Целиноград ауданының бас имамы Әбілхан қажы Балтаұлы ауыл имамдары мен белсенді қоғам мүшелерінің басын қосып арнайы жиын өткізді. Онда қайтыс болған кісіні жерлеу рәсімін өткізудегі ысырапшылдыққа жол бермеу мәселесі талқыланды.
Қазіргі кезде қайтқан кісіні жөнелту, оның жетісін, қырқын, жылын беруде үлкен ысырапшылдыққа жол беріліп жататындығы белгілі. Қасиетті Құранда ысырапшылдықты Алла ұнатпайды деген арнайы аяттың барлығына, ислам дінінде ысырапшылдықтың күнә саналатындығына қарамастан, қазақы дәстүрді желеу етіп, қайтыс болған адамды жерлеу рәсімдерін тойға бергісіз етіп өткізу дәстүрге айналған. «Ысырап» сөзі араб тілінен енген, яғни текке шашу, шектен шығу деген мағынаны айқындайды екен. Бұл харамдыққа жатады. Сондықтан, Құран Кәрімде харам сөзі 71 рет ескерту ретінде айтылған. Жалпы, шариғатта рұқсат етілмегеннің бәрі харам болып есептеледі.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Жаназа және жерлеу рәсімдері» атты таяуда жарық көрген кітабында бұл жөнінде жан-жақты айтылады. Өліге құрмет көрсету, арулап аттандыру – шариғат талап еткен іс. Міне, осы кітапта жаназа мен жерлеу рәсімдерінің шарттары талқыланып, оны қалай орындау қажеттігі жөнінде нұсқаулар берілген. Соған сәйкес, облыстың Науан Хазірет атындағы мешітінің имамдары, «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігі, Көкше ардагерлерінің кеңесі ысырапшылдыққа жол бермеу, кісі жөнелту, ас берудің жөн-жобасы жөнінен облыс тұрғындарына Үндеу жариялап, бірлескен шешім қабылдаған болатын.
Аудан имамы өткізген жиында осы мәселе сөз болып, ысырапшылдыққа жол бермеу жайында әңгіме қозғалды. Сонымен бірге, қайтқан адамның басына зәулім кесене тұрғызу да шариғатқа жат нәрсе. Бұл да ысырапшылдықтың бір түрі саналады. Кейбіреулер он адамға қабір көтеруге жететін жерді алып, зәулім зират тұрғызып жатады. Осы орайда, бұл мәселені реттеуге аудан әкімдігі мен мешіт төралқасы қатаң назар аударатын болды.
Целиноград ауданының бас мешітінде өткен осы аталмыш жиында да бұл шешім құпталып, көпшіліктің ұсынысымен нақты ортақ келісімге қол қойылды. Дастарханға ұсынылатын тағам түрлері бекітілді. Әсіресе, кәмпит атаулының бәрі бірдей халалға жатпайды. Кейбіріне коньяк қосылса, мармелад атаулыға шошқа майы араластырылады. Шұжықтың құрамында да шошқа майы болады. Сондықтан, дастархан мәзіріне жете көңіл бөлінуі қажет.
Қайғыны бөліссең – азаяды демекші, бұрынғы аталарымыз қазалы үйге 3 күнге дейін қазан көтертпеген. Қазіргі ағайындарымыз бұл қағиданы мүлдем естен шығарып алған. Мәйітті бірнеше күн жатқызып қойып, келген кісілерді күтумен, қайта-қайта дастархан жаюмен әуре-сарсаңға түседі.
Жиында осы мәселеге байланысты бәтуа қабылданып, ауыл имамдары қабылданған жалпыға бірдей Үндеу мен шешімді түсіндіруді қолға алатын болды.
Жанат ТҮГЕЛБАЕВ.
Целиноград ауданы.