерінен кейін жіберілетін болар?
– Бұл тізімде шамамен 6-8 мың адам бар. Нақты санын айту мүмкін емес, себебі, олардың көбі өз донорын күте-күте о дүниеге аттанады, ал, олардың орнын жаңа науқастар басады. Науқастардың бір бөлігін мемлекет Ресей, Беларусь елдеріне жібереді. Ол жақта мәйіттік донорлардан трансплантация жасау жақсы дамыған. Әрі бұл оталар мемлекеттік бюджеттен төленеді. Кейбіреулер өз қаржысына, мысалы, Пәкістанға, Үндістанға барып емделеді. Айталық, шетелде бір адамның бүйрегін
ауыстырту үшін ел қазынасы 55-80 мың долларға шығынданады. Ал, бауыр ауыстыру 120-200 мың долларға дейін барады. Өз елімізде, мысалы, бүйрек ауыстыруды қажет ететін 3000-ға жуық науқас бар, солардың бір-екеуі ғана донор бүйрегін ала алады. Себебі, соңғы екі жылда елімізде бүйрек тірі донорлардан ғана ауыстырылып салынады. Негізінен, науқастарға олардың жақын туыстары донор болады.
– Жалпы, адам донорлық бүйрекпен неше жыл өмір сүре алады?
– Донор бүйрегімен он жылдан астам тәп-тәуір өмір сүріп келе жатқан пациенттеріміз бар. Әлемдік көрсеткішті алып қарасақ, ауыстырылған бүйрекпен өмір сүрудің орташа көрсеткіші – 12-15 жыл. Тірі донорлар, олар көбіне пациенттің туыстары, донор болуға шешім қабылдамас бұрын, моральдық тұрғыда дайын болуы керек. Бұл үшін дәрігерлермен алдын ала әңгімелесуден өтеді. Дәрігерлердің ешқайсысы донорды науқасқа бүйрегін беруге күшпен көндірмейді. Барлық донорлар дәрігерге трансплантация үшін бүйрегін алуға ерікті келісімін бергендігін растайтын, нотариалды куәландырылған құжатын алып келеді.
– Тірі донордың денсаулығына бұл қаншалықты зиян?
– Біздің донорларымыздың бәрі де қазір аман-сау, ешқайсысы да мүгедек болып қалған жоқ. Әрине, қауіп бар, ол туралы дәрігер алдын ала ескертіп, түсіндіреді. Бірақ, әлі ондай жағдай болған жоқ. Бізде тіпті бүйрегі ауыстырылғаннан кейін бала көтеріп, аман-есен босанған әйелдер бар. Ал, бауырдың тіпті регенерациялану қасиеттері бар. Отадан екі ай өткен соң-ақ бауыр қалпына келе бастайды да, бір жылдан кейін толық қайта өсіп шығады.
– Трансплантология бойынша Қазақстандағы заңнамалық база жеткілікті ме?
– Заңнамалық базаның жетілдірілмеуінен, елімізде трансплантология саласында өлік бүйрегін ауыстыру жағдайы болған емес. Донор-туыстары жоқ науқастар шетелге барып, өте қомақты қаржыға өліктен орган ауыстыруға мәжбүр. Біздің еліміз ондай науқастарды өлік-донордан бүйрек ауыстырып салу үшін мемлекет бюджеті есебінен квота бойынша Беларусь Республикасына жібереді. Бірақ, квота бойынша жіберілетін науқастардың саны өте аз, оншақты ғана. Қалған науқастар баяу және жанын жегідей жеген сырқаттан шарасыз күйде өмірмен қоштасуға мәжбүр. Басты мәселе жарамды өлік ағзаларының жеткіліксіздігінде болып тұр. Қайтыс болған адамның туыстарының ешқайсысы басқа адамға салу үшін оның ағзаларын алуға келісім бермейді. Сондықтан, бұл мәселені шұғыл және тиімді шешу, сөйтіп, донор ағзаны жылдап күтетін науқастар өмірін құтқару қажет.
– Бүйрек трансплантациясы, жалпы, ағзаларды трансплантациялау әдісінің болашағы қандай?
– Дамыған елдерде трансплантология әдісін тереңірек зерттеп, дамытуға ұмтылыс зор. Трансплантация науқасты қоғамның толыққанды мүшесі етіп оңалтуға мүмкіндік береді. Пациент қандай да бір ағзасын
ауыстырып салғаннан кейін жұмыс істей алады, отбасын құрып, балалы бола алады. Мемлекет үшін науқас ағзаларының ауруларын ұзақ емдегеннен гөрі трансплантологияны дамыту тиімді. Осыған орай, елімізде трансплантология әдісін дамыту ауадай қажет.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбатты жүргізген
арнаулы тілшіміз Байқал БАЙӘДІЛОВ.